Бүгін — қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің туған күні. Кеңес Одағының батыры, ҚР Әуе қорғанысы күштерінің генерал-майоры, Халық қаһарманы 72 жасқа толып отыр.

Әйгілі ғарышкерге қатысты көпке белгілі бірнеше мәліметті еске сала кетейік:

  • Ол — қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері.
  • Тоқтар Әубәкіров реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген.
  • КСРО-да алғаш рет Солтүстік полюске ұшу сапарын әуеде небәрі екі рет жанармай құю арқылы сәтті орындаған.
  • 1988 жылы 31 қазанда жаңа әуе кемелерін сынақтан өткізудегі батырлығы пен ерлігі үшін  КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығымен ұшқышқа «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді.
  • Тоқтар Әубәкіров 1989 жылы 1 қарашада КСРО-да алғаш болып «Тбилиси» ауыр әуе кемелері крейсерінен «МиГ-29К» истребителін асқан шеберлікпен ұшырды және оған дәл қондырды. Бұл әдістің ерекшелігі: ұшақ төмен құлдилап келіп, бірден көтеріліп кетуі керек. Сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында катапультаның көмегінсіз жай ұшақпен ұшу тәсілін алғаш рет орындаған маманның осы ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енді.
  • Әлемнің 256-ғарышкері.
  • Ұшқыштың ғарышта өткізген мерзімі — 7 күн 22 сағат 13 минут.
  • Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды (1996 жыл).
  • Тоқтар Әубәкіров қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің тұңғыш ғарышкері. 2001 жылы оған Стамбул қаласында «Түріктің тұңғыш ғарышкері» атағы берілді.
  • Қазақстанда ғарышкердің құрметіне орай оның есімі картоп сортына берілген.
  • Тұңғыш ғарышкер TalkLike интернет жобасында жүргізушіге өзгеғаламшарлық нысандарды өз көзімен көргенін айтты.
  • Тоқтар Әубәкіров өмірінде қалта телефонының нөмірін ауыстырып көрмеген.