Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасының президенті Серджо Маттареллаға көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қазақстан Президенті Италияның солтүстігіндегі Генуя қаласында автожол көпірінің опырылуы салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қазақстан халқының және жеке өз атымнан ауыр қайғыға ортақтасып, қайтыс болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына, сондай-ақ бүкіл Италия халқына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.
14 тамыз күні Генуя арқылы өтетін автожолдың 200 метрлік тірегі опырылып, қоймалар мен теміржолды басып қалған еді. Төтенше оқиға кезінде көпірден 30-дан астам автокөлік өтіп бара жатқан. Соңғы мәлімет бойынша апат салдарынан 40-қа жуық адам қаза болды. Іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Генуяда екі тәулікке қаралы күн жарияланды. Оқиға куәгерлері көпірге найзағай түскенін айтты.