Биыл көмір тапшылығы бола ма?

Қабылданған шаралар қорытындысы

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитетінің хабарлауынша, 2017-2018 жылу маусымында көмір тапшылығы мен оның бағасының өсуі фактіcі бойынша үш көмір өндіретін компания мен 96 бөлшек-көтерме жеткізушіге қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 21 тергеу басталған.

Қазіргі уақытта 20 тергеу аяқталды. Оның ішінде 12 жағдайда 50 субъектінің заңбұзушылыққа жол бергені расталды:

  • ШҚО-да көмір нарығында көтерме жеткізушілердің экономикалық іс-әрекетін үйлестірумен айналысқан «Қаражыра» АҚ көмір өндірушіге қатысты тергеу;
  • 10 өңірде (Астана, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, СҚО, Түркістан облыстарында) бағаны өсіруге байланысты келісілген іс-әрекеттерді жасауына немесе картельдер жасасуға күдікті ретінде 49 көтерме-бөлшек көмір жеткізушіге қатысты 11 тергеу.

Монополиялық кірісті ескерумен әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 299 миллион теңге болды. Қазіргі кезде оның 47,4 миллион теңгесі төленді. Қалған айыппұл сомасына қатысты әкімшілік істер соттарда қаралып жатыр.

Комитет сауда-саттықта картель жасасу бойынша Қостанай облысында төрт көтерме жеткізушіге қатысты бір тергеу ісі аяқталуға жақындағанын хабарлады.

Көмір өндіру өткен жылғыдан көп

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жедел деректер бойынша көмір өндіретін кәсіпорындар биылғы жеті айда 60 миллион тонна көмір өндірген. Бұл өткен жылғы осы кезеңге шаққанда 103,9% (59,7 миллион теңге).

Электр станцияларына 32,4 миллион тонна көмір тиелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне шаққанда 102,5% (31,6 миллион тонна). Тұрғындардың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 5,44 миллион тонна көмір тиелді – 2017 жылы осы кезеңге шаққанда 100% (5,3 миллион тонна). Ведомство бұл кезеңде 15,5 миллион тонна көмір экспортталғанын хабарлады.

Энергетика министрлігі өткен жылу маусымында тұрғындар үшін көмір жеткізуде іркілістер болғанын мойындады.

«Бұл негізгі екі факторға байланысты: жергілікті атқарушы органдар тарапынан дайындықтың болмауы және адал емес көмір жеткізушілердің үйлестірілмеген іс-әрекеті», — деп нақтылады Энергетика Министрлігі.

ҚР ИДМ: 643,3 мың тоннаға артық көмір тасымалданған

Көмірді уақытылы жеткізу мәселесінде көлікке қатысты мәселе үлкен рөл атқарады. Жеткілікті көмір мөлшерін өндіруге болады. Бірақ оны тұтынушыға уақытылы жеткізу маңызды. ҚР ИДМ 1 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандық операторлардың балансында 54 мыңға жуық ашық вагон бар екенін атады. Жылу маусымының басынан бері үш ай және тамыз айының сегіз күні ішінде 16 953,6 мың тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 643,3 мың тоннаға артық.

Разрезден көмір босату бағасы төмен. Соңғы тұтынушыға дейін оның өсуіне темір жол тарифтері мен делдал ұйымдардың қосатын бағасы біршама ықпалын тигізеді. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін көмірдің негізгі көлемі тауарлық биржа арқылы өткізіледі. Ведомствоның мәліметінше, көмір бағасын қалыптастыру, көмір саудасын реттеу және делдал құрылымдарды болдырмау Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретіне жатпайды. Сауда қызметін реттеу, тауарлық биржалардың қызметін мемлекеттік реттеу, өңірлік дамыту және нарық субъектілерін монополияға қарсы реттеу ҚР ҰЭМ құзыретінде.

Алайда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес көмір саласындағы мемлекеттік саясат Инвестициялар және даму министрлігіне өтеді. Осыған байланысты не өзгерді?

ҚР ИДМ мамандарының пікірінше, «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі әлемдік үрдіс көмірді тұтыну көлеміне әсер етеді. Қазақстандық көмір экспортының ұлғаюы салыстырмалы түрде төмен сапа мен көлік шығындарының жоғары болуына байланысты бәсекеге қабілетсіз болады. Күлдің көп болуы және салыстырмалы түрде төмен жылу шығару мүмкіндігіне байланысты қазақстандық көмір экспорты нарығында айтарлықтай жеңілдікпен (30–50%) ғана сатылуы мүмкін. Ірі кен орындарынан Шұбаркөлді ерекше атап өтуге болады, мұнда көмір жалпы экспорт стандарттарына сай келеді.

Осыған орай әлемдік үрдістерді ескере отырып, көмір химиясын және көмірді кешенді терең өңдеуді дамыту қажет. Бұл бағыт өнімнің тұтынушылық қасиетін сапалы өзгертуге және оның нарықтық бағасын ұлғайтуға жол ашады. Ең бастысы, энергетикалық көмір нарығынан тыс шығуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ИДМ Қазақстанда көмір өнеркәсібін одан әрі дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жалғастыруға мүдделі.

Келешекте көмірді алмастырудың түрлі нұсқалары бар. Олар табиғи немесе сұйылтылған газ болуы мүмкін. Мәселен, Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында оңтүстік өңірлерден орталыққа және Астанаға дейінгі магистральді газ құбырының құрылыс жұмыстары басталды.

Әкімдіктен кеңес: көмірді қазірден бастап қамдаған жөн

Астана әкімдігінде де алдағы жылу маусымына дайындық жасалып жатыр. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, 2017/2018 күзгі–қысқы кезеңде көмірді тұтыну 2945,3 мың тонна болды (оның ішінде энергия көздері — 2545,3 мың тонна, халықтың қажеттілігі үшін — 400 мың тонна). 2017 жылғы мамырдан бастап 6 тамыз аралығында Астанада халық қажеттіліктері үшін 28,8 мың тонна жеткізілді, 2018 жылдың осындай кезеңінде 35,3 мың тонна жеткізілді, бұл 22,6%-ға артық көрсеткіш.

27 шілдеден бастап 3 тамызға дейін Астанаға 42 вагон немесе 2932 тонна көмір жеткізілді:

  • Шұбаркөлден 23 вагон немесе 1610 тонна;
  • Майкөбеден 10 вагон немесе 694 тонна;
  • Қаражырадан 9 вагон немесе 628 тонна;

Көмір бағасы:

Шұбаркөл — 14 500 тг/т

Майкөбе — 10 000 тг/т

Қаражыра — 14 000 тг/т.

Бүгінгі таңда Астанада көмір өнімінің жеті негізгі өткізушісі бар. 7 тамыздағы жағдай бойынша жалпы көмір қоры 9590 тонна болды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган барлық әлеуметтік нысандардың дизельдік отынмен жылытылатынын мәлімдеді.

Былтырғы жағдайға келер болсақ, әзірше ешқандай дүрлігу байқалмады. Көмірді сатып алу мәселесі жөнінде жол картасы бекітілді. Картаға сәйкес, әкімдік Астана әкімдігінің сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшалары, i-Kөмек, чат-боттар, БАҚ арқылы осы жылдың тамыз айынан бастап көмір сатып алудың қажеттігі туралы халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады.

Күн сайын жеткізіліп жатқан көмір көлеміне, сонымен қатар оның бағаларына мониторинг жүргізіледі. Бағалардың көтерілуіне қатысты жағдай анықталған жағдайда, деректер тиісті шара қабылдау үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Астана бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жіберіледі.

Астана әкімдігі қала тұрғындарына көмірді қазірден бастап сатып алуға кеңес береді.