Бұл тізімде «Жетісу» газетінің тілшілері Мәулен Әнербай, Асыл Сұлтанғазы және фототілші Аслан Қажеке, сонымен қатар «Огни Алатау» газетінің аға тілшісі Татьяна Демидова, бөлім редакторы Джамиля Атибаева және тілші Андрей Ярополов бар.
Сонымен қатар, салтанатты кеште қос басылымның 5 журналисі де марапатсыз қалмады. Облыс әкімінің қолынан ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреевке, аға тілші Қуат Қайранбаевқа, жауапты хатшы Гауһар Дүйсенбаеваға, сол сияқты «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Танзиля Мұхтарова мен Василий Воробьевке тақты. Сондай-ақ бір қауым тілшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын, «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін алды.
«Бүгін «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында аталып, қос қуаныш қатар келіп отыр. Сондықтан барша журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін! Бұл екі газет өзінің ғасырлық ғұрымында қандай дәуірді, қандай кезеңдерді бастан кешірсе де, мақсат-мүддесі өзгерген жоқ. Сөздің қуаты, журналистиканың қайраты қашанда мықты. Бұқаралық ақпарат құралдары қашанда халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып келеді. Мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде БАҚ бізге зор қолдау көрсетіп отыр. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін! Басты байлығымыз – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы еңбектеріңіз жемісті, қаламдарыңыз қарымды, мерекелеріңіз құтты болсын», — деді жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов.
Жаңа баспанаға ие болғандар атынан «Огни Алатау» газетінің тілшісі Татьяна Демидова мен жетісулық Асыл Сұлтанғазы сөйлеп, облыста журналистердің жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасалып, газеттердің материалдық-техникалық базасы жақсарғанын, баспана мәселесінде де қолдау көрсетіліп отырғанына алғыс айтты.
«Қарыс маңдайға қасиетті сөз өнерінің иесі болу жазылса, онда сені тəңірдің жарылқағаны. Ал ғасырлық ғұмыры бар, Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған, руханият шырағданы бола білген арда басылым «Жетісуда» жұмыс жасау бақыты бұйырса, онда сені тəңірдің екі мəрте жарылқағаны… Бұл толғанысты жалқы сөбен түйіндеу жанға ауыр тиеді, ал негізгі айтарым Арда басылымның ұлы тойында баспаналы болдым ағайын, Сүйінші! Осы қуанышқа жеткізген облыс əкімі Амандық Ғаббасұлына, қасиетті «Жетісу» газетіме, оны басқарып отырған айбоз ақын Əміре Əрінұлындай рухани əкеме деген алғысым шексіз! Қазақ сөз өнері һəм журналистикасы жасасын!» – деп, Асыл сұлтанғазы сөзін аяқтады.
Оған қоса, Қазақстан Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев пен ҚР Құрметті журналисі Мамадияр Жақып сөз сөйлеп, облыстық газеттердің 100 жылдығымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Өз кезектерінде мерейтойлық екі газеттің бас редакторлары Атсалим Идигов пен Әміре Әрін қалам иелеріне құрмет көрсетіп, сапалы жұмыс атқаруына қолайлы жағдай туығызып, қамқорлық танытып отырған облыс басшылығының атына ерекше ризашылықтарын білдірді. Бұдан былай да мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілетуде лайықты үлес қосатындықтарына сендірді.
Шара соңы мерекелік концертпен және салтанатты кешкі аспен жалғасты.
Ал тағы бір пәтер иегері Мәулен Әнербай болса, өзінің әлеуметтік желісінде: «»Жетісуым», жүз жасқа толдың міне,
Кәугер атандық-ау сол күнге де.
Сүйіншің дайын болса, мен дайынмын,
Ағайын, баспаналы болдым міне!«Алланың қалауымен жүз жасаған басылым «Жетісу» газетінің арқасында баспаналы болып жатырмыз. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы, бас редакторымыз Әміре Әрін және де қамқорлығына алып, өлшеусіз қуаныш сыйлаған барша аға, әпкелеріме алғыс айтамын. Пәтерлеріңіз құтты болсын, әріптестер!»» — деп, өз қуанышын оқырмандар алдына жайып салды.