Басты бетЖаңалықтарОралдық жастар...

Оралдық жастар «100 жаңа оқулық» жобасы аясында оқытылуда

Тарихи, рухани маңызы бар жерлерді аралап көру арқылы ата-баба ұлағатын сезінуді көздеген жастар «Еліме саяхат» тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырғалы отыр. Алғашқы сапар — еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан, Шымкент шаһарларынан басталмақ.

«Алғашқы баратын жеріміз – Сайрам ауданы. Мұнда Ибрагим ата, Әбділ Әзіз баб, Қарашаш ана кесенелерімен танысу көзделуде. Мұнан кейін Отырар, Бәйдібек аудандарын араламақпыз. Түркістан қаласында Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың кесенелерін зиярат етіп, көрген-білгендерімізді облыс жастарымен бөлісеміз. Сондай-ақ экспедиция барысында бейнеблог жүргізіп, репортаж жасайтын талантты жастар іздестірілуде. Экспедицияға барғысы келетін жастар біздің орталыққа келіп, өздерінің кандидатураларын ұсынуларына болады. Шамамен 7 мамырда басталатын алғашқы саяхатқа 15 адамды қатыстыруды жоспарлап отырмыз», — дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Гүлжанат Қаленова.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген 18 кітаптың 3-еуі бүгінгі таңда «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалына жеткізілген. Жастар аталмыш кітаптарды оқуды бастап та кеткен.

Тақырыбы жағынан өзімнің атқарып жүрген жұмысыма тікелей қатысы бар «МЕДИА ЭТИКА жас мамандардың тәжірибесінен» атты кітапты оқып жатырмын. Қызықты оқылады. Аристотель, Сократ, Платон секілді ғұламалардың күнделікті өмірде пайдаға асатын еңбектері келтірілген. Мысалы маған ерекше әсер еткен тұстарының бірі — Платонның «Үңгір аллегориясы». Оның мағынасына тоқталар болсақ, үңгірдегі адамдар алға қарай жүруді ғана біледі екен. Олардың ішінен біреуі үңгірден кері шығып, сырттағы жарық тіршілігін көріп келіп, сол туралы әңгімелесе, іштегі адамдар оған сенбейді. Кей кезде бүгінгі қоғам өмірінен де осыған ұқсас жайттарды аңғару қиын емес, — дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының менеджері Зарина Ықсанова.

Жиынды жүргізген «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жастар белсенділігімен қолға алынған, рухани жаңғыру аясында болашақта іске қосылатын «Елім менің» сайтының жалпы жобасы туралы баяндап берді.