Қала біріншілігінде 2002-2009 жылдары туылған 300 спортшы жеке әрі топтағы бағдарлама бойынша өнер көрсетуде. Олар бар шеберліктері мен дайындығын әсем билермен үйлестіріп, осы спорт түрінің жанкүйерлерін тамаша өнерлерімен тәнті етті.
Чемпионаттың салтанатты ашылуына қатысушылармен қатар жарыс ұйымдастырушылары мен №11 БЖСМ өкілдері қатысып, гимнастшыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.
«Жарыс қатысушыларының саны жылдан жылға көбейіп келеді, бұл қуантарлық жайт. Чемпионатты жас әрі дарынды спортшыларды іріктеу үшін ұйымдастырамыз. Үздік гимнастшылар қала намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғайтын болады. Жалпы, осындай жарыстар қала құрамасын жасақтауға, жас спортшы қыздардың ынталарын арттыруға тигізер септігі мол», — деп атап өтті №11 БЖСМ аға жаттықтырушысы және чемпионаттың бас төрешісі Марина Васильева.
Қала біріншілігінің басты мақсаты Алматыда көркем гимнастиканы дамыту, гимнастшылардың шеберліктерін арттыру, жастар арасында осы спорт түрін таныту және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.
«Мен шеңбер және доппен өнер көрсеттім. Нәтижелерім жоғары болады деген үміттемін. Бұған дейінігі қала чемпионатында жүлдегер атанғанмын, сонымен қатар, көптеген жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегерімін. Алайда, шеңбермен өнер көрсеткенде қателіктер болды. Жарыс алдында қобалжып тұрсам да, бар күш жігерімді бәсеке барысында көрсетуге тырысамын», — деп бөлісті жарыс қатысушысы Лия Алимова.
Еске сала кетсек, жарыс наурыздың 30-ы күні аяқталады. Жарыс қорытындысы бойынша, қаламыздың үздік гимнастшылары анықталатын болады. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан кішігірім сыйлықтар табысталады.
Жарыстың басты ұйымдастырушысы — Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы.