Осы аптада 10 жаңа фильм прокатқа шықты. Оның екеуі - отандық кинотуынды.

Әміре

Жанры: Өмірбаяндық фильм

Режиссері: Джефф Веспа

Шығарған ел: Қазақстан

Кинотуындыда қазақтың тенор дауысты әншісі Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижге музыка байқауына барған кезі көрсетіледі. Сонымен бірге Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, фотограф қыз Ли Эбботпен махаббат хикаясы, америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы көрініс табады.

Жена — не стена

Жанры: Комедия, мелодрама

Режиссері: Асқар Бисембин

Шығарған ел: Қазақстан

Хикая бір отбасының тағдыры туралы. Күндердің бір күнінде әйелі күйеуінің суыт жүрісін біліп қояды. Алайда оған бар шындықты білетінін айтып, айқай-шу шығармайды. Жай ғана көңілдес әйелді тауып, көзін құртпақ…

Мария Магдалина

Жанры: Драма

Режиссері: Гарт Дэвис

Шығарған ел: Ұлыбритания

Картина Мария Магдалинаның Иисустың тобына қалай қосылғаны туралы. Ата-анасы мен жақындары Марияның ішіне жын кірген деп ойлайды. Әулеттің сүйегіне таңба басты деп, одан бас тартады. Соған қарамастан ол құдайды іздеп, сол жолда қалуды көздейді…

Винчестер. Дом, который построили призраки

Жанры: Қорқынышты фильм

Режиссері: Майкл Спириг, Питер Спириг

Шығарған елдер: Австралия, США

Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Сара Винчестер — қару сататын танымал дүкеннің иесі. Ол жеті қабатты үлкен үйде жалғыз өзі тұрады. Сара үнемі үйдің архитектурасын өзгертіп, жаңа бөлмелер салады. Солайша, оны лабиринтке айналдырып жіберген. Себебі бұл үйде Винчестерлер әулетінен кек қайтарғысы келетін елестер өмір сүреді. Сара соларға тұзақ құрады…

Гоголь. Вий

Жанры: Шытырман, драма

Режиссері: Егор Баранов

Шығарған ел: Ресей

Диканька ауылының маңайында қорқынышты жағдайлар болып жатыр. Салт атты біреу осы ауылдың қыздарын бір-бірлеп өлтіріп кетеді. Бұл жағдайды зерттеу үшін Николай Гоголь есімді жігіт Санкт-Петербургтен келген. Ол шындыққа жақындаған сайын түсініксіз жағдайларға тап болады. Есінен танып, елестерді көре бастайды. Ал қанішердің келесі көздегені өзінің ғашығы Лиза екенін білгенде бұл іске шындап кіріседі. Ол сүйіктісін құтқара ала ма?

Селфи из ада

Жанры: Қорқынышты фильм, детектив

Режиссері: Эрдал Сейлан

Шығарған елдер: Канада, Германия

Джулия — видеоблогер. Ол өзінің бөлесі Ханнаға қонаққа келеді. Ханнаға әпкесінің қылықтары біртүрлі болып көрінеді. Үйінде түсініксіз жағдайлар орын ала бастайды. Сол кезде Ханна не болып жатқанын білу үшін интернеттен іздейді. Джулияның блогтарын табады, табады да тым қорқынышты әлемге тап болады.

Операция «Шаровая молния»

Жанры: Триллер, драма, атыс-шабыс

Режиссері: Жозе Падилья

Шығарған елдер: Ұлыбритания, АҚШ

Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Ол террористермен күрес туралы. 1976 жылы Тель-Авивтен Парижге шыққан ұшақты террористер басып алып, Угандадағы Энтеббе әуежайына алып кетеді. Барлық жолаушыларды кепілге алады. Енді оларды өздерінің түрмеде отырған адамдарына алмастырмақ. Егер талаптары орындалмаса, тәулік сайын екі баланы өлтіріп отырады. Сонда билік бұл жағдайдан шығу үшін керемет жоспар құрады…

Жажда смерти

Жанры: Атыс-шабыс, триллер, қылмыс

Режиссері: Элай Рот

Шығарған ел: АҚШ

Хикая Чикаго қаласында өрбиді. Пол Керси — хирург. Ол қылмыстық топтардың адамдарын өлімнен арашалап жүреді. Бір күні оның көмегі өзіне қиянат болып тиеді: әйелі мен баласын қылмыскерлер өлтіріп кетеді. Енді Пол кек қайтармақ…

А вот и любовь

Жанры: Комедия

Режиссері: Максим Говаре, Ноэми Сальо

Шығарған ел: Франция

Жереми — гомосексуал. Жақында тұрмысқа шықпақ. Бір күні оянса, жанында қыз жатады. Жереми бұл жағдайдың қалай болғанын түсіне алар емес. Қызға қалай ғашық болып қалғанын білмейді. Енді бұл туралы жігітіне айтуы керек. Оған қарсы шығатындар көп, бірақ махаббат бәрін жеңеді…

Сотка

Жанры: Комедия

Режиссері: Александр Беляк

Шығарған ел: Украина

Леопольд Барановский — супермаркет қызметкері. Оның қарапайым өмірі бір-ақ түнде өзгереді. Оған себеп — сиқырлы пиджак. Оның қалтасынан 100 доллар шыға береді. Леопольд бұл киімді шатасып киіп кеткен. Ол енді өмірім түбегейлі өзгерді деп ойлайды, бірақ сиқырлы киімнің іздеушілері бар…