Бала босану әйелдің физикалық жағдайын да, сондай-ақ оның психологиялық жай-күйін де қайта қалыптастырады. Алайда бұл өзгерістер әркімге әртүрлі әсер етеді. Жас ананың психологиялық жай-күйі мұңаю, торығу (депрессия) және психоз деп аталатын күйге түсуі мүмкін.

1. Мұңаю

Жаңа босанған әйелдердің бәрінде дерлік кездесетін жайт. Бұл психикалық бұзылыстың белгілері туудан соңғы 3-4 тәулікте білініп, 10-күні жоғалуы тиіс.

Белгілері:

  • мазасыздану, көңіл-күйдің ауытқуы;
  • ызалану, мұңаю;
  • зер салудың төмендеуі, жылау;
  • ұйқысыздық.

2. Депрессия

Егер мұңаю күйі екі аптадан кейін жоғалмаса, әйелдің жағдайының бала босанудан кейінгі торығуға дейін нашарлағаны. Бұл кезде анаға баланы сеніп тапсыруға болмайды, тезірек маманға қарату керек. Егер қажетті шаралар қолданылмаса торығудың жылдарға немесе одан да ұзаққа созылуы, тіпті бала босанудан кейінгі психозға ұласуы мүмкін.

Белгілері:

  • ұйқысыздық, тәбет жоғалту;
  • ызалану, шектен тыс ашулану;
  • шамадан тыс шаршау;
  • ұялу, кінәлік сезімі немесе адекватты емес мінез-құлық;
  • өзіне немесе нәрестеге зиян келтіру туралы ойлар, туыстарымен қарым-қатынастан бас тарту.

3. Психоз

Аса қауіпті психологиялық бұзылыс. Оның реактивті дамуы, бала бір айға толғанша білінуі мүмкін.

Белгілері:

  • бағдарсыздану, есінің шатасуы;
  • галлюцинациялар, паранойя, лағу;
  • өзіне немесе балаға зиян келтіру талпыныстары.

Босанғаннан кейін қандай жағдайда депрессияға түседі?

  • Бірінші, генетикалық тұқым қуалаушылық. Егер әйелдің туысқандарының бірінде күйзеліс болса, оның да ұшырауы мүмкін;
  • Екінші, стресс. Жас ана өте ауыр босанған болуы мүмкін. Мысалы, кесір тілігі арқылы босанатын әйелдер немесе босану кезінде жатырдың жыртылып кетуі. Мұның бәрі ауырып, тек жата бергің келеді. Осыған байланысты әйелде физикалық стресс пайда болады;
  • Үшінші, күйеуімен, туысқандарымен болатын түсініспеушіліктер. Босанғаннан кейін әйелдің гормондары оны тез ашуланатын, жылауық қылып жіберуі мүмкін. Көңіл-күйі де құбылмалы болады. Жақындары осыны түсінбегендіктен, араларында ұрыс-керіс болады. Бұл да күйзеліске әкеп соқтырады.

Босанғаннан кейінгі күйзелісті қалай жеңуге болады?

  1. Дәрігерлердің айтуы бойынша, эмоцияңды өзіңде сақтау денсаулыққа зиянды, сондықтан жылап алудың да пайдасы бар;
  2. Мұңаюға жол бермеңіз, көңіліңізді басқаға аударуға тырысыңыз. Егер ана көңіл-күйінің түсіп, жылағысы келіп тұрғанын сезсе, ойын жақсы әрекетке аударуға тырысқаны дұрыс;
  3. Жас ананың өмірінде байланыс көп болуы керек. Жас аналардың бір-бірімен жиі сөйлесіп, білмегендерін сұрауы кез келген сұрақтарына жауап алуына және кішкене болсын сергіп қалуға мүмкіндік береді;
  4. Өзіңді жиі қуанышқа бөлейтін әрекеттер жасаған жөн. Әйелдің көңілін көтерудің ең жақсы тәсілі – сауда жасау яғни керегін сатып алу.

Алдын алу шаралары: Дұрыс ас ішу режимін ұстану; жас ананың көбірек тынығуына барынша жағдай жасау.