2018 жылғы 16 шілдеден бастап банктердің ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуына тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Комиссиялар тізбесін оңтайландыру, қарыз алу және оған қызмет көрсету кезінде қарыз алушылардың шығыстарын қысқарту шеңберінде ҚР Ұлттық банкінің бастамасы бойынша 2018 жылғы 16 шілдеден бастап, банктер туралы заңға ипотекалық қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банк шотын жүргізгені үшін банктердің комиссиялар белгілеуіне және алуына, заңның нормасы қолданысқа енгізілгеннен кейін жеке тұлғалармен жасасқан ипотекалық қарыз шарттары бойынша банк шотына қарызды есепке алуға тыйым салу енгізілді», — делінген хабарламада.
Негізі дәл осындай норма қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бар.
Ұлттық банк 2016 жылғы 30 мамырда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банк қарызы және шағын несие беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіткен еді.
Комиссиялар тізбесі банктер өндіріп алатын комиссиялар санын айтарлықтай қысқартуға және оларды атаулары мен мағыналық мәндері бойынша бірегейлендіруге мүмкіндік берді, бұл қарыз алушылар үшін оларды барынша түсінікті етті.
Комиссиялардың тізбесі 2016 жылғы 1 шілдеден бастап жасалған банк қарызы шарттарына, яғни ол қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданылады.
Дегенмен жеке тұлғалармен 2016 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған банк қарызы шарттары бойынша банктер Банктер туралы заңның 39-бабына сәйкес, банк қарызы шартында көрсетілген және Операциялар жүргізудің жалпы талаптары туралы қағидаларда белгіленген комиссияларды алуға құқылы.