Жауынгердің демалыс уақыттарын ұйымдастыру — армиялар ұйымдастырыла бастағаннан бергі мәселе. Жауынгерге майдан жаңа міндеттерді түсіндіріп, жаңа ақпарат беруге; оның қазіргі психологиялық ахуалын сараптауға майдан даласында, қоян-қолтық ұрыс кезінде мүмкіндік жоқ. Ендеше бос уақыт кезінде жауынгердің жеткілікті тынығып алуымен қоса — кәсіби жетілуін, моралдық-психологиялық дайындығын ұштап алу — бағзы замандардан бері келе жатқан күрделі мәселе.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің біртұтас орган ретінде қалыптасып, әскери ұйымдасудың заманауи форматына келген уақытын Екінші Дүниежүзілік Соғыс кезеңінен бастасақ, біздер жауынгердің демалысын ұйымдастырудың кеңестік үлгісі әлі күнге дейін өзекті екенін көреміз. Себебі, жауынгерлердің саяси сауатын, моралдық ахуалын қадағалап қана қоймай, оның дем алуына жеткілікті уақыт қалдыру да маңызды. Мысалы, естеліктерде кейбір замполиттердің саяси тәрбие жұмыстарын тым асыра сілтеп, есесіне тынығып алуға уақыттың аз болғаны айтылады.

Бұған қоса жауынгердің бос уақытын — бейбіт кезеңдегі азаматтардың демалысы сияқты еш қарастыруға болмайды. Себебі ұрыс жағдайында — «бос уақыт» әскери техниканы жөндеуге немесе сайлауға, қателерден қорытынды шығарып, жаңа жоспар құруға кетеді. Ендеше, «әскеридің бос уақыты» деген салыстырмалы ғана түсінік. Кейбір естеліктерде саяси тәрбие жұмыстарының танк жасақтары үшін тиімсіз екені айтылған. Себебі танкистер онсыз да көп уақытын күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстарына мәжбүр болатын. Десек те, оқу-тәрибе жұмысының тап осы бос уақыт кезінде өткізу дәстүрге айналып кетті, және дербес Қазақстанда әлі де жауынгердің рухы мен машығын жетілдіретін уақыт болып қалып отыр.

Жауынгердің бос уақытын ұйымдастыру — күрделі жұмыс. Жауынгерге мерзімді баспасөздің және кәсіби немесе арнайы әдебиеттің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету; хат-хабар алмасуын қамтамасыз ету; бөлімше орналасқан елді-мекенге немесе майдан маңындағы қалашықтарға серуендеп келуінің тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қалыптасып отырған ахуалға немесе ағымдағы жаңалыққа байланысты жауынгер үшін түсіндірмелер дайындау — міне, бұл жұмыстардың бір парасы ғана. Бұған қоса, жауынгерлер орналасқан елді-мекен тұрғындарына үлгілі азамат болуы тиіс. Әскерилердің жергілікті егін науқанына, құрылысқа, табиғи апат кезінде көмектесуі; мәдени шараларға ат салысуы — армияның ел арасындағы беделін көтеріп, абыройын асқақтатады. Бұл тарихи дәлелденген. Ендеше, қатардағы еңбек демалысы мен жауынгердің демалысын бір сызық бойында салыстыруға болмайды.

Қазақ жауынгерінің демалысы

Қазақстан Қарулы Күштері үшін жауынгердің бос уақытын ұйымдастыру — жалпы әскери тәртіптің ажырамас құрамдас бөлігі. Уақтылы және тиімді демалудың жауынгердің рухани ахуалына және денсаулығына тікелей әсері ешқашан назардан тыс қалған емес. Мысалы, жаңадан жобаланып жатқан казармаларда демалыс, оқу бөлмелері мен жаттығу залдары бірден қарастырылады. Бұған 2016 жылдан бері тапсырылып жатқан аймақтық командованиелердегі жаңа әскери нысандар куә. Оларда жауынгердің барлық сұранысын бір аумақтың ішінде қанағаттандыру мүмкін болып отыр.

Бұл жерде жауынгердің демалысын бірнеше бағытқа бөлуге болады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгердің шығармашылығынан бастап, спорттық немесе кәсіби сұраныстарын өтеуге толық қабілеті бар. Тіпті кадрлық әскерилердің отбасыларын қамтитын спорттық-мәдени шаралар да өткізіліп тұрады. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің ЦСКА спорт комитетінің ұйымдастыруымен «Жас әскер барысы» турнирі өткізіліп, оған еліміздің барлық түкпірінен әскери қызметкерлердің елуден астам баласы қатысты. Палуандар әскерден шыққан Ольга Рыпакова, Анатолий Храпатый, Серік Сапиев, Дәулет Тұрлыханов, Еламан Ерғалиев сынды даңқты чемпиондардың ізбасарлары бар екенін көрсетті. Айта кету керек, бұл жарыста кішкентай палуандарды әскердің орталық спорт клубының (ЦСКА) кадрлық резервіне қою мақсаты да болды. ҚР ҚМ Спорт комитетінің басшысы полковник Расул Мейірмановтың айтуынша, ендігәрі әскерилердің балалары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттау және оларды тегін спорттық жарақтармен қамтамасыз ету жоспарлы түрде жүргізілмек.

Сонымен бірге, әскер қатарындағы жауынгерлердің өзінің спортқа қабілетін сынап көруге барлық деңгейдегі жарыстарға дайындалуға және қатысуға толық мүмкіндік берілген. Бұл өз кезегінде жас таланттардың әскери қызметтен тыс уақытта шығармашылық әлеуетін көрсетуіне септігін тигізіп жатыр. Мысалы, Тараз және Бішкек қалаларында, мемлекеттік және қоғамдық қайраткер Дінмұхамед Қонаев атындағы және Қырғыз Республикасынан шыққан ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Каныбек Осмоналиевтің сыйлықтарына Халықаралық турнир өткізілген болатын. Еркін күрестен турнирге әлемнің 10 елінен 150-ден астам палуан қатысты. Бұл жарыста да ҚР Қорғаныс Министрлігінің спортсмендері биік тұғырдан көрініп, сержан Әділет Даулымбаев 86 килограмм салмақта жеңімпаз атанды. Ал 94 килограмм салмақта ҚР ҚМ Орталық спорт комитетінің палуандары алтын және қол медальді иеленді.

Бұған қоса, Қорғаныс Министрлігі мәдени шаралар да жиі өткізіп тұрады. Онда жауынгердің өнерін паш етіп қоймай, олардың басқа ел мәдениетімен танысуына да барлық жағдай жасалады. «Жас ұлан» әскери ән байқауы әлдеқашан елдің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген шара. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жанындағы Ұлттық әскери-патриоттық Орталық ұйымдастыратын бұл шара әскер қатарындағы әншілердің өнерін паш ететін тұғырға айналды. Байқаудың лауреаттарының қатысуымен болатын гала-концерт еліміздің мәдени өміріндегі елеулі құбылыстардың бірі. «Жас ұлан» байқауы лауреаттарының XIX фестивалі де елімізге жаңа таланттарды паш етті. Сахнаға финалдық тыңдауларда іріктелген әншілер шығып, сынға түсті. Қазылар ән орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарды вокал, фольклорға жақындығы, ВИА және орындаушы деген үш номинация бойынша бағалады. ҚР ҚК әуе қорғанысы күштерінің радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Дәулет Жаңабай үздік вокалист номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал үздік фольклорлық орындау номинациясы бойынша бірінші орынды 51051 әскери бөлімінің әскери қызметкері Аманжол Мұратов иеленді. Ал үздік вокалды-инструменталды ансамбль деп ҚР ҚК жанындағы Ұлттық әскери-патриоттық Орталықтың «Жас сарбаз» атты балалар ұжымы танылды. ҚР ҚК жаяу әскерлер институтының «Болашақ» балалар тобы көрермендер көзайымы деп танылса, 54380 әскери бөлімшенің шығармашылық ұжымы ынталандыру сыйлығын иеленді. «Жас ұлан» XIX Республикалық әскери әндер фестивалі бас жүлдесі Гран-приді «Шығыс» аймақтық командованиесінің шығармашылық ұжымы жеңіп алды. Бас жүлдені табыстаған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов бұл шараның Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылғанын және әскердің шығармашылық өмірінде елеулі орын алып отырғанын атап өтті.

Әскери өмірдің бұрынғыдай тек қана темірдей тәртіп аясындағы сұрқай ғұмыр емес, шығармашылық пен кәсіпті ұштай түсетін мектеп ретіндегі рөлі артып келеді. Және ол үшін барлық жағдай жасалып отыр. Қатардағы жауынгер немесе әскери қызметкерге казармадағы демалысын пайдалы өткізуге, азаматтық өмірдегі машықтарын жетілдіре түсуге еш кедергі жоқ. Бұларға қоса, әскери ведомство журналистерге арналған тренингтерден бастап, шеберліктерін көрсету қойылымдарына дейін өткізіп жатыр. Әскер қатарына шақырылатындарға арналған «Астана» аймақтық командованиесі өткізетін «Айбын сабақтарынан» бастап, Қарулы Күштер күніне арналған парадқа дейін жауынгердің барлық қырларын ашып көрсететін сын алаңдары десе де болғандай.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!