Жамбыл облысындағы бала өліміне қатысты 5 дерек

«Открытая Азия онлайн» осы кезге дейін жарияланған ақпараттың бәрін жинақтап, осы іске қатысты бес деректі анықтады. 

1. Оқиғалар реті

15 ақпанда сағат кешкі алты жарымда 33 жасар әйел өз үйінен бес жасар баласының қанға бөккен денесін тауып алды. Ана жедел жәрдем шақырып, келген бригада баланың өлі екенін анықтап, полицияға хабар берді. Жедел іздестіру тобы үйден 30 мың теңге ақша жоғалғанын анықтады. Оқиға орнында қылмыскердің саусақ таңбалары мен аяқ киімінің ізі қалған. ҚР ҚК 99 бабының 2-тармағы («Кәмелетке толмаған тұлғаны өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғап, полицейлер күдіктіні іздеуге кірісті.

Ертесінде бала өлтірді деген күдікті анықталып, тұтқындалды. Он жеті жасар  Дурсун Каваз-оғлы көрші үйде тұрады екен. Күдікті қылмысын мойындап, тергеу эксперименті барысында баланы қалай өлтіргенін айтып, полицейлерге қылмыс жасаған қаруы —  пышақты шығарып берді.

Сол күні, 16 ақпанда, шамамен кешкі сағат сегізде Бурылдың орталығында 110 адамнан тұратын топ жиналып, күдіктінің отбасы ауылдан көшіп кетуін, ал тұтқынның өзі барынша ауыр жазаға тартылуын талап ете бастады.  Жағдайды ушықтырған —  Дурсун Каваз-оғлы психиатриялық диспансерде тіркеуде тұрғаны, сондықтан да жазадан құтылып кетуі мүмкін екені туралы қауесет. Жиналғандардың алдына билік өкілдері мен құқық қорғаушылар келді, олардың арасында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен ІІД басшысы Бекет Аймағамбетов бар. Олар жұртты үйлеріне қайтуға көндіре алды.

Келесі күні толқу қайта бұрқ етті. Рұқсатсыз митингке жүзден аса адам шықты, тек бұл жолы жиналғандардың көбі жастар еді. Ызалы топ күдіктіні қолдарына беруді талап етіп, оның да, туыстарының да жазасын өзіміз береміз деп даурықты. Кей деректерге сүйенсек, күдікті этаппен облыс орталығына жөнелтіліп, отбасы өзге елді мекенге көшірілген. Халықтың толқуын басып, жаппай тәртіпсіздікке жол бермеу үшін ауылға шұғыл әрекет ету арнайы бөлімшесінің сарбаздары кіргізілді. «Азаттық» радиосының тілшісі арнайы бөлімше сарбаздарының жұмысын таспаға түсіріп алды.

Наразы ауыл тұрғындарымен әкімдік өкілдері, прокуратура және полиция қызметкерлері, ауыл ақсақалдары мен дін өкілдері кездесті. Әрең дегенде жастардың тілін тауып, жиынды таратты. Сонда да, 17 ақпан күнгі кешке дейін ауылды полиция қоршап тұрды. Арнайы бөлімше сарбаздары оқиға орнынан тек келесі күні кетті. Қазір жергілікті билік оқиға тұтастай бақылауға алынғанын мәлімдеп отыр.

2. Өлген бала

Malchik.jpgАлмас Дүйсенбек 2010 жылғы 5 маусымда дүниеге келген. Отбасындағы кенже бала. Жергілікті мектептің дайындық сыныбында оқып жүрген. 33 жасар анасы сол мектепте мұғалім.  Әкесі 34 жаста. Ерлі-зайыптылардың Алмастан үлкен тоғыз жасар үлкен баласы бар.

3. Тұтқын

Турок.jpgҚылмыс жасалған күні  Дурсун Каваз-оғлы кәмелет жасына толуына бес күн қалған. 18 жасын ол 20 ақпанда оқшаулау камерасында атап өтеді. 18 ақпанда сот оны екі ай мерзім қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Д. Каваз-оғлының ұлты түрік, алыс жолға жүретін жүк көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін 55 жасар ағасының үйінде тұратын. Жеңгесі 54 жаста, үй шаруасында. Дурсунды туыстары асыранды бала деп атайтын. Өз ата-анасы басқа ауданда тұрады.

4. Ұлт мәселесі

Осы ұлт мәселесін, дәлірек айтқанда, ұлтаралық алауыздық туындауының алдын алу үшін ауылға құқық қорғау, атқарушы және қадағалаушы органдарының  қызметкерлері көптеп жіберілген сияқты. Әрине, қай жерде де ҰҚК қызметкерлерінсіз іс бітпейді. Біреулер тіпті өрт сөндірушілер көлігін суретке түсіріп алыпты (оларды митингті тарқату үшін жіберді ме, әлде біреулер от қояды деген қорқыныш болды ма — ол жағы белгісіз).

1256.jpgОқиға болған күннен бастап полицейлер мен жергілікті билік өкілдері сөйлеген сөздерінде қылмыс тек тұрмыстық сипатты және ұлттық астары жоқ екенін айтумен болды. Бейсенбі күні ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовтың өзі биік мінберден осылай деп мәлімдеді.

Жағдай орнықты. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді, диаспоралар жетекшілері, жергілікті билік, әкімдіктер, құқық қорғау органдары тиісті шараларды атқарып жатыр. Бізде ұлттық гвардия бар, ол тек күшейтілген режимге көшірілді, бары сол… (…) Жағдайды қадағалап отырмыз (…) Бұл тек тұрмыстық кісі өлтіру ғана. Қылмыскер бәрін мойындап отыр. (…) Істе ұлтаралық араздық жоқ екенін мәлімдеймін.

Әкімдік те қарап қалмады. Аудан басшысы қылмыскер сот алдына барып, тиісті жазасын алатынын, ал Д. Каваз-оғлы психикалық науқас деген анықтамасы бар екені бар болғаны сыбыс қана дегенді айтты.

Жамисар Кожа.jpg

Жағдайды реттеуге жергілікті ақсақалдар алқасы мен түрік диаспорасы өкілдері де үлес қосты. Олар қайтыс болған баланың отбасына бүкіл этнос атынан көңіл айтып, кешірім сұрады.  Tengrinews.kz хабарлағандай, түрік бірлестігінің жетекшісі Давришев, Бурыл ауылы имамының орынбасары Жамисар Кожа (фотода), этномәдени бірлестік жетекшісі Омад Басадов кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр. Сонымен қатар, олар өлген баланың отбасына материалдық көмек көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ, түрік диаспорасы баланы жерлеу және асын беру шығындарын көтеретін болды. Одан бөлек, ақсақалдар баланың өліміне күдікті жігіттің отбасы тұрып жатқан үйді баланың туыстарына беру туралы шешім қабылдады. Алайда, әзірге бұл заңдық тұрғыда қалай рәсімделетіні және Алмастың туыстары баласын өлтірген адам (әрине, Д. Каваз-оғлының кінәлі екені сотта дәлелденсе) тұрған үйде тұра алатын-тұра алмайтыны белгісіз.

92e195d54a74fc348af01781899398c7.jpg5. Бурыл ауылының тұрғындары

Жамбыл облысының Байзақ ауылы тұрғындарының ұлттық құрамы әр алуан. Бурыл ауылында да солай. Ауылдық округте 12 631 адам тұрады. Олардың ішінде 8120 адам – қазақ, 2530 – түрік, 854 – әзірбайжан, 550 – орыс, 249 – армян, 71 – күрд, 64 – украин, 57 – кәріс, 51 – неміс, 45 – өзбек, 21 – татар, 19 – үйғыр.

P.S.: 19 ақпанда «Открытая Азия онлайн» редакциясына Бурыл ауылының тұрғындары  хабарлағандай, ауылда әлі де күшейтілген полиция құрамы тұр. Көшеде патруль жүреді. Ауылға кірген-шыққанның бәрін ІІМ қарулы күштері бақылап отырады.

34.jpg

ДереккөзОрталық Азия