12 жастағы бала Денис Тен туралы музыка жазды

Еліміздің ең жас композиторы Нұрәлі Бейсеқожа арамыздан ерте кеткен спортшы Денис Тенге арнап, «Аққан жұлдыз» атты шығарма жазды.

«Денис Тен — Қазақстанға ғана емес, шетелге де танымал спортшы. Сондықтан қаза туралы естігенде шығармаларымның бірін оған арнауды ұйғардым», — дейді 12 жастағы композитор.

Нұрәлі А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепте «Скрипка және пианино» мамандығы бойынша оқиды. Ол — MusicStar конкурсының, басқа да республикалық байқаулардың жүлдегері.

«Нұрәлі музыканы кішкентайынан, 5-6 жасынан бастап жазады. Алғашқыда жеңіл шығармалар жазса, қазір күрделі форматтағы, классикалық стильдегі музыка жаза бастады», — дейді Нұрәлінің ағасы Нұрлан.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында сағат 15:00 шамасында болды. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Ұрылар Денис Тенге бірнеше жерден пышақ сұққан.

25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. 2,5 сағатқа жалғасқан операцияға қарамастан аурухана дәрігерлері өмір мен өлімге араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері қайтыс болды.

Денис Теннің аяқасты қазасы күллі әлем жұртшылығын тебірентті. Спортшы 21 шілде күні Достық елді мекеніндегі зиратқа жерленді.

ДереккөзInform.kz