Қазақстанда халық саны 18,2 миллионнан асты

Қала тұрғындарының саны 10 млн 492,2 мың адамды немесе жалпы халықтың 57,5 процентін құраса, ауылдық жерде тұратын адамдар саны 7 млн 739,8 мың адамға жетті. Бұл — ел халқының 42,5 проценті.

2018 жылы қаңтар-сәуір аралығында республикада 1 жасқа дейінгі 1095 сәби шетінеген (былтыр — 1054). Бұл — былтырғыдан 3,9 процентке көп. 2018 жылдың төрт айында сәбилердің шетінеуі жаңа туған 1000 нәрестеге (8,68) шаққанда 8,81 жағдайды құрап отыр.

2018 жылдың қаңтар-сәуірінде 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 25,1 процентке азайып, Қазақстаннан кеткен адамдар саны 20,8 процентке артқан. Негізгі миграциялық алмасу ТМД елдерімен болып отыр. ТМД елдеріне келгендер мен кеткендердің саны сәйкесінше 77,3 және 88,8 процентті құрайды.

Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 24,9 процентке азайды. Өңіраралық көшіп-қонудың оң сальдосы елдің төрт өңіріне — Алматы (12 013 адам) және Астана (3699 адам), Маңғыстау (48 адам) және Ақмола (39 адам) облыстарына тиесілі.