Қоғамның береке-бірлігіне әрдайым ұйытқы болып, игі бастамаларды іске асырып жүретін Ассамблея ұжымы биыл Зеленов ауданының шалғай жатқан Өркен ауылына осындай сый жасауды ұйғарды. Ассамблеяның ХХVI сессиясы қарсаңында халық игілігіне ұсынылған саябақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында іске асып отыр.
«Жобаға қазынадан ешқандай қаражат бөлінген жоқ, барлық шығынды Ассамблея мүшелері теңдей бөлісіп, қолдау білдірді. Саябақты гүлзармен көмкеру мақсатында алдымен 40 сантиметр қалыңдықта қара топырақ төгіліп, жаяу жүргіншілерге өрнектас төселді», — деді БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының мәдени демалуына барлық жағдай жасалған екен. Баққа алма, шие сынды жеміс ағаштары мен көктерек көшеттері, барлығы 340 түп көшет отырғызылып, гүлдер егіліпті. Өскіндерді суару үшін жерқұдық соғылып, сусорғы орнатылған. Әдемі қоршалған саябаққа БҚО халқы Ассамблеясы құрамына енетін барлық 16 этномәдени орталық мүшелері бірігіп, 10 млн.теңгеден астам қаржы құйыпты. Бұл БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алып отырған екінші жобасы. Өткен жылы дәл осындай саябақ Қазталов ауданында жасалып, 260 түп көшет егілген екен.
«Ауылымызға рухани жаңғырудың жаңа лебі келіп, қуанудамыз. Ауыл ажарын аша түскен саябақ жұмысына 80 түтінді елді мекеннің 400-ден астам халқы түгелге жуық атсалысуда. Сонымен қатар, бүгін облыстан Ассамблея өкілдері келіп, бір үйдің баласындай жұмылуда. Көрген көз сүйсінетін тамаша көрініс елдегі бекем бірліктің, өзара түсіністік пен сыйластықтың арқасы. Шағын ауылымызда өз алдына мәдениет ошағы болмағасын үлкен-кіші, жастар мерекеде мектепте бас қосатын. Енді Ассамблея сыйға тартқан саябақ ауылдың мәдени орталығына айналмақ. Жайқалған теректің саясында, жеміс иісі аңқыған ауамен тыныстап, замандастармен шүйіркелесіп отыратын жайлы орын үшін ауыл халқы атынан алғыс білдіремін. Үлкендердің алдынан кесе өтпейтін ауыл жастарының әр көшетке көңіл бөліп, бақты гүлдендіруіне ауыл ақсақалдары ақылшы боламыз», — деді Өркен ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Мәжит Ибрашев.