Ата-анаға көз қуаныш,

Алдына алған еркесі.

Көңіліне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой өлкесі, − деп кемеңгер Абай ақын өлеңмен өрнектегендей, перзент сүю – адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқан ең бір хикметті құбылыс, әр ата-ананың жан қалауы. Өйткені, бала − өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Құдай тағаланың берген сыйы, аманаты. Шал ақынның «Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, Перзент сүймей, адамның мейірі қанбас» деуі де осыдан шығар.

Психология ғылымы бала тәрбиесін физиологиялық-психологиялық әрі сана-сезімнің даму ерекшеліктеріне сай кезеңдерге бөліп қарастырудың пайдалы екенін айтады. Себебі, даму барысындағы әрбір кезең баланың тіршілігі, айналасындағылармен қарым-қатынасы, ой-сананың даму дәрежесі және белгілі бір физиологиялық ерекшеліктері арқылы сипатталады. Соған орай психолог ғалымдардың бірқатары баланың өсу шағын «сәбилік шақ, балдырған шақ, мектепке дейінгі шақ, бастауыш сынып кезеңі» деп сатылап қараса, бірқатары «алғашқы сәбилік, сәбилік, естиярлық, ересектік» деген тәрізді топтарға бөледі. Бұл бала жасының әрбір кезеңіндегі өзіндік ерекшеліктерін айқындауға көмектеседі.

Балалық шақтың әдепкі баспалдағы – сәбилік кезең. Қасиетті Құран кәрімде бұл шақ бірнеше мәрте қайталанған. Ол мәселенің аса маңыздылығын білдірсе керек. Аталған кезең бала туылған сәттен бастап, екі жасқа дейін жалғасады. Қасиетті кітабымызда сүт ему уақыты екі жыл екендігі айтылған. Көбіне ата-аналар бала тәрбиесінде сүт ему кезеңінің маңыздылығына аса мән бермейді. Алайда, баланы тазалыққа, белгілі бір тәртіпке үйрету кезі нағыз осы айлар болса керек. Сонымен қатар сәби кездегі қорек баланың болашақтағы денсаулығына бірден-бір әсер ететін маңызды фактор екенін медицина да дәлелдеп отыр.

Психологтардың айтуынша, баланың өзіне деген сенімділігі, тұйық немесе ашық мінезділігі, тартыншақ немесе батыл болуы да осы кезеңде қалыптасады екен. Тіпті ата-ананың, әсіресе сүт емізіп жатқанда сәбиді шешесінің мейірлене құшағына басуының өзі маңызды. Осыған қарай баланың бойында оптимистік немесе пессимистік қасиет пайда болады. Сондай-ақ баланың зерек, еңбекқор, өмірге бейімді боп өсуіне әсер ететін жүйке жүйесі де осы кезден қалыптаса бастайды. Сондықтан сәбилік кезең де өз алдына маңызды. Енді сәбилік кезеңнен бастап бала тәрбиесінде қандай амал-әрекеттердің өсиет етілгеніне тоқталайық:

Бала тәрбиесі

Туылғаннан омыраудан шыққанға дейінгі кезеңде бала тәрбиесі жоғарыда аталған қадамдармен басталады. Сонымен қатар, бұл кезеңде ең бастысы баланың жақсы тамақтанып, денесінің дұрыс өсуін қадағалау қажет. Дінімізде де көбінесе осы мәселелерге назар аударылған. Мысалы, ананың омырау сүті баланың бойында тұрақты қалыптасатын мінез-құлыққа үлкен әсер етеді. Қазақтың «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деуінің мәнісі осында. Бір хадисте баяндалғандай «Нәрестеге берілген сүт адамның табиғаты мен мінез-құлқын қалыптастырады».

Ата-ана міндеттерінің бірі – өз асының адалдығына, сондай-ақ бала-шағасына берер нәпақасының да адал болуына мән беруі керек.

* Ақпарат «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.