Арман: Үйленгеніме 2 жыл болды. Жұбайым сыйлық жасағанды жақсы көреді. Кездесіп жүргенімізде де үнемі түрлі сыйлықтар сыйлайтын. Жақында ұлды болдық. Маған сыйлаған ең қымбат сыйлығы сол болды. Басқа сыйлық күтпеймін де. Әрине тәтті тамақты санамағанда (күліп).

Жасұлан: Қыздардың: «Жігіттерге сыйлық таңдау қиын. Ештеңе жоқ» деген бір сылтауы бар. Көп жігіттер соған көне салады. Негізі біздің де қыздар сияқты қалауымыз бар. Бізге жуынуға арналған гель, қырынуға арналған пена, нәски сыйлауды қойса екен деймін. Шын сыйлық жасағысы келген адам жолын табады. Кездесіп жүрген қызыммен мереке алдында не қалайтынымызды айтып, келісіп аламыз. Сонда ешкім бас қатырмайды. Сен де қалағаныңды аласың, оған да ойланудың қажеті жоқ.

Ерлан: Жасым 19-да. Кездесіп жүрген қызым жоқ. Бірақ, екі қарындасым мен апам бар. Сыйлықты бауырларымнан күтемін. Қолдан жасалған ашық хат немес киноға билет алып берсе де қуанып қалар едім.

сыйлық
©Brainum.ru

Әсет: Бұл мерекені әскерге барып келгендер тойлау керек емес пе? Денсаулығыма байланысты әскерге бара алмай қалдым. Егерде қызым сыйлық сыйласа, ұялып қалатын шығармын (күліп). Негізі сыйлыққа «Smart» сағатын алғым келеді.

Бауыржан: Ешқашан бағалы сыйлық алып көрмеген соң ба, бұл туралы ойланбайды екенмін (күліп). Бізде сыйлықты тек қыздарға ғана сыйлайды деген ой қалыптасып кеткен ғой. Шыны керек, жеке ноутбугымның болғанын қалаймын.

Марғұлан: Жақында әскерден келдім. Әскерде қатаң тәртіпте болған соң, түрлі сыйлықтарды қалайсың ғой енді. Үйде қыздар көп. Соған орай сұраныс та көп болайын деп тұр. Мысалы «Asics» брендінің кроссовкиін, сапалы әмиян сосын «Bvlgari» әтірін сыйласа екен деймін.

Самат: Шаңырақ құрғаныма 3 жыл болды. Мереке болсын, туған күн болсын әйелім үнемі торт пен тәттілер пісіріп, дастархан жаяды. Тамаққа тойып аламын да, соған мәз боп қаламын. Біз, еркектер, ондайға аса мән бермейміз ғой. Әйелдер секілді қымбат әтір, тон, телефон сұрамаймыз. Бізге оның керегі де жоқ, шынын айтсақ. Үнемі ас үйден тәтті тамақтың иісі шығып тұрса, маған сол да сыйлық.

сыйлық
©wizzewasjes.be

Дулат: Біздің әр күніміз мереке ғой. Бірақ сыйлық алғанды кім жек көрсін. Өзім футболға қатысамын. Жақында Ресейде футболдан Әлем чемпионаты болады. Соған билет алып берсе ғой деп армандаймын. Тым қымбат сыйлық сұрадым ба (күліп)?

Шәміл: Жақында басқа қалаға бокстан жарысқа кетемін. Соған жолдорбам жоқ. Оның жыртылып қалғанын қызым біледі. Сол ымдағанымды қызым түсінсе ғой (күліп). Басқа нәрсеге ақшасын жұмсағанша, пайдалы бір нәрсе алып берсе жақсы болар еді.

Шыңғыс: Ешқашан сыйлық алмаппын. Жұбайымның айтуынша, әскерге бармағандар бұл мерекені тойламайды. Бірақ мұның бәрі көңіл ғой. Не сыйласа да, «Мерекеңмен! Арнайы саған алдым» деп айтса, соған да қуанып қалар едім. Еркектерге бастысы көңіл бөліп, бір мақтап қойсаң жетеді.