2018 жылдың 14 шілдесінен бері азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс тапқан жеке тұлғалардан міндетті зейнетақы жарнасын ұстау үшін ҚР Үкіметінің жаңа қаулысы күшіне енуі тиіс. Бұл туралы Салық кеңесшілері палатасының атқарушы дирекциясы мәлімдеді.

Қандай қаулы?

«Пәтер мен көлік сатудан түскен табыстан да зейнетақы жарнасы ұсталады екен» деген қауесет тараған кезде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік желіде түсінік берген еді. Екі күннен соң вице-министр азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін Үкіметтің баспасөз орталығында ресми түсіндірді.

Ол 2018 жылдың 2 шілдесінде қабылданған «ҚР әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде қабылданған түзетулерді іске асыру үшін ҚР Үкіметінің «ҚР Үкіметінің зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысының жобасы әзірленгенін айтты. Бұл қаулыда өзге мәселелермен бірге азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі мен мерзімін анықтау жайы да қарастырылады. Жақыпованың айтуынша, қазір бұл жоба мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылар кеңесімен және аккредиттелген ұйымдармен бірге талқыланып жатыр.

Демек, жуырда Үкіметіміздің жаңа қаулысымен қазіргі қолданыстағы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы қаулысымен бекітілген № 1116 «Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы ережеге» өзгерістер мен толықтырулар енеді. Дәл осы ережеде жеке тұлғалардың азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыстарының түрі, төлейтін міндетті зейнетақы жарнасының тәртібі, көлемі мен мерзімі көрсетіледі.

Салық кеңесшілері палатасының атқарушы дирекциясы аталған ережеге енетін өзгерістер мен толықтырулар қабылданбайынша жеке тұлғалардың азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қандай табысынан міндетті зейнетақы жарнасы ұсталатынын айту ерте деп есептейді.

Жаңа ережеде қандай мәселелер нақтылануы керек?

Мамандардың пікірінше, қандай табыстан міндетті зейнетақы жарнасы ұсталатынымен бірге «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда нақты баяндалмаған, бірақ «Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы ереженің» жаңа нұсқасында болуы мүмкін мына мәселелер туралы айтуға да әлі ерте:

  1. Зейнетақы жарналарын есептеу мен төлеу міндеттемесін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлға ғана орындайды, ол: 1) жеке кәсіпкер де, адвокат та, жеке сот орындаушысы да, жеке нотариус та немесе кәсіби медиатор да емес болуы керек, мұндай санаттағылар үшін жарна төлеудің басқа тәртібі белгіленген;
    2) заңды тұлға үшін жұмыс орындап немесе оған қызмет көрсетіп табыс тапқан жеке тұлға болуы керек.
  2. Жеке тұлға жеке кәсіпкер сияқты міндетті зейнетақы жарнасын өз бетімен төлеуге және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша түскен табысының ай сайынғы зейнетақы жарнасы үшін аударатын сомасын өз бетімен анықтауға құқылы (табысы ең төменгі жалақының бір есе мөлшері және ең төменгі жалақының 75 еседен аспайтын мөлшері) болуы керек.
  3. Жеке тұлға өзі үшін міндетті зейнетақы жарнасын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша нақты табыс түскен айда ғана аудара алады және мемлекеттік корпорацияға азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс түскеннен кейінгі айдың 25-іне дейін төлеуге тиіс. Заңды тұлғамен жасасқан жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс болмаған айда жеке тұлғадан міндетті зейнетақы жарнасы талап етілмейді.

Түзетулер енгізілетін ережеде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша орындалатын және міндетті зейнетақы жарнасын ұстау қарастырылатын немесе қарастырылмайтын жұмыс пен қызмет түрлерінің нақты тізімі көрсетілуі мүмкін.

Ереженің қолданыстағы нұсқасында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарнасын төлеу тәртібі, әсіресе, жарна ұсталатын және ұсталмайтын табыс түрлері нақтылауды қажет етіп тұр.

«Айтылғандарға қосымша «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға заңды тұлғаға жеке тұлғаның келісімімен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша түскен табыстан жеке тұлғаның өзі бекіткен мөлшерде міндетті зейнетақы жарнасын ұстауға және аударуға құқық беретін өзгеріс енгізуді дұрыс деп есептейміз. Бұл норма міндетті зейнетақы жарнасы аударылымын басқаруды жеңілдетеді», — деп хабарлайды Салық кеңесшілері палатасының атқарушы дирекциясы.

Салық кеңесшілері палатасы сарапшыларының мәлімдеуінше, фрилансердің әртүрлі жұмыс берушіден алған табысының жиынтық сомасының заңмен бекітілген шектік деңгей – ең төменгі жалақының 75 есе мөлшерінен асып кетуіне қатысты мәселе де реттелмеген күйі қалып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін ақпарат құралдары «Зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістер қазақстандықтарды пәтер немесе көлік сияқты жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндеттейді» деген хабар таратқан еді.

Бұл ақпарат әлеуметтік желіде көптің назарын бірден аударып, түрліше талқыланды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Парламент мәжілісінің Қаржы және бюджет жөніндегі комитеті заңгерлер мен қарапайым халықтың заңнаманың жаңа редакциясына қатысты түсінбеушілігі заң түзетілгеннен кейін ол түзетулердің Үкіметтің тиісті қаулысына дер кезінде енгізілмеуінен туындады деп есептейді. Бұл жағынан елді шулатқан мәселенің өзі дер кезінде көтерілгенін айта кету керек.

Дегенмен сала мамандары қолданыстағы нормативтік актілер жеке тұлғалардың азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар шеңберінде табатын табысы деп, азаматтардың жұмыс орындаудан немесе қызмет көрсетуден түскен табысын ғана қарастыратынын айып отыр.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!