Нұраддин Садықов — үш ұл тәрбиелеп отырған әке. Тұңғышы Миғражаддин — ашық жарқын, еркін сөйлейтін, мейірімді бала.

Миғражаддин Рысбай: Үйдің үлкені болғандықтан інілеріме қарайлап жүремін

Менің есімім – Миғражаддин. Мен 9 жастамын. №42 жалпы білім беретін мектепте оқимын. 5-сыныпқа көштім. 6 жасымнан бастап каратэмен айналысамын. Каратедэн әртүрлі жарысқа бардым. Тіпті, бір рет шетел астық. 2017 жылы көктемде Украинаның Одесса қаласына барып, әлем кубогында бағымызды сынап көрдік. Сол турнирде мен 1-орын, інім Дінмұхамед 2-орын алды. Каратэден бөлек ағылшын курсына барамыз. Ал мектептегі сабақтардан дене шынықтыру мен қазақ тілі сабағы ұнайды.

Миғражаддин Рысбай
Миғражаддин Рысбай. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Кішкентай кезімізде әкеммен көп ойнайтынбыз. Өсе келе ойынды кітапқа ауыстырдық. Қазір бос уақытымызда кітап оқимыз. Мен үлкейгенде спортшы және өнертапқыш болғым келеді. Сондықтан өнертапқыштарға байланысты кітаптарды көп оқимын. Әкеміз бос болғанда бізді кітап дүкеніне апарады да, өзімізге таңдатып, әртүрлі кітаптар алып береді. Сол кезде үнемі қызықты энциклопедияларды таңдап аламын.

Үйдің тұңғышы болғандықтан артымнан ерген екі ініме қарайлап, әкем мен анама көмектесемін. Үлкен ініммен мектепке де, каратэге де бірге барамыз. Ол үнемі қасымда, өзімнің қарауымда. Дінмұхамедтің мінезі салмақты. Ол көп сөйлемейді, көп күлмейді. Кіші інім 2 жаста, ол балабақшаға барады. Сабақтан келгенде кіші інімізді ойнатамыз, сол кезде анамыздың үй шаруаларын істеуіне мүмкіндігі болады. Отбасымызбен киноға жиі барамыз. Кішкентай кезімізде тек мультфильмдер көретінбіз. Қазір түрлі жанрда кино көретін болдық, әсіресе, бізге комедия жанрындағы фильмдер ұнайды.

Ағайындылар
Ағайындылар. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Әкеміз үйде қатал. Бұзық болсақ, ұрсады. Бірақ ол бізді қатты жақсы көреді. Үнемі «Өздеріңді қорғап жүріңдер және білімді болыңдар», — деп айтып отырады.

Нұраддин мырзаның екінші ұлы өте салмақты екен. Суретке түсерде көпке дейін жымия қоймады.

Дінмұхамед Рысбай: Өскенде зоолог болғым келеді

Әке мен бала
Дінмұхамед Рысбай. Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Менің есімім – Дінмұхамед. Жасым 8-де. 3-сыныпқа көштім. Мен де ағаммен бірге каратэге барамын. Біз аптасына үш рет жаттығу залына барып жаттығамыз. Мен өскенде жануарлар әлемін зерттейтін зоолог болғым келеді. Сол үшін қазірден бастап жануарлар туралы кітаптарды оқимын. Жануарлардан адамның досы – итті ерекше жақсы көремін. Ал каратэ менің үнемі айналысатын спортым болады. Бұдан бөлек әдебиет пәні ұнайды.

Дінмұхамед Рысбай
Дінмұхамед Рысбай. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Ініміз Доспамбет әлі кішкентай. 5 жасқа толған соң інімізді каратэге қатыстыратын шығармыз. Сол кезде оны жаттығуға Миғражаддин екеуіміз өзіміз апаратын боламыз.

Екі ағасы сұхбат беріп жатқанда кішкентай інілері Доспамбет саябақтың ішінде жүгіріп ойнап жүрді. Ағаларының айтуынша, ол  өскенде шапшаң қимылдайтын, еңбекқор бала болады. Бірақ суретке түсуден қашып жүрді. Соған қарағанда көпшілікке танылуға асықпайтын сияқты.

Доспанбет Рысбай
Доспамбет Рысбай. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Перизат Мүтәліп: Жолдасым балаларына мейірімді, бірақ керек кезінде қатал

Жолдасым өте еңбекқор. Сондықтан ол үйде көп бола бермейді. Іссапармен және басқа да жұмыстарымен түзде жүреді. Үйде болған кезде балалардың күнделігін тексеріп қояды, мен баламен үйден шыға алмаған сәттерде ата-аналар жиналысына қатысып келеді.

Нұраддин — бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың бірі. Балаларымыз шымыр болсын, өздерін қорғай білсін деп каратэге баулыды, білімді болсын деп ағылшын курсына жаздырды, ақылды болсын деп қалаған кітаптарын алып береді. Одан бөлек, қазақтың ежелден келе жатқан ата дәстүрі бойынша адал болуға, ешкімнің ала жібін аттамауға, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге, көпшілік ортасында өздерін қарапайым ұстауға тәрбиелеп келеді. Өтірік айтса, бұзық болып бара жатса, бір жазалап алады. Ал негізінде балаларымның әкесі — өте мейірімді жан.

Перизат Мүтәліп
Перизат Мүтәліп ұлдарымен. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Отбасымызда қазақтың менталитетіне сай мейрамдарды барынша атап өтуге тырысамыз. Екі ұлымыз каратэден жарысқа барып келген соң қала сыртындағы ата-әжесіне апарып, марапаттарын көрсетіп, оларды да, ұлдарды да қуантып қайтамыз. Әр турнирге барып келген сайын ата-әжесінің қасында мерекелік дастархан жайып, атап өтетініміз бар. Ұлдарымызды мақтап, жетістігіне қуанып, жігерлендіріп отырамыз.

Үлкен ұлым өте мейірімді. Сол себепті інілерін үлкеніме сеніп тапсыра аламын. Өскенде өнертапқыш болғым келеді дейді, бірақ әлі де ізденіп көреді. Біз қандай мамандықты таңдаса да қарсы емеспіз. Ең бастысы адам болса екен дейміз. Ал екіншісі кітап оқығанды жақсы көреді. Сұрайтыны — тек кітап. Екі ұлымыз да қазақша кітаптар оқиды. Өзіміз де ұлдарымызды бірінші орында қазақ тіліне, сосын барып ағылшын тіліне баулимыз.

Нұраддин Садықов: Балаларыма спорттық тәрбие беру — міндетім

Екі ұлым кішкентай кездерінде ауылда, ата-әжесінің қасында болды. Үлкендерден тәлім алсын, ауылда қара жұмыстың дәмін татсын деп сонда жібердім. Тіпті, тұңғышым 1-сыныпты ауылда оқыды. Қарапайым ауыл тіршілігін көріп өскен бала жаман болмайды деп ойлаймын.

Нұраддин Садықов ұлдарымен
Нұраддин Садықов ұлдарымен. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Балаларым шымыр болсын деп каратэге бердім. Кейде балалықпен жалқауланып, жаттығуға барғысы келмей қалады. Ондай кездерде жазалап аламын, менен қорыққанынан жаттығуға барады. Себебі ұлдарымды спортқа бейімдеу әкелік міндетім деп санаймын. Үлкейгенде спортпен айналыса ма, айналыспай ма өз еріктерінде. Адам үлкейген сайын оның ой, сана көкжиегі кеңейіп, армандары көбейеді. Әр салада өзін сынап көру арқылы дами түседі. Өзім де сондай адамдардың бірімін.

Бала кезімде домбырада, баянда ойнап жүріп, музыкант боламын дедім. Мектеп бітірген соң филологияны оқып, журналистикаға қызықтым. Кейіннен көлік сатып, кәсіппен де айналыстым. Қазір сол кәсібімді ауыстырып, промоутерлік компания ашып, ақырындап жүріп жатырмыз.

Компанияны ашудағы мақсатым – Қазақстанның түкпір-түкпірінен әуесқой жекпе-жекпен айналысатын жас жігіттерді жинап, спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысуына мүмкіндік беру, осы арқылы сол жігіттерді әлемдік деңгейге шығару. Бір қараған адамға аралас жекпе-жектегі жігіттердің бір-бірінің бетін қанатып, аямай ұрып жатқаны қатігез көрінуі мүмкін. Көбі жекпе-жекті «Ұр да, жық» деген мағынада түсінеді. Бұл күресте ешқандай ереже жоқ деп біледі. Алайда бұл – әлемдік деңгейде дамып отырған спорттың бірі. «Неге бұл спортты өзімізде дамытып, қазақ жігіттерінің ер азамат ретіндегі бейнесін қалыптастырмасқа» дедім де, бастап кеттім.

Әкеден – ақыл, анадан – мейір

Жұбайым мені балаларына мейірімді деп айтып жатыр. Негізі мен қатал әкемін. Ер азамат соққы алмайынша есін жимайды. Ұлдарым айтқанды тыңдамай жатса, балалықпен өтірік айтса, міндетті түрде жазалаймын. Жазалау әртүрлі формада болады (күлді). Керек кезінде салып қаламын, айтып та жеткіземін. Ұл бала үшін әкенің беретін тәлімі бөлек.

Нұраддин Садықов жұбайы және кенжесімен
Нұраддин Садықов жұбайы және кенжесімен. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Баланың бос уақыты болуы керек

Заманмен таласып, одан қалса, сәннің артынан еріп, балаларымды түрлі үйірмеге бере беруден аулақпын. Ер азамат ретінде спортпен айналысқанын дұрыс көремін. Білімді адам болуда әлемдік тіл – ағылшын тілін жетік меңгергенін қалаймын. Басқа уақытта сабағын оқиды, кітап оқиды, інілеріне қарап, анасына көмектеседі. Мектепке көлікпен апарып үйреткім келмеді. Сондықтан қазір екеуі мектепке де, каратэге де, ағылшын курсына да жаяу барады. Тек өздерінің жеке азамат болуына қажет нәрселерді біліп шыққанын қалаймын. Бала кезде олардың бос уақыты болғаны дұрыс.

Миғражаддин мен Дінмұхамед
Миғражаддин мен Дінмұхамед. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Үлкен ұлыма қарап, өзімнің қазіргі кезімді көремін, ал екіншісі балалық шағымды еске түсіреді. Бала кезімде өзімен-өзі кітап оқып жата беретін бала болдым. Қазір Дінмұхамед сондай. Үлкенім елгезек, кез келген нәрсе айтсаң, жүгіріп кетеді. Осы қылығымен ол маған ұқсайды. Екі ұлым бір-біріне серік болып, бірге ойнап, бірге өсті. Келешекте үшінші ұлымды екі ағасына сеніп тапсыра аламын.

Өз басым балаларымның журналдағы, табельдегі бағаларының жақсы болуын талап етпеймін. Кей сабақтардан үшке шығып жатса да, ұрыспаймын. Себебі баланың оқу үлгерімі, журналдағы бағасы келешек өміріне ешқандай әсері болмайтынын білемін. Мен үшін саналы, ақылды, дұрыс шешім қабылдай алатын ер азамат болғаны маңызды.

Нұраддин Садықов отбасымен
Нұраддин Садықов отбасымен. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Қызы қалғанның ісі қалғаны, ұлы қалғанның өзі қалғаны

Ұлдарымның ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, нағыз ер  азамат болғанын қалаймын. Қандай іспен айналысамын десе де, әкелік ақылымды айтып, қолдау білдіремін. Қай саланың маманы болмасын, ең бастысы қоғамға пайдалы азамат болса екен деймін. Болашақта өздерінің сүйікті ісімен айналысып, 25-30 адамды жұмыспен қамти алатын дәрежеге жетсе, осының өзі үлкен көрсеткіш деп білемін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!