Әке арманын арқалаған қыз
Менің спортқа деген қызығушылығымды әкем оятты. Дзюдоға келуіме де себепкер – өзі. Әкем бала кезінде күреске қатысуды қатты армандапты. Бірақ ауылдарында ондай үйірме болмаған екен. Осылайша бала арманына қолы жетпей ер жетеді. Кейін мен өмірге келген соң, бала кездегі арманы есіне түсіп, өзі шыңын бағындыра алмаған мақсатына «ең болмаса қызым жетсін» деп, мені берген. Ол кезде домбыра үйірмесіне қатысатын едім. Анам әкемнің ұйғарымын естігенде біраз қарсылық танытты.Домбырада қала бергенімді жөн санады. Қанша дегенмен, дзюдо мен домбыраны салыстырғанда, дзюдо қыз балаға қиын болатынын айтты. Әкемнің бұл шешімі мен үшін де күтпеген жағдай болды. Алғашқыда не үшін бұлай шешкенін түсінбедім. Сонымен не керек, әкемнің сөзі – заң. Мен дзюдо үйірмесіне баратын болдым…
Алғашқы қадамдар
Алғашқы жаттығу күнім әлі есімнен кетпейді. Өзің мүлдем білмейтін спорт. Жан-жағыма қарап, жаттығып жатқан балаларды бақылап тұрдым. Олардың жасап жатқан әдіс-тәсілдері маған ерсі әрі қызық көрінді. Бәрі жат сияқты. Сонда мені алғашқы жаттықтырушым Саят Құдайберген жылы шыраймен қарсы алды. Менің спортқа деген махаббатымды, құштарлығымды оятқан сол кісі. Басқа мықты спортшы аға-әпкелеріміздің видеоларын көрсетіп, жігерлендірді. Менде де сондай бір биік белестерді бағындырсам, жеңіс тұғырында тұрып, еліміздің көк туының астында әнұран шырқасам деген арман оянды. Бірақ дзюдо үшін жай ғана арман жеткілікті емес екен. Басында өте қиын болды. Себебі бұған дейін спорттан мүлдем хабарым жоқ еді. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, дзюдо – өте күрделі спорттардың бірі. Өзіне тән түрлі айла, әдіс-тәсілдері бар. Соларды меңгеру кезінде біраз қиналдым. Сол кездерде жаттықтырушыларым маған ұрыспай, керісінше, жігерімді жанып, төзімді болуға үйретті. Түрлі ақыл-кеңестерін берді. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, біздің спортта жаттыға-жаттыға чемпион боласың. Тек сабырлы болу керек, жаттығу керек. Үйірмеге келгеніме бір айдың көлемі болған кезде жаттықтырушыма келіп, жарысқа қатысып көргім келетінін айттым. Сол тартыстың аурасын сезініп, қалай өтетінін білгім келді. Сөйтіп, жаттықтырушым мені Талдықорған қаласының жанындағы Леңгір елдімекенінде өтетін турнирге апарды. Жарысқа шығып, бағымды сынап көретінім үшін қандай қуанышты болсам, «Жеңіліп қалсам не болады?» деген оймен сондай қобалжыдым. Өйткені менің салмағымда үш қыз бар екен. Олар да мен сияқты дзюдоға енді қадам басқандар екенін білсем де, үрейімді жеңе алмадым. Бірақ ағайым менің сол күйімді көріп, өте жақсы қолдау білдірді. «Сен мықтсың! Жеңесің»,-деді. Сөйтіп өзіме деген сенімім артып, татамиге шықтым. Шынында да, үш қызды да еш қиындықсыз жеңіп кеттім. Қуанғаным соншалықты, төбем көкке сәл ғана жетпей қалған болар (жымиып)?! Бірінші орын алып, жеңіс тұғырында тұрғанда кеудемді зор мақтаныш кернеді. Себебі ол турнирді көруге, маған қолдау білдіруге әкем мен анам да барған болатын.
Алғашқы жеңісім – осы. Алғашқы жеңілісім де күні кеше ғана болғандай көз алдымда. Бұл 1997 жыл болатын. 1997 жылғы қыздар арасындағы Республикалық турнирге бардық. Бірінші кездесуімде өте тәжірибелі палуан қызға ұтылып қалдым. Онда да таза жеңіс емес, «Юка» әдісімен алып кетті. Алғаш рет жеңілістің ащы дәмін осылай таттым. Қатты қапаландым. Жаттықтырушым, ата-анам әлі кішкентай екенімді, жарқын жеңістерімнің алда екенін айтып жұбатқандары есімде. Бірақ намыстан өліп кете жазадым. Ұтылуды жек көрдім. Әкем маған сеніп отырғанда, сенімін ақтамай, жеңіліп қалғаным үшін жыладым. Бұдан былай әке сенімін ақтаймын деп өзіме серт беріп, мақсат қойдым. Содан болса керек, ешқашан спортты тастап кету туралы ойламаппын. Әрине, одан кейін де жеңілген кездерім болды. Бірақ әр жеңіліс сайын өзімді жігерлендіріп, қайрап, жаттығуымды үдете түсемін.
Азия Кубогындағы жұлдызды сәт
Сондай ірілі-ұсақты турнирлерге барып, бағымды сынап, тәжірибе жинап жүрген күндердің бірінде жаттықтырушымыз Қырғызстанда өтетін Азия Кубогына баратынымызды айтты. Ол үшін Талдықорған қаласындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, физикалық даярлықтан өтіп, әдіс-тәсілдерімізді шыңдадық. Шынымды айтсам, Кубокта жеңіс тұғырынан көрінетініме сенімді болдым. Себебі хаттамадан қарсыластарымның бұрын кездесіп көрген, айла-тәсілдерін білетін қыздар екенін көрдім. Татамиге шыққанда айым оңынан туып, чемпион атандым.
Бұл мен үшін бірінші Азия Кубогы емес. Бұған дейін Алматыда өткен Азия Кубогына қатысып, онда да жеңімпаз болғанмын. Осы жолы Кубокқа Азия құрлығындағы он үш мемлекеттің спортшылары бақ сынауға келді. Бірінші белдесуім финал үшін болды. Онда Зимбабведен келген қызбен шықтым. Ол бір минуттың ішінде үш рет ескерту алып үлгерді. Себебі дзюдоның да өз ережелері бар. Оны бұзсаң, ескерту береді. Менің қарсыласым бір рет қармау әдісін дұрыс ұстамады. Екіншіде татамидің күрес аймағынан шығып кетті… Финалда орыс қызбен кездестім. Ол төменгі топта бәрін жеңіп келіп, финалға өткен. Оны өзімнің «коронный» әдісім «охват» деген тәсілмен жеңдім.
Жеңіске жеткен сәтте қуанышты болдым. Жаттықтырушыларым да қуанды. Жеңіс тұғырында тұрған кезде, әнұранымыз шырқалып, өзіміздің көк байрағымыз жоғары көтеріліп жатқанда кеудемді патриоттық сезім кернеді. Ол сезім әрбір спортшыға таныс деп ойлаймын. Тіпті сөзбен жеткізе алмаймын.
Қазір, Алла қаласа, қазан айында өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатына дайындалып жүрмін. Бұйыртса, онда да Азия Кубогындағыдай нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды саламын. Ал ең үлкен әрі ең қалаулы арманым – 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға ілігу. Сол арман-мақсаттарыма жеткенше, күресемін. Бәріне қол жеткізген соң, өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді жаттықтыратын, бар білгенімен бөлісетін білікті жаттықтырушы болғым келеді.
Спорт һәм спортшы жағдайы
Менің ойымша Қазақстан Республикасында спорт қарқынды даму үстінде. Себебі жыл сайын еліміздің спорттағы әлеуетін арттырып, спортшыларды бәсекеге қабілетті ету үшін неше түрлі жағдай жасалып жатыр. Жарыстардың бәріне ақша бөлінеді. Оқу-жаттығу жиындарында жаттығу залдары, қонақ үйлердің бәрінде керекті жағдай жасалынған. Өзіміздің облыстық басқарма да, Қазақстан Республикасының Дзюдо федерациясы да бізді назардан тыс қалдырған емес. Кимономызды, спорттық киімдерімізді беріп, ай сайын шәкіртақымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл соңы емес. Барлығы алда деп ойлаймын. Мәселелердің бәрі шешіліп келеді. Менің ойымша, біздің елде спортшыларға жақсы көңіл бөлінеді.
Спортшыға ең бірінші қолдау керек. Жаттықтырушылары, жақындары, достары, Қазақстан халқы қолдап, сенім артып тұрса, әрбір жекпе-жегіңде тілеулес болса, одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.
Арман, жанұя, достық, мақтаныш
Отбасымда ең үлкені менмін. Менен кейін екі сіңілім, екі бауырым бар. Үлкен сіңілім өнер жолында. Ән айтқанды жақсы көреді. Әрқашан да концерттерде әннен шашу шашып, өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Одан кейінгі сіңілім би үйірмелеріне қатысады, мың бұралып билейді. Бауырларым болса, біреуі бокс үйірмесіне қатысады. Екіншісі кішкентай. 1-сыныпта оқиды.Бірақ әкем оны да дзюдо үйірмесіне апаруды жоспарлап жүр. Себебі спортқа жақын. Жарыстардан жеңіспен оралғанда медальдарымды көріп, «Менің де осындай медаль алғым келеді» деп, шетелдерге туринирлерге барып келгенімде де өзінің солай сапарға шыққысы келетінін айтады. Қызығып жүреді. Анам шаштараз, әкем жүргізуші болып жұмыс істейді.
Мен үшін ең үлкен мақтаныш – Олимпиада чемпионы болып, әкемнің сенімін ақтау. Бүкіл қазақ елі қуанып, бөркін аспанға атып жатқан кезде әкемнің жанарынан ризалық сезімін, менімен мақтанатынын көргім келеді. Өздеріңіз білетіндей, осы күнге дейін дзюдодан ешбір қазақ қызы Олимпиада чемпионы болмаған. Сол олқылықтың орнын толтырғым келеді.
Спортта жалғыз досым бар. Есімі – Нұрсұлу Ералиева. Ол Азия чемпионатының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының бесінші орын иегері. Екеуіміз жарыстарға әрқашан да бірге барамыз. Оқу-жаттығу жиындарында да жұбымыз жазылған емес. Татамиге шыққанда бір-бірімізге қолдау көрсетеміз.
Өмірлік ұстанымым – «жұрт не десе де дей берсін, олардың арасында небір адамдар бар». Біз спортта жүрген соң, адамдар неше түрлі пікірлерін айтып жатады. Жеңіліп қалсақ, әлеуметтік желілерге біз туралы түрлі жағымсыз ойларын жазып жатады. Ешбіреуіне мән бермеуге тырысамын. Ал спортта «Бәрі болады, бірақ бірден емес» деген ұстанымым бар.
Жаттығулардан, турнирлерден қолым бос кезде ас үйден табыламын. Түрлі тамақ жасап, тәттілер пісіргенді жаным сүйеді. Одан бөлек достарыммен көңіл көтергенді, отбасыммен уақыт өткізгенді ұнатамын.