Талдықорғанда Arhcode мобильдік қосымшасы таныстырылды

«Аркход Жетісу» жобасының үйлестірушісі Талғат Шідербаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы модернизациялау», соның ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге аясында «Аркход Жетісу» жобасы Алматы облысының тарихи мұрасын цифрлық таратудағы жарқын элементінің бірі болмақ.

«Талдықорғанды басқа қаладан өзгеше көрсететін ғимараттардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қала әкімшілігінің назарын аударғымыз келеді. Сонымен қатар қаламыздың архитектуралық ландшафтын электронды түрде мұрағаттаймыз. Бұл бізден кейінгі адамдарға да қолжетімді болады», — деді жобаның үйлестірушісі Талғат Шідербаев.

Ескерткіштердің 3D моделін электронды түрде сақтауға, басып шығаруға және 3D форматта пайдалануға болатындай етіп шығару үшін арнайы зерттеу жүргізілген. Аталған сынаққа Талдықорғанның символы — Жетісу ықшамауданында орналасқан айналма таңдалған.

Жобаның негізгі идеясы — тарихи ғимараттардың сақталуы және оларды облыстың тарихи-мәдени мұраларының нысандарының тізіміне енгізу. Қазіргі уақытта жобада 11 нысан көрсетілген. Жоба сайтында туристік маршрут үшін қызық нысандарды қамтитын карта бар.