Басты бетЖаңалықтарЕліміздің үздік...

Еліміздің үздік өрт сөндірушілері Талдықорғанда анықталады

Талдықорғанда өрттен құтқару спорты бойынша VІІІ Қазақстан жазғы чемпионаты басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 16 команда келді. Өрт сөндіру спортын насихаттауды мақсат еткен шара екі күнге созылмақ. Сайыстың ашылу рәсімі «Жетісу» стадионында өтті.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов өрттен құтқару спорты жылдан жылға дамып келе жатқанын айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараның ашылуында «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дәурен Данаев, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дарынбек Байсариевтер де сөз сөйледі.

Шара барысында облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев, ҚР ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Сәкен Орынбаев, спорт ардагері Мұса Райынбеков және ҚР өрттен құтқару спорты бойынша әйелдер ұлттық құрама командасының мүшесі Ақмарал Баяхметовалар «Өрттен құтқару спортына — 60 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Осыдан кейін көрермен назарына өрттен құтқару спортының бірнеше қойылымы ұсынылды.

Жарыс қатысушылары екі күн ішінде 100 метрлік жолақты бағындыру, өрт сөндіру эстафетасы, оқу мұнарасының қабаттарына буынды сатымен көтерілу және жауынгерлік қанат жаю секілді кезеңдер бойынша сынға түседі.