«Қазақфильм» Әміре Қашаубаев туралы фильм түсіреді (фото)

2017 жылы халықаралық прокатқа шығаруға жоспарланған «Әміре» киножобасы копродукция негізінде, яғни Қазақстан мен АҚШ-тың бірлесе отырып шығаратын алғашқы жобасы болмақ.

Әміре Қашаубаев туралы фильм

Кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты  біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын  баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әмре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді. Фильм, сондай-ақ, дарынды әншінің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен танысуы және туған жеріне оралғанда басты кейіпкердің бастан кешкен сынақтары туралы сыр  шертеді.

Әміре Қашаубаев туралы фильм
Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Сұржекей», «Үш дос», «Дударай», «Жалғыз арша», «Бес қарагер», «Ағаш аяқ» және «Əй-əй бөпем» әндері орындалады. Шілде айының соңында Латвияның Рига қаласында басталған түсіру жұмыстары қыркүйек айында Алматы қаласында жалғасып жатыр.

Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор – Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Мәскеу кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» номинациясында жеңіске жеткен Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдайды. Сонымен қатар британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы» фильмі арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) сынды басқа да актерлер қатысады.

Әміре Қашаубаев туралы фильмӘміре Қашаубаев туралы фильмӘміре Қашаубаев туралы фильм

Фильмнің атқарушы продюсерлері – Әсет Кенжебаев және Анна Чакиртова. Тарихи кеңесші – Әміре Қашаубаев туралы бірнеше еңбектердің авторы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімов. Музыкалық продюсері – «The Magic of Nomads» жобасының авторы әрі жетекшісі Ғазиза Ғабдрахимова. Қоюшы суретші – Екатерина Залетаева, костюм бойынша суретшілер – Әсел Шалабаева және Дайва Петрулите.

ДереккөзҚазақфильм