«Бір тамшы жаңбыр сұрады». Қазақ қай кезде тасаттық берген?

Қазақта "Жұт жеті ағайынды" деген ұғым бар. Осы ұғымның жалғасы ретінде "Жұт жетеу, содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он" деген мақал да сақталған. Халық даналығы осы арқылы табиғат апатының зардабы адамның өзіне байланысты екенін аңғартқан. Ертеде ата-бабаларымыз мұндай жағдайлардан әртүрлі жолмен сақтануға тырысқан.

Жерге тамшы тамбай, ауа температурасы да көтеріліп, қуаңшылық болған кезде жұрт жиылып орындайтын тасаттық рәсімі де — соның бір мысалы.

«Тасаттық» сөзі қандай мағына береді?

Тасаттықта көпшілік жиылып, құрбандық шалады. Артынша Құран оқылып, Құдайдан жаңбырдың жаууын тілейді. Жиналған қауым діни рәсімдерді атқарғаннан кейін соңын сауыққа айналдырады.

Қазақ тіліне «тасаттық» сөзі араб тілінен енген, яғни تَصَدُّق, «тасаддуқ» сөзі — Алла разылығы үшін қайыр, садақа беру мағынасын білдіреді.

Халықпен бірге жасап келе жатқан дәстүр жайлы әдебиет үлгілерінде жиі кездеседі. Соның бірі ақын Дүкен Мәсімханұлының «Тасаттық» өлеңінде:

Қазақ халқы, салт дәстүр
Иллюстрация: Cooks.kz

Құрбандық шалып, ас беріп,

Аллалап ауыл жылады.

Қан шашып жерге, жас төгіп,

Бір тамшы жаңбыр сұрады.

Лапылда, өртен, жалында,

Жоқ екен құлдың еш емі.

Түс қия төкті ауылға,

Алланың рақым нөсері, — делінген.

Сонымен қатар қазақ халқы өзге де қажетін Құдайдан тілеу ниетімен тасаттық беріп отырған. Мысалы, Шәмші Құмарұлының «Ер Жәнібек» романында бұл ғұрыпты халық жеңіс сұрап орындаған.

Хан, қазақ халқы
Фото: Med-kz.ucoz.com

Роман желісі бойынша Ер Жәнібек түсінде қалмақ батырынан жеңіліп қалады. Көрген түсін Абылай ханға айтқаннан кейін қызыл ат сойылып, тасаттық беріледі. Ғұрыптан кейін хан түсті жорып, батырдың шайқаста жеңетінін айтады.

Тасаттық ғұрпы қалай орындалады?

Тасаттық әдетте ашық аспан астында, өзен, көл немесе бұлақ басында орындалған. Құрбандыққа дені сау, күйі жақсы мал сойылған. Қазақстанның кей аймағында сойылған малдың қаны суға ағызылады. Бұл «жаңбырдың жаууына себеп болады» деген нанымнан туған еді. Ал Алматы және Жамбыл облыстарында қанды жерге көму дәстүрі сақталған.

Тасаттық кезінде имам Құран аяттарын оқып, жамағатпен бірге дұға тілейді. Ғұрыптың дәл осы сипаты қазақтарда ғана емес, Орталық Азия халықтарының көбінде әлі күнге дейін көрініс тауып келеді.

Әдетте тасаттық мұсылмандар үшін қасиетті күн — жұмада орындалған.

Үлкен кісі шақырса, ізетпен бар — санда бол, қуаңшылық жылында, халық қайда — сонда бол.                                                                                                                                                                                            Махмұд Қашқари

Тасаттық ғұрпын қазақтар сирек орындады деуге келмейді. «Представления, культы, обряды у казахов» атты кітапта автор Түркістанның 1906 жылы дүниеге келген тұрғынының сөзін мысалға келтіреді. Онда қуаңшылық кезінде жергілікті имамның 6-7 жасар шәкірттерімен (шамамен 20-30 шәкірт) бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, құрбандық шалғаны айтылады. Мұнда балалар Алладан жаңбыр тілеп, дұға еткен.

Қазақ, салт, дәстүр
Иллюстрация: Cooks.kz

Тасаттық кезінде қандай намаз оқылады?

Бұл ғұрып қазақтың дәстүрлі дінінде бар. Шариғат бойынша тасаттық кезінде истисқа намазы оқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Fatua.kz сайтының мәліметінше, истисқа намазы уәжіп емес. Тасаттық кезінде тек дұға, истиғфармен (кешірім тілеу) шектелсе де жеткілікті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрғақшылық уақыттарында истисқа намазын оқыған. Ал кейде жұма намазында мінберде Алладан жаңбыр тілеп, дұға жасаған.

Имам адамдармен бірге қала не ауылдың сыртына Алладан қорыққан, тіленген күйде шығады. Сол жерде жамағат болып намаз оқиды. Имам дауыстап оқиды. Хұтпадан соң имам құбыла тарапқа қарап дұға қылады. Артындағы жамағат отырған күйлерінде Аллаға истиғфар етіп, тәуба тілейді. Шариғат бойынша истиқаны әлсіздермен, қарт-қариямен, балалармен бірге жасаған дұрыс.

1 пікір

  1. Алладан жаңбыр тілеп дұға оқылады, сосын ет жерленген соң қалған астар( ет.бауырсақтар) міндетті түрде жерге көму керек пе?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!