Оқиға неден басталды?

24 мамыр күні өзін Сайрагүл Сауытбайдың қайнысымын деп таныстырған Асан Нұрболат Abai.kz порталына жүгініп, халықтан көмек сұрады. Осыдан кейін Youtube желісінде «Қазақ әйелін Қытайға күштеп қайтарғалы жатыр!» деген видео тарады. Видеоүндеуде Асан Нұрболат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері жеңгесін алып кеткенін, оны Қытайға күштеп қайтарғалы жатқанын хабарлайды.

Бұған қатысты ҚР ҰҚК Шекара қызметі шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Құзырлы органның хабарлауынша, Сайрагүл Сауытбай сәуір айында Қытайдың шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктердің көмегімен «Қорғас» ШЫХО-ға кіретін жалған рұқсатнама жасап алып, шекараны заңсыз кесіп өткен.

Шекарадан заңсыз өтуге не себеп болды?

Ерлі-зайыпты Уәли Сләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған. Бірақ 2017 жылы Қазақстан азаматтығын Уәли Сләм мен екі баласы ғана алған. Сайрагүл мемлекеттік қызметкер болғандықтан Қытай тарапы оның сыртқа шығуына рұқсат бермеген. Күйеуі мен балалары Қазақстанға кеткеннен кейін Қытай полициясы оны қысымға алып, «Қытай ақпараттарын Қазақстанға жеткізуші» деп айыптай бастаған. Бұл туралы Сайрагүл 13 шілде күні Алматы облысы Жаркент кентіндегі Панфилов аудандық сотында да айтып берді:

«Шетелдіктермен байланысы бар адам деп қылмыскер қатарына жатқызды. Қытай төлқұжатын алып қойды. Компартиядан шығу сатқындық болып есептеледі. Балабақша директоры болдым. Ол мемлекеттік қызмет болып саналады. 2018 жыл басына тау арасындағы саяси тұтқындар лагеріне еріксіз қызметке қойды. «Саяси лагерьдегі жайды сыртқа шығарсаң, мемлекеттік құпияны ашпау туралы заңды бұзсаң, өлім жазасына кесілесің» деп қағазға қол қойдырды. Ол лагерьде 2500-дай қазақ қамауда отырды. Менің сот залында саяси лагерь туралы айтқанымның өзі құпияны ашқан болып саналады. Өмірімді сақтап қалу, отбасыма қосылу үшін заң бұзуға мәжбүр болдым. Атамекенімнен пана іздеп келдім. Мені Қытайда тек өлім жазасы күтіп тұр. Қазақстанда кез келген жазаға дайынмын».

Қазір Қазақстан соты Сайрагүл Сауытбайға Қылмыстық кодекстің 392-бабы («Шекараны заңсыз бұзып өту») бойынша айып тағып отыр. Бұл бапта «Қазақстан аумағынан тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарып жіберіп, 1000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы» қарастырылған.

Нұрсұлтан Назарбаевқа жазылған хаттар

  • 25 мамыр күні Алматыда Сайрагүл Сауытбайдың отбасы мен қоғам белсенділері мемлекеттік және халықаралық деңгейде араша сұрау үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Қоғам белсенділері Қытайдағы аз ұлттардың қазіргі жағдайын «геноцид» деп бағалап, Нұрсұлтан Назарбаевтан осы мәселеге қатысты араша сұрады. Ал Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Сләм әйелі заң бұзған болса, Қазақстанда сотталсын деп өтінді.
  • 20 маусым күні Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған тұтқын Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды. Хат мәтіні журналист Сәуле Әбединованың Facebook парақшасында жарияланды. Хатта Қытайдағы қазақтардың «жағдайы ауыр» екенін хабарлап, өзінің «заңсыз əрекеті үшін атамекенде жауапқа тартылуға дайын» екенін және Қазақстан азаматтығын беруін сұраған.
  • 5 шілде күні Германияның Society for threatened peoples (қауіпті жағдайдағы халықтарды қорғау) адам құқықтарын қорғау ұйымы Қазақстан Президентіне хат жолдап, Қытайдан заңсыз өтті деген айыппен қамауға алынған Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармау туралы өтініш жасап, араша сұрады.
  • 17 шілде күні Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан Facebook парақшасында Мемлекет басшысына жазған ашық хатын жариялады. Хатта ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Халықаралық шарттар нормаларының орындалуын қамтамасыз етіп, Сайрагүл Сауытбайды ҚХР-ға бермеуге ықпал етуін сұраған.

Сайрагүл Сауытбайдың ауруханаға түсуі

Маусым айының соңына қарай WhatsApp желісі арқылы Сайрагүл Сауытбайдың миы шайқалып, Алматы облыстық ауруханасының нейрохирургия бөліміне түскені туралы ақпарат тарады.

Бұл ақпаратты белгісіз біреу адвокат Абзал Құспанға да хабарлаған.

Бір топ белсенді ауруханамен байланысып, Сайрагүл Сауытбай жайлы сұрап білген. Облыстық аурухананың қабылдау бөліміндегі кезекші медбике оның ауруханада жатқанын растады. Алайда бұдан өзге ақпаратты айтпады.

Сайрагүлді елде қалдыруға мүмкіндік бар

25 мамыр күні белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлдің ісіне қатысты пікір білдіріп, оны өз қорғауына алатынын мәлімдеді. Қазір ол қорғау ісін тегін жүргізіп жатыр.

Оның айтуынша, мерзімінен бұрын азаматтық беру немесе саяси баспана беру арқылы Сайрагүлді Қазақстанда алып қалуға болады.

«Сайрагүлді алып қалуға мүмкіндік бар. Қазір кем дегенде Халықаралық екі конвенцияның талаптары бұзылып отыр. Бірі – әрбір адам өзінің отбасымен бір елде, бір мемлекетте тұруға құқылы. Бұл конвенция БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетке бірдей қолданылады. Екіншісі – БҰҰ жанында босқындар ісі жөнінде комиссариат бар. Сайрагүлдің ісін олар да өз бақылауына алды. Сайрагүл белгілі бір критерийлер бойынша босқын деп танылып отыр. Енді бұны Қазақстан жағынан растау ғана қалды. Қазақстан растаған жағдайда Сайрагүл Қытайға жіберілмейді.»

Сот қалай өтті?

9 шілде күні Жаркенттегі Панфилов аудандық сотында Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай мәселесі қарала бастады. Сот орыс тілінде жүре бастаған соң Сауытбай сотты қазақ тілінде өткізуді сұрады. Судья айыпталушының өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын 13 шілдеге қалдырды.

13 шілде күні сот отырысында Сайрагүл Сауытбай ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы («Шекараны заңсыз бұзып өту») бойынша айыпты деп танылды.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтты. Өзіне Қытайда саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жолы қалмағанын да мәлімдеді. Ол Қытайда өзін өлім жазасы күтіп тұрғанын, Қазақстанда кез келген жазаға келісетінін жеткізді. Судья Динара Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайдың прокурормен процессуалдық келісімге келу туралы өтінішін қабылдап, келесі сотты 23 шілдеге қалдырды.

23 шілде күні сот процесінде прокурор Арзыгүл Имярова адвокат Абзал Құспанның процессуалдық келісім жасасу туралы ұсынысынан бас тартты. Келіссөз кезінде адвокат Абзал Құспан Сайрагүл Сауытбайдың жазаны мойындайтынын, оны Қазақстанда қалдырса, кез келген жазаға дайын екенін айтып ұсыныс жасаған. Прокурор келісімнен бас тарту себебін түсіндірмеді.

Судья Динара Құйқабаева тергеу амалдары аяқталғанын, жарыссөздің басталатынын хабарлады. Жарыссөз 1 тамызға қалдырылды.

1 тамыз күні Жаркентте өтіп жатқан сотта прокурор Арзыгүл Имярова бірнеше себепке байланысты айыпталушыға Қазақстаннан шығару жазасын қолданбауды сұрады. Ол себептер: Сауытбайдың балалары — Қазақстан азаматы, заң оның балаларымен кездесуін қамтамасыз етуі керек. Оның үстіне, айыпталушы қылмысын мойындап отыр.

Прокурор алты ай пробациялық бақылауға алу жазасын тағайындауды сұрады. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыптап, алты ай мерзімге бас бостандығынан шартты түрде айыру туралы үкім шығарды. Айыпталушының жазаны жеңілдететін ерекше жағдайлары бары ескерілді.

Материал Azattyq.org, Abai.kz, Qamshy.kz, Atajurtjastar.com сайттарының ақпараты бойынша әзірленді.