Жұлдыз Нұрмахамбетова, ата-ана:

“2007 жылдан бастап бала күтуші жалдап келемін. Ол кезде жасым 21-де. Ажырасып, қалаға келген бетім. “Шаштараз өнері және бет бояу” мамандығын жаңа бітіргенмін, тәжірибем жоқ. Онсыз ешбір сұлулық салонына жұмысқа алмайды. Қолымда бір жасар қызым бар. Қалай да жұмысқа шығуым керек болды. Ол үшін бала күтуші жалдаудан басқа амалым жоқ еді”.

Жұлдыз қызын әуелі бір орыс апаның үйіне апарады. Ол кісі сағатына 100 теңге алады екен. Бірақ үйінде ит пен мысық ұстапты. Соны білген күні қызын шығарып алған. Араға уақыт салып Салтанат деген өзбек қызды жалдайды.

Баланы дәретханаға қамап қойған күтуші

“Ол баланы күтумен бірге үйдің жұмысын да істейтін. Ол үшін айына 30 мың теңге төледім. Қымбат болса да, келістім. Себебі үйде отырсам, мүлдем ақшасыз қаламыз. Күтушіміз өзін бір ай бойы жақсы қырынан көрсетті… Кейін қызымның өзбекше сөйлей бастағанын байқадым. Оның үстіне Салтанат та қайта-қайта сұрануды шығарды. Бір күні үйімізге оның жігіті іздеп келді. Күтушіміз жігітін бір түн қондырумызды өтінді. Қарсы болып едім, онда бірге кететіндерін айтты. Сасқанымнан келістім. Аяқ астынан күтуші таба алмаймын, ертең жұмыс дегендей… Бірақ келіскенімді қайтейін, түнімен қорқып шықтым. “Мыналар бізді өлтіріп кетпесе болды” деп ойладым ????”

Бірақ жігіт ертеңінде қайтып кетеді. Бұдан кейін Салтанат тағы бір ай жақсы жұмыс істейді. Бірақ оның да жаман әдеттері болып шығады…

Жұлдыз Нұрмахамбетова 2
Жұлдыз отбасымен ©Сурет жеке архивтен

“Бір күні Салтанат: “Қызымнан бас тарттым. Перзентханаға қалдырып кеттім. Кім асырап алғанын білемін. Осы жағдайдан соң анам ауырып қалды. Ақша сұратып жатыр”,-деді. Жаным ашып кетті. Достарымнан қарызға ақша алып, күтушімнің ақшасын ерте төледім. Ертеңінде жұмысқа кетіп бара жатып, телефонымды ұмытып кеткенім есіме түсті. Үйге келсем, күтушім телефонмен сөйлесі-і-іп отыр. Қызымды дәретханада қамап қойған! Ойланбастан, қуып шықтым. Артынан белгілі болды, ол мен жоқта “восьмеркамен” 80 мың теңгеге сөйлесіп тастапты. Ол ақшаны өзім төледім ☹”.

Осылайша Жұлдыз тағы да бала күтуші іздеп хабарландыру береді. Енді оған әпкелі-сіңлі екі қыз келеді. Біреуі бала күтуші болып, екіншісі Жұлдыздың ата-анасының үйіне үй тазалаушы болып орналасады. Көп уақыт өтпей кішісінің аяғы ауыр болып шығады. Екеуі осы үшін ата-аналарынан қашып келген екен… “Оның үстіне қолдарынан түк келмейтін еді”, – дейді Жұлдыз.

Осылайша уақыт өте береді, Жұлдыздың қызы 2,5 жасқа толғанда бастығы балабақшаға орналастыруға көмектеседі. Алайда бала күтуші жалдау хикаясы бұнымен тоқтамаған…

Баба Ираның балабақшасы

“2012 жылы күйеуге шықтым. Ол кезде қызым 6 жаста еді. 2013 жылы екінші қызымыз дүниеге келді. Бір жыл үйде отырдым, бірақ несиеміз болғандықтан, жұмысқа шығуым керек болды. Тағы да бала күтуші іздедім. Осы жолы таныстарымнан сұрастыра келе,  баба Ира деген орыс әжеге апардым. Үйі кәдімгі балабақша сияқты еді. Ішінде төсегі де, ойнайтын, тамақтанатын бөлмелері, ойын алаңдары бар. Мұнда біз сияқты тағы 4-5 бала келеді екен. Күніне 2000 теңге төлеп тұрамыз. Қызыма ұнады. Білегімді сыбанып, жұмысыма кірісіп кеттім”.

Арада біраз уақыт өткенде Жұлдыз үшінші перзентіне аяғы ауыр екенін біледі. Декреттік демалыс алайын десе, баба Ираның ақшасын төлей алмай қалады. Сосын қызын ол жерден алып, жақын маңдағы балабақшаға береді, бірақ баласы қайта-қайта ауырып қала беретін. Сол кездері Жұлдыздың жұмыс істейтін салонына Альмира деген бір клиент қыз келеді…

Үйден зат жоғала бастады

“Сол кездері мен жұмыс істейтін салонға Альмира деген бір қыз клиент болып келді. Әңгіме арасында бала күтуші іздеп жүргенімді айтқанмын. Ол бұрын сондай жұмыс істеген екен. Соңында менің балаларыма қарап беруге келісті. Күніне 2000 теңге төлеп тұрдым”.

Бір күні Альмира жұмысына келмей қояды. Жұлдыздың қоңырауларына жауап бермейді. Амалсыздан Жұлдыз балаларына өзі қарайды. Сол кезде үйінен киімдерінің, әшекейлерінің, телефон мен “айпад”, тағы сол сияқты заттардың жоғалғанын байқайды.

“Бір күні алтын сырғаларымды таппадым. Кілтпен жабылатын шкафымның есігі сынып қалыпты. Онда бала күтушіден басқа ешкім кірмейтін. Хабарлассам, телефонын көтермейді. Сосын “Сотқа беремін” деп SMS жазып жібердім. Бірден хабарласты. Басында мойындамаған еді, артынан алғанын айтып, кешірім сұрады. Кешірдім, бірақ жұмыстан шығарып жібердім”.

Осылай уақыт өте береді. Жұлдыздың ай-күні жақындайды. Тағы да сол бала күтуші іздеу… Біресе айнаның алдынан шықпайтын, біресе телефоннан бас алмайтын адамдар жолыға береді. Сосын Альмира қайта айналып келеді.

“Ай-күнім жақындап қалғанда оны қайтадан жұмысқа алдым. Дүниеге бола ренжіскім келмеді. Өте ауыр босандым. Жамбасым ашылып кеткендіктен, орнымнан тұра алмай қалдым. Сол кезде Альмира жақсы қарады. Алайда балам қырқынан шығарда ол жұмыстан кетіп қалды. Тұрмысқа шығамын деді. Бес ай өткенде ажырасқанын айтып, қайта келді. Ол кезде өзімнің жеке сән салонымды ашқанмын. Альмира біраз жұмыс істеп, енді аяғы ауыр екенін айтты. (Сол кезде бала күтушімен жолым болмауының себебін іздедім. Мүмкін, Алла балаларыңа өзің қара  деп тұрды ма екен?) Содан не керек, ата-енеміздің үйіне көшетін болдық. Күндіз күйеуім екеуіміз жұмыста болғанда, күтушіміз заттарымызды буып-түйіп қояды. Түнде соларды көшіреміз. Альмираның заттарын да үйіне жеткізіп бердік. Сонда біздің біраз заттарымыз сол қыздың үйіне де кетіпті ғой ”.

Алайда хикая бұнымен тәмамдалған жоқ. Арада екі апта өткенде әжесінің бала қарауға денсаулығы жарамай, тағы да күтуші іздейді. Бұл жолы осы үйдегі үй тазалаушы қызды жалдайды, бірақ ол да ұзақ уақыт тұрмаған. Кейін Гуля тәте деген күтуші алады. 60 мың теңге айлық беріп, балаға қарап отыруын өтінеді. Бірақ бұл да тұрақты емес…

Жұлдыз Нұрмахамбетова
Жұлдыз отбасымен ©Сурет жеке архивтен

«Бұрынғы бала күтушім Альмира қайтадан хабарласты. Босанған екен. Қызын анасы қарайтын болыпты. Қайтадан жұмысқа шыққысы келетінін айтты. Алмайын десем, пысық келіншек, үйдің жұмысына да, балаларға да жақсы қарайды. Оның үстіне ол кезде жүрегім ауырып жүрген еді. Дәрігерлер баланы алдырып тастауға кеңес берген, алғызбадым. Ақыры Альмираны қайтадан алдым. Біраз уақыт өткен соң ол жұмысына құлықсыз бола бастады. Балаларыма ұрсуды шығарды. Шыдамай, жұмыстан тағы шығарып жібердім. Балаларыма өзім қарадым. Бір күні қызық болды…»

Суық түскен соң Жұлдыз балаларын киімін іздесе, ешбірін таба алмайды. Басқа да заттарын түгендесе, қымбат комбинезондар, етіктер, ыдыс-аяқтар, перделер де жоқ екенін аңғарады.

«Бала күтушіме хабарласып, «Анаңа айтып беремін».-дедім. Бірден мойындады. Бәрін әкелетін болып сөз берді, бірақ бір ай өтті, екі ай…заттарым жоқ. Бір күні ол енеме мені жамандапты. Неге олай істегенін білу үшін үйіне барып едім, есігін анасы ашты. Бірақ менің іздеп келгеніме таң қалмады. «Кіріп көр, сенің заттарың бар болса, ала бер», — деді. Кірсем, терезесінде менің қымбат пердем ілініп, батареяларында балаларымның киімдері жайылып тұр. Шкафын ашсам, түгел өзімнің киімдерім. Сосын бұны жайына қалдырмайтынымды айтып кеттім».

Арада біраз күн өткен соң, Альмираның анасы Жұлдыздың заттарын әкеліп береді. «Бәрін қайтарған соң, қызын кешіруімді өтінді. Кешірдім. Әкелген заттарын түгелдей мешітке таратып бердім»,- дейді Жұлдыз.

«2-3 аптадан кейін перзентханаға кеттім. Балаларға қарайтын адам болмаған соң, тағы Альмираға хабарластым, бірақ мен келгенше үйден ешқайда шықпайтынын айттым. Әрең босандым. Ота жасады. Үйге келсем, күтушімнің көңіл-күйі жоқ. Қабағы түсіңкі. Әр жұмысын міндетсініп істейтін болған. Бәлкім қызын сағынған болар деп, үйіне жібердім. Өзімде отаның орны іріңдеп, хәлім нашарлай берді. Баламның да кіндігі 12 күн бойы түспей қойды ????. Келесі күні күтушіміз келді. Әлі ренжіп жүр. Сол күні ұйықтауға жатқанда төсегіме тұз себілгенін байқадым. Не екенін Альмирадан сұрасам, «Білмеймін»,-деп дауыс көтерді. Бұл қылығынан кейін шыдай алмай, ертеңнен бастап жұмыстан шығатынын айттым. Ол сол күні-ақ кетіп қалмақ болды. Онда тағы да заттарымызды алып кетіп бара жатқан жоқ па деп, қалтасын тексерсем, үш бүктелген қағаз тауып алдым. Ішінде орысша «заговор» мен менің есімім жазылған. Сол күні үйден кетті. Осыдан соң, түнімен өзім білетін сүрелерді оқып, үйдің ішіне телефонымнан дұғаларды қосып қойдым. Осыдан кейін барып, жағдайымыз жақсарды, отаның орны жазылып, баламның кіндігі түсті».

Қазір Жұлдыз еш нәрсеге өкінбейді. Тіпті жоғалған заттарының бірде-біреуін қайтаруды талап етпеген. Үлкен қызы 12 жаста. Іні-сіңлілеріне қарай алатын жасқа жетіп қалған…

«Бастысы балаларымыз аман болсын. Алланың өзі бәрін орнына қояды. Төрт баланың анасымын. Бақыттымыз!»,-дейді Жұлдыз.

Жұлдыз Нұрмахамбетова
Жұлдыз қыздарымен ©Сурет жеке архивтен

Қазір мұндай жағдай көптеген ата-ананың басында бар. Бірінің баласы әлі кішкентай болса, екіншісінің балабақшадағы кезегі келгенше, күтушінің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Кейбіреулері жай ғана сән үшін, ақшасы болғаны үшін де жалдайды. Бірақ кейіпкеріміз сынды күтуші жалдап, опық жеп қалғандар да бар. Оның көптеген мысалдарын әлеуметтік желілерден көріп, оқып жүрміз. Мұндай кезде құқықтық тұрғыда не істеуге болатынын білу үшін заңгерге хабарластық.

Нұрсұлтан Қалқашев, заңгер:

Бұған құқықтық тұрғыда не айтуға болады? Мұндай жағдай көп кездеседі. Менің ойымша барлық күтуші болып жұмыс істейтін азаматтарды арнайы тіркеп, оларға жұмыс тауып беріп отыратын ұйымдар болғаны дұрыс. Сол жерде оның барлық жұмыс тарихы, басқа да ақпараттары болады. Алдап кету, ұрлап кету жағдайлары сонда азаяр еді. Қазір адамдар арасында əртүрлі қулық бар. Егер күтуші мен екінші тараптың арасында жазбаша не басқа да дəлелді келісім болмаса олардың арасындағы даудың əділ шешілуі қиын.

Заңгер бала күтуші жалдағанда келісім-шарт жасауға кеңес береді. Ал психологтың айтуынша, күтуші жалдаудың баланың психологиясына да айтарлықтай әсері бар екен.

Мақпал Базарбайқызы, психолог:

Бір қарағанда күтуші жалдау бала үшін жақсы сияқты көрінеді. Баланың анасы да, күтушісі де бар. Екі бірдей адамның махаббаты мен назарына бөленіп жүргендей болады. Бірақ шындығында олай емес. Психологиялық сараптамалар күтуші тәрбиелеген балалардың өскенде өте көп психоэмоционалды мәселелерге тап болатынын көрсетті. Олар өте қиын бейімделеді, алкоголь, наркотик, компьютер ойындарына деген тәуелділік те осындай балалардан жиі шығады. Ата-ана махаббатының жетіспеген бала күтушісін жақсы көріп кетеді де, ішінде ата-анасына деген өшпенділік қалады. Одан бөлек бала тәрбиені күтушісінен алады, сол кісінің қылықтарын өзіне «көшіре» бастайды. Сондықтан күтуші жалдағанда да оны мұқият таңдау керек. Сөйлеу мәнеріне, бұрынғы жұмыс орнынан неге кеткендігіне, жүрыс-тұрысына, баламен қалай сөлйлесетініне мән беру қажет. Сонымен бірге күтушінің баламен қалай қарым-қатынас жасайтынын баланың қылықтарын бақылау арқылы да білуге болады:

  • Бала күтушіні қалай қарсы алады? Қуана ма, әлде ата-анасын жібергісі келмей, жылай ма?
  • Баланың мінезі қалай қалыптасып келеді? Тұйық болып бара ма, әлде ашылып келе ме?
  • Күтуші қайтқан кезде баланың көңіл-күйі қандай болады? Қуана ма, әлде мұңая ма?

Сонымен бірге күтушіні бағалау үшін мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:

  • Күтуші балаңызбен өткен күні туралы, баланың жаңадан ашылып келе жатқан қабілеттері жайында қалай айтып береді?
  • Ата-ана жұмыстан келгенде күтуші бірден баланы «тапсырып» қайтып кете ме, әлде соңына дейін онымен ойнап, күннің қалай өткенін айтып бере ме?
  • Күтуші өзінің жіберген қателіктерін мойындай ма, әлде жасыра ма?

Міне осындай белгілер арқылы балаңыздың жанында қандай күтуші қалғанын білуге болады.