1. Мұндай мәселе туғызатындай допингтің әсері қаншалықты күшті?
Допинг қолданушының эндокриндік жүйесі, бұлшық еттері қалыпты жағдайдан ерекше күшті жұмыс істейді. Допинг – ағылшын тілінен аударғанда «есірткі беру» деген мағынаны береді. Бірақ ол наркотикалық зат болып саналмайды, оны қолданған адамның белгілі уақыт аралығында ғана күш жинап, белсенділігі артып отырады. Допинг қабылдаған кезде бұлшықет жаттығудан кейін әдеттегідей 48 емес 24 сағатта қалпына келеді.
2. Допингтің адам ағзасына зияны жоқ па?
Допингтің кері әсері де бар. Мысалы, қазақстандық 4 атлет қолданды деген станазолол әсерінен шаш түсіп, безеу, бөртпе пайда болуы мүмкін және бауыр қызметіне зақым келтіруі ықтимал. Спорттық сайыстарда бірнеше спортшылар допингті шамадан тыс қабылдап, жан тапсырған фактілері аз емес. Сол себепті 1959 жылы Францияда бірінші допингке қарсы комиссия құрылды. «Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің мәліметінше әлемде 15,5 млн адам допинг тұтынады, олардың 35% — кәсіби спортшылар. 2006 жылы анаболиктердің әлемдік айналымы 700 тоннаны, соның ішінде тестостерон айналымы — 70 тонна болды, оны 1,5 млн адам пайдаланады»
3. Допинг қолданушыларға қандай жаза тағайындалады?
Егер қазақстандық Лондон Олимпиадасының 4 алтын иегерінің айыбы расталса, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы олардың Лондондағы көрсеткішін жойып, Рио Олимпиасына қатысуға шектеу қояды. Егер спортшы 3 мәрте допингке ілінсе, спортпен өмір бойына қоштасады. Светлана Подобедоваға да осы қауіп төніп тұр.
4. Допинг расталса, «Алтын» кімдерге беріледі?
Лондон Олимпиадасында Илья Ильиннің салмақ дәрежесінде (94 кг) күмісті ресейлік Александр Иванов, С. Подобедованың салмағында (75 кг) ресейлік Наталья Заболотная , Мая Манезаның салмағында да (63 кг) күміс жүлдені ресейлік атлет Светлана Царукаева алған болатын. Ал Зульфия Чиншанлоның «алтыны» тайвандық Хсу Шучинге бұйырып кетуі мүмкін.
5. Апелляцияға беруге бола ма?
Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі (WADA) Кодексінің 2.1 бабына сәйкес спортшы ағзасына түскен затқа өзі жауап береді. Сонымен қатар 13 бапқа сәйкес ағзадан рұқсат етілмеген зат табылды деген жағдайда кез келген шешімге апелляция беруге және кінәсіздігін немесе абайсызда болғандығын дәлелдеуіне болады (10.4, 10.5, 10.6 баптар). http://wfrk.kz/news/view/637
6. Неліктен IWF екінші сынаманы жасауды шешті?
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Ресейдің допингке қарсы науқаны шеңберінде Лондон мен Бейжің Олимпиадасының допинг сынамаларын қайта тексеруді шешті.
7. Нақты жауап қашан белгілі болады?
Жақын арада Халықаралық Олимпиада комитетінің тыңдалымы өтеді. Онда бұрынғы жетістіктердің сақталуы мен спортшылардың Рио-2016 бару-бармау тағдыры шешіледі. Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің айтуынша ХОК тыңдалымы 27 маусымда өтуі тиіс.
Ақжарқын Қыдырханова, SZH.KZ