Ішкі істер органдарында іздеу жұмыстарын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен анықталады.

Аталған құжат бойынша кенеттен ешбір себепсіз жоқ болып кеткен адам немесе тұрғылықты жері белгісіз адам жоғалған тұлға болып табылады.

Адамдардың жоғалып кету себебі әртүрлі болуы мүмкін. Көбінесе, мұндай оқиға алкогольді ішімдік ішкеннен кейін немесе отбасында болған келіспеушілік пен жанжалдан кейін болады. Кейде жоғалып кеткен азаматтар жай таныстарымен қарым-қатынаста болғысы келмейді немесе жаңа тұрғылықты жері туралы айтуды ұмытып кетеді.

Статистикаға сүйенсек, әйел адамдардан қарағанда ер адамдар жиі жоғалады екен. Бұл ерлердің басқа аймақтарға жиі іссапарлауына байланысты дейді мамандар.  Ал әйелдер мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында алкогольге құмар және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққандар жиі жоғалады екен.

Хат
Иллюстрация ©Бекзат Исамбергенов

Сондай-ақ, қарт адамдар мен жас сәбилер, психикалық аурулардан зардап шегетіндер өздерінің жақын адамдарына хабарлауға қабілетсіз болғандықтан жиі жоғалып жатады. Зейнеткерлер көбінесе қоғамдық көліктің бағыты мен нөмірін шатастырып алғанның кесірінен, үйінің мекенжайы мен жақындарының есімін ұмытып қалғандықтан бір рет емес, бірнеше рет жоғалу туралы дерекке ілінетін көрінеді.

Сонымен, жақын адамыңыз жоғалып кеткенде не істеу керек? Қайда хабарласып, кімнен көмек сұрауға болады?

  • Бірінші тұрғылықты жердегі полицияға хабарласыңыз. Азаматтың жоғалып кеткені туралы арыз жазыңыз. Полиция қызметкерлері адамның жоғалғанына қанша уақыт өткеніне қарамастан арызды қабылдауға міндетті.
  • Арыз жазушы нәтижеге тезірек қол жеткізу үшін жоғалған адамның жақында түсірілген фотосуретін ұсынуы керек.
  • Полиция қызметкері арыз жазушыдан жоғалған адамның тұрмыстық жағдайы, туыстары және басқа да байланыстары туралы түсініктеме алады. Сондай-ақ, жоғалған адамның соңғы рет қай жерде болғаны туралы ақпарат жазылуы керек.
  • Әрбір арыз бойынша полиция қызметкерлері сауалнама жүргізуге құқылы. Жедел іздестіру топтары пәтерлер мен басқа да жерлерді куәгерлердің қатысуымен тексеретін болады.
Иллюстрация: Бекзат Исамберген
  • Жоғалған азаматтарды іздестіру мақсатында ауруханалар, моргтар және басқа да мекемелерге хабарландыру беріледі. Жедел іздестіру шаралары Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде көзделгендей жүргізіледі.
  • Жоғалған адам өзінің жеке көлігімен кеткен болса,арыз беруші көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін және маркасын хабарлау керек. Осы арқылы жол-патрульдік полициялар да іздестіру жұмыстарына атсалысады.
  • Егер бастапқы тексеріс барысында жоғалған адам туралы мәлімет анықталмаса  қылмыстық полиция бөлімшесінде қылмыстық іс қозғалады. Бастапқы тексеріс уақыты өтініш берілген күннен бастап 24 сағатқа созылады.
  • Егер жоғалып кеткен адамның өзі қылмысқа қатысты болса, заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнiң тиiстi бабына сәйкес іс қозғалып, іздестіру жұмыстарына тұлғаға қатысты қылмысты ашуға маманданған қылмыстық полиция да кіріседі.
  • Егер жоғалған адам үйіне қайтып келген болса, онда бұл туралы полицияға дереу хабарлау қажет. Жоғалған адам табылған соң оны іздестіру жұмыстары ресми түрде тоқтатылады.