Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Шыныбеков, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Саратов облысы, Александров Гай муниципиалды ауданы басшысының орынбасары Алла Луговская, БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтер құттықтау сөз сөйледі.
Қатысушылар алдында 100 домбырашы қазақтың күйлерін орындап, ақындар Қайыңды қызғалдағына арналған өз туындыларын оқып берді. Ашылу салтанатынан соң қонақтар арнайы ұйымдастырылған этноауылды тамашалады. Этноауыл әртүрлі бағыттағы секторлардан жабдықталған. Мұнда қазақ ұлтының ежелгі ұлттық қолөнері, тағамдары, зергерлік бұйымдары, ұлттық киімдері және салт-дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік берілген. Фестивальдің құрметіне Қазталовтан Қайыңдының қызғалдақты алқабына дейін веложорық ұйымдастырылды. Сол веложорықшылар ауданның Бостандық, Жаңажол, Жалпақтал, Ақпәтер ауылдық округтерінің үстімен өтіп, барлығы 150 шақырымды артқа тастап, фестиваль өтіп жатқан алқапқа келіп, сап түзеді. Қызғалдақты алқапта көрермендерге қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындары – садақ ату, аударыспақ, күрес, күш сынасудың көріністері ұсынылды.
Айта кету керек, ән байқауына Батыс Қазақстан облысынан бөлек, Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды қалаларынан және Ресей елінің Самара, Орынбор, Саратов облыстарынан 30 үміткер қатысуға ниет білдірді. Байқауға төрелік еткен әділқазылар алқасының құрамында «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» Гүлнар Дәукенова, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Дина Хамзина, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, әнші Марат Сарбөпеев болды.
Фестиваль қорытындысында III орынды Қазталов ауданынан Асхат Нығметов, Орал қаласынан Азамат Амангелді, Сырым ауданынан Асыл Әбуғалиева иеленді. II орынды Теректі ауданынан Айбек Дәулетқалиев пен Орал қаласынан Тарас Жауымбаев өзара бөлісті. Жүлделі I орынды Орал қаласынан келген Дамир Сатыбаев жеңіп алды. Бас жүлде Қазталов ауданының талантты жас әншісі Айымбек Сәртөковке табысталды.