Кәсібім — оқытушылық, хоббиім — спорт

Аягөз өзенінің бойындағы Тарбағатай ауылында туып-өстім. Спортқа деген қызығушылығымды оятқан – ауылдағы мектеп ұстаздарының қызметіне деген адалдығы. Мектептегі дене шынықтыру пәнінің ұстаздары әмбебап спортшы болатын. Олар оқушыларды спорттың кез келген түріне баулып, үйрете беретін.

Өзім қарлы, таулы аймақта туып-өскендіктен оқушы күнімде шаңғы теуіп, жаздың күні Аягөз өзенінің бойында жүзумен айналыстым. КСРО кезінде әуе-десант әскерінде 2 жыл қызметте болдым. Осы кезде де жүгіруді тастамадым. Студенттік жылдарда түрлі спорттық секцияларға қатыстым. Кейін оқытушы болғанда да аптасына бір-екі рет жаттығу залына барып тұратынмын. Жүгіруді тұрақты, үзіліссіз, жоспарлы түрде бастағаныма 3,5 жыл болды. Алғашында салмақ тастағым келгендіктен жүгіруді қолға алдым.

Негізі тарих-педагогика факультетінің түлегімін. Магистратура мен докторантураны ҚазҰУ-да әлеуметтану саласы бойынша бітірдім. Бүгінде ЕҰУ-дың әлеуметтану кафедрасының доцентімін. Кәсібім – оқытушы-ұстаз, хоббиім – спортпен айналысу.

Рамазан Саттарұлы
Рамазан Саттарұлы жаттығу үстінде ©Айгүл Хожантаева

Кәсіби де, әуесқой да спортшыға жатпаймын

Осы күнге дейін толық 42 шақырымдық марафонды 4 рет, 21 шақырымдық жартылай марафонды 6 рет, триатлонның үш спринт, бір жартылай темір дистанциясын бағындырдым. Екі рет алты сағаттық ультрамарафонға қатыстым. Сәл-пәл салмақ қуамын деген қызығушылықпен бастаған жүгіру қазір күнделікті өмір салтына айналған. Өзімді кәсіби спортшылармен иық теңестіре аламын деп айта алмаймын. Алайда, әуесқой спортшылардан қарағанда деңгейіміз жоғары. Осындай деңгейде адамдар көп. Оларға жаңа бір сегменттің атауы керек сияқты.

Дүниежүзілік ардагерлер арасындағы чемпион Евгений Медведниковтің нұсқаулығы бойынша жүгіруден дайындаламын. Соңғы кезде американдық тренер Михаил Ивановтың көмегімен триатлонға дайындалып жүрмін. Триатлон — қымбат спорт түрі, байлардың ермегі.

Рамазан Саттарұлы
Рамазан Саттарұлының триатлоннан алған медалі ©Айгүл Хожантаева

«Желаяқ профессор» клубының мақсаты чемпиондар дайындау емес

Университеттегі әріптестеріммен бірге «Желаяқ профессор» клубын ұйымдастырып жатырмыз. Клубтың басты мақсаты – әуесқой балалар мен студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге дұрыс жүгіруді үйрету. Жүгіру спортынан адам ләззат алу керек, жүгіру адамның карьерасын дамыта алуы керек, жүгіру отбасындағы адамдардың қарым-қатынасына да оң ықпалын тигізе алуы керек.

«Желаяқ профессордың» мақсаты чемпиондар дайындау емес, салауатты өмір салтын насихаттап, өмірдің жаңа қырын, жаңа қызықтарын жақсы жағынан таныту. Клубтың жұмыс істегеніне 1 айдан асты. Клубқа кез келген адам мүше бола алады. Алайда клуб мүшелеріне тиісті жарнаны төлеуі керек. Жиналған қаражат қатысушылардың игіліктеріне жұмсалады.

Толық марафонға 1 жыл дайындалу керек

Аптада 7 күн болса, алты күнін жаттығумен өткіземін. Күніне кем дегенде 2,5-3 сағатымды жаттығуға арнаймын. Күнделікті қалыпты жағдайда жаттығу адамды жалықтырып жібереді. Сондықтан, бір күн жүгірсең, келесі күні жүзуге, одан арғы күні велосипедпен серуендеуге болады.

Марафонға қатысу үлкен дайындықты талап етеді. Мысалы, толық марафонды жүгіріп өту үшін кем дегенде бір жыл тұрақты түрде спортпен шұғылдану керек. Ал аз уақыт ішінде жартылай марафонды жүгіріп шығамын деушілердің организмі спортпен айналысуға дайын болуы керек. Бала кезінде спортпен айналысқан адамға марафонға қатысу аса қиындық туғызбайды. Алайда, марафонға қатыспас бұрын толық медициналық тексерістен өтуге кеңес берер едім. Басынан бақайына дейін тексерістен өткен адам ғана өз денсаулығына сенімді болған соң, ұзақ қашықтыққа жүгіре алады. Бірақ, жүгіру сынықтан басқа аурудың бәріне ем.

Рамазан Саттарұлы
Аяққа арналған жаттығудың бір түрі ©Айгүл Хожантаева

Аэроменшілер немесе «темір адам»

Әлемдік статистикаға назар аударсақ, жыл сайын 60 миллион адам марафонға қатысады екен. Ал қазақстандықтардың 1 пайызы ғана тұрақты түрде жүгірумен айналысады. Алайда, жылдан-жылға спортқа деген қызығушылық артып келе жатқаны қуантады.

Аэромен триатлон спортындағы жаттығудың бір түрі. Триатлон спорты жүзуден, жүгіруден және велоспорттан тұратын күрделі жарыс түрі. Олимпиададағы триатлон 1500 метр малту, 40 шақырым велосипед тебу, 10 шақырым жүгіруден тұрады. Ал аэромен дегеніміз 4 шақырымға малту, 180 шақырым велеосипед тебу, 42 шақырым жүгіруден тұрады. Өзім жақында 17 маусым күні Астанада өтетін half-аэроменге қатысуға қызу дайындық үстіндемін. Мұнда аэроменнің жарты дистанциясын бағындырмақпын. Ереже бойынша жартылай аэроменде жүзу 1900 метр, велосипед  90 шақырым, жүгіру 21шақырым. Былтырғы жылы шілдеде аталған қашықтықты 5 сағат 58 минутта бағындырғанмын. Биыл бұл көрсеткішті қысқартуға тырысамын.

Аэроменшілерді «Темір адам» деп атайды. Расымен, осындай үлкен дистанцияны бағындыруға кез келген қарапайым адамның төзімі де, шамасы да жете бермейді.

Рамазан Саттарұлы
«Күн сайын 3-4 сағатымды жаттығуға арнаймын» — Рамазан Саттарұлы©Айгүл Хожантаева

Жетістікке жету формуласы

Осыдан үш жыл бұрын марафондық дайындыққа кіріскенде спортта жетістікке жетудің формуласы қайсы деген сауал туындады. Оны таптым. Ол – күш, уақыт, рух. Бұл тек қана спорттағы жетістіктің формуласы емес, тіршіліктің формуласы.

Зерттеуім бойынша, қаладағы жастардың шамамен 18 пайызы, студенттердің 47 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл жаман көрсеткіш емес, бірақ, бұл көрсеткішті әлі де болса жақсарта түсу керек.

Қазақстанда спорттық инфрақұрылымдар қолжетімді емес. Жаз мезгілінде болмаса, басқа уақытта барлық спорт кешендері, жаттығу залдары мен бассейндер ақылы. Олардың шығыны қарапайым адамның қалтасына ауыр салмақ. Қазақ жастары спортты тамашалауды, жанкүйер болуды жақсы көреді. Оларға жанкүйерлік жеңістен қарағанда өз жеңісінің әлдеқайда тәтті болатынын таныту керек. Өзі спортпен шұғылданатын адамға басқалардың жеңісі маңызды емес.

Жастардың басты жауы — жалқаулық

Осыдан 20-30 жыл бұрын Ирландияның жастары арасында ішімдікке салыну, отбасылардың бұзылуы, көше кезген бұзақылар көп болатын. Әлеуметтанушылар кең етек жайып бара жатқан жаман үрдісті жою үшін әр адамға 500 доллар беріп, спортпен шұғылдануға мәжбүрлеген. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде халықтың ахуалы анағұрлым жақсарған. Жақында ғана осы Ирландияның футбол құрамасы Англиямен тең түсті. Мен де әлеуметтанушы, зерттеуші ретінде мемлекеттен осындай шараларды талап етемін.

Рамазан Саттарұлы
©Айгүл Хожантаева

Қазақ жастарының спортпен шұғылдануына не кедергі деген сауалдың жауабы жалғыз, ол — жалқаулық. Жалқаулықтың артында тоқшылық жатыр. Алайда бұл тоқшылық ата-анаңның, мемлекеттің арқасында екенін ұмытпау керек. Спортпен шұғылдану мемлекет үшін емес, өзің үшін керек. Осыны ұмытпайық!