Басты бетЖаңалықтарОқушылар оқулықтардың...

Оқушылар оқулықтардың электрондық нұсқасын пайдалана алады

2018-2019 оқу жылы мектеп бағдарламасына 3, 6 және 8-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар енгізіледі. Қазіргі күндері баспалар кітаптарды басып шығарып, өңірлерге жібергелі жатыр. Бұл оқулықтарға олардың олардың электрондық нұсқаларының QR-коды орналастырылды. Ол қазан айынан бастап қолжетімді болады. ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін оқулық басып шығару жұмысымен таныстыру үшін ұйымдастырылған баспасөз туры барысында мәлім болды.

Бұл оқу басылымдары пилоттық мектептердегі сынақ, қоғамдық бағалау және ғылыми-педагогикалық сараптама кезеңдерінен өтіп, пәндік және республикалық комиссиялар шешімімен іріктелген және қолданысқа ұсынылатын оқу әдебиеттерінің тізбесіне енгізілген.

«Оқулық» орталығының сайтында «Қоғамдық бағалау» атауымен 3,6 және 8-сынып оқулықтарының макеті орналастырылды. Порталға 4 мыңнан аса пікір мен ұсыныс түсті. Оларды баспалар оқулықтарды қайта өңдеу барысында пайдаланды.

Осы жылдың сәуір айында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері, мұғалімдер және журналистерден құрылған Жұмыс тобы осы оқулықтарға пәндік комиссияның ескертуі бойынша түзету енгізіп, лингвистикалық сауаттылық және әлеуметтің қабылдауы тұрғысынан сараптама жүргізді.

Бастауыш мектепте бірыңғай базалық, яғни баламасыз оқулықтар енгізіліп жатыр, ал негізгі орта мектеп оқулықтары баламалы оқулықтар болады. Баламалық оқулықтарды таңдап алу білім беру ұйымдарының құзырында.

ҚР «Білім беру туралы» заңына сәйкес, білім беру ұйымдарын оқу әдебиетімен қамтамасыз етумен жергілікті атқару органдары айналысады. Оқулықтарды сатып алуға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Жалпы, 2018-2019 оқу жылына республикадағы 3, 6 және 8-сыныптардың 906 417 оқушысына арнап, 12 187 466 оқулық, оның ішінде 3-сынып үшін 4 196 616, 6-сынып үшін 3 585 514 және 8-сынып үшін 4 405 336 дана сатып алынды.

Республиканың 3 қаласындағы және 14 облысындағы 228 білім беру субъектісімен оқу әдебиеттерін тасымалдап жеткізу туралы келісімшарттар жасады.

Физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша қос тілді оқулықтарды енгізіледі. Жаңа оқу жылында 9-сыныпқа арналған оқулықтар сынақтан өтеді.

2017-2018 оқу жылынан бастап арнайы түзету мектептеріне арналған оқулықтарды жаңарту басталды, оның ішінде көзі көрмейтін балалар үшін Брайль шрифті негізінде әзірленген оқулықтар да бар. Биыл 79 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен пайдалануға ұсынылды. 2, 5 және 7-сыныптарға арналған 30 оқу әдебиеті сараптамаға ұсынылады.

Мамандардың жетіспеуіне байланысты Білім және ғылым министрлігі Тәжікстан республикасына оқулықтарды тәжік тіліне аудару туралы өтініш жасады. Қазіргі кезде аударылған оқулықтар Қазақстанға жетті және басып шығаруға дайындау үшін баспаларға жөнелтілді.

Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу баспалардан шығармашылық ізденістерді, жаңа көзқарастар мен идеяларды, оқулықтарды әзірлеудің жаңаша әдістемелері мен тәсілдерін қолдануды талап етті. Осыған байланысты баспалар авторларға, редакторларға, әдіскерлерге, дизайнерлерге, бет қаттаушыларға, тағы басқа мамандарға қойылатын талаптарды күшейтпек.