Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген «Әміре» фильмінің түсіру жұмыстары бүгінгі күні толығымен аяқталған. Кинотуындының түсіру тобы картинаның қазақ тіліндегі трейлерін жарыққа шығарып отыр.
Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа қазақ (орыс тілінде субтитрлері бар) және орыс тілдерінде (қазақ тілінде субтитрлері бар) шығады.
«Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор — Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Области тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен», — деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.
Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов Әміредей ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды екенін айтады.
«Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиісті деп ойлаймын», — дейді ол.