Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстанның...

Батыс Қазақстанның шәкірттеріне 150 домбыра сыйға тартылды

Алғабас, Алмалы, Тайпақ ауылдарындағы мектептер жаңа ұлттық аспаптармен қатысты. Бұл игі бастамаға Ғабит Ерғалиев, Асылбек Өтеков, Айғабыл Құрақаев секілді кәсіпкер азаматтар, ауылдардың өзге де тұрғындары белсенді қатысуда.

«Бұл бастаманы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі жолындағы өте дұрыс, әрі маңызды қадам деп санаймыз. Өйткені, қолына домбыра ұстап өскен ұл-қыз ұлттық құндылығымызға терең бойлайды. Алда акция одан әрі жалғасын тауып, аясын кеңете берсе, талай қазақ баласы қасиетті аспапқа ие болады. Бұл игі шара Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан ұлттық кодымызды сақтаудың жарқын көрінісі», — дейді аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесі «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының менеджері Әлия Иғазиева.

Мамыр айында Орал қаласында Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылатын аламан күй тартысына Ақжайық ауданынан 600 домбырашы қатысады деп жоспарлануда.

Осындай игі іске Бөрлі ауданының Ақсай қаласында тұратын кәсіпкер, «Батыс Өндіріс Құрылыс Сервис» ЖШС  директоры Нұрсұлтан Дарханов та өз үлесін қосты. Сан алуан ұлыстың өкілдері мекендейтін Бөрліде қазақы рухты биікке көтеруді мақсат еткен Нұрсұлтан аудандық балалар саз мектебіне 50 домбыра тарту етіп, шәкірттер мен ұстаздарды қуанышқа кенелтті. Жарқын бастама «Рухани жаңғыру» жобасы аясында іске асты.

Салтанатты шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алпамыс Көшкінбаев, аудандық саз мектебінің директоры Әсел Имашевалар сөз сөйлеп, жас домбырашыларға сәттілік тіледі. Саз мектебінің шәкірттері Күй атасы — Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерін бабына келтіре орындап, демеуші болған ағаларына алғыстарын әсем сазбен жеткізді. Бүгінде аудандық саз мектебінде жалпы 404 бала сиқырлы өнерді меңгеріп жатырса, домбыра құлағында ойнайтын шәкірттердің саны 100-ге жуық.