ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылғы 1 шілдеге еліміздегі халық саны 18 272,4 мың адамға жетті, соның ішінде қалалықтар – 10 529,1 мың (57,6%), ауылдықтар – 7 743,3 мың адам (42,4%) болды. 2017 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3%-ға өсті.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2018 жылғы қаңтар-маусымда туғандар саны 192,7 мың адам болды, бұл 2017 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,8%-ға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 21,26 сәби болды.
2018 жылғы қаңтар-маусымда республика халқының табиғи өсімі 2017 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 3,3 мың адамға немесе 2,7%-ға көбейіп, 125,9 мың адам болды. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,89 болды.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 66,8 мың адамға жетті, бұл 2017 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 0,1%-ға көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,37 болды.
2018 жылғы қаңтар-маусымда республикада 1 жасқа дейінгі 1 626 нәресте өлімі тіркелді. 2017 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 1,3%-ға көбейді.
Нәрестелер өлім-жітімінің негізгі себебі — перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, бұдан 2018 жылғы қаңтар-маусымда 782 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 48,1%-ына тең болды. Туабітті ауытқулардан 328 (20,2%), тыныс органдары ауруларынан 124 (7,6%), инфекциялық және паразиттік аурулардан 86 (5,3%) және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан 73 немесе 4,5% нәресте қайтыс болды.