Назарбаев: Отбасын қамтамасыз етіп, балаларына тәлім-тәрбие беру үшін ағылшын тілі керек

«Мен балаларды кішкентай кезінен үйрету қажет дегенге толығымен келісемін. Үштілділік — біздің балаларымыз үшін аса қажеттілік. Олар мемлекеттік тілді білуі тиіс, ал орыс тілі — қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі болса, әлемдік тіл, әлемдік ғылым, инновация мен интернет тілі», — деді мемлекет басшысы.

Елбасы өз сөзінде мектептің білім бағдарламасына үштілділікті енгізу балаларды болашаққа дайындаудың алғашқы қадамы саналатынын баса айтты.

«Әлемде қандай тіл басымдыққа ие болатынын кім біледі? Айтпақшы, екінші орында адам саны бойынша қытай тілі тұр. Мүмкін, бір уақыттарда оны да оқуға тура келер. Білмеймін, мүмкін 1,2 млрд адам қолданатын үндіс тілі алға шығар. Бірақ, қазіргі уақытта алға қарай ілгерілеу үшін, білімді болу үшін, жас адамның қалыптасуы әрі өзін, отбасын қамтамасыз етіп, балаларына тәлім-тәрбие беру үшін ағылшын тілі керек», — деді Назарбаев.

Сондай-ақ, президент білім саласындағы бастамалар жан-жақты талқалудан кейін ғана мектеп бағдарламасына енгізілуі тиіс екенін атап өтті.

«Халыққа ашық үкіметті түсіндіру жұмыстары ақсап жатыр. Біз өндіретін, жасайтын істерді халыққа түсіндіру қажет. Барлығы бірдей кешке қарай теледидар алдында отырмайды, оларға жұмыс істеу керек. Барлығы бірдей газет те оқымайды. Бізде «Нұр Отан» партиясы, Ассамблея, жергілікті атқарушы органдар бар. Олар ауылдарда, аудандарда мұның не үшін қабылданғанын түсіндіруі керек», — деді елбасы.

Осы ретте президент бес күндік оқу, үш тілде білім беруді қоса алғанда мектептегі білім саласына қатысты бастамалардың кеңінен талқыланып жатқанын айтты.

«Білім министрлігі ең алдымен бұл мәселелерді оқытушылармен талқылауы тиіс. Мәселен, мен балаларымызға жүктеме тым артық деп санаймын. Бес күндік білім беруді қысқарту есебінен жасау қажет. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиетін бір пән жасауға, орыс тілі граматикасы мен әдебиетін, тарих пен географияны қосуға болатын шығар», — деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, елбасы білім саласындағы бұл өзгерістер балаларымыздың, еліміздің болашағы үшін аса қажет екендігін де айтты.

«Бұған қоса, барлығы да тыңғылықты талқылаудан кейін қабылдануы тиіс. Мектеп мәселесінің әрбір отбасына қатысты бар. Сондықтан, барлық позиция айтылуы тиіс. Ойластырылмаған экспериментке жол жоқ. Бізді ешкім де асықтырып отырған жоқ. Біз не қажет екендігін өзіміз шешеміз», — деді елбасы.

ДереккөзҚазАқпарат