Басты бетЖаңалықтарАуыл шаруашылығы...

Ауыл шаруашылығы вице-министрі : Кооперацияның негізгі мақсаты — нақты өнім шығару

«Осы уақытқа дейін құрылған кооперативтердің жартысынан көбі нақты өнім шығарып жатқан жоқ. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, қазіргі кооперативтер өзінің жұмысын тек субсидиямен ғана байланыстырып жатады. Ал кооперацияның негізгі мақсаты — бірнеше кәсіпкердің басын қосып, нақты өнім шығару. Бірақ аталған талап сақталмайды. Біз біраз кооперативтерді зерттеп шықтық. Сонда ауылда бір кәсіпкер өз қаражатына, я болмаса несиеге құрал-жабдықтарын алған. Сосын субсидия беру шарты бойынша ол жанына, кем дегенде 20 адамды қосып, жұмыс істеуі тиіс. Ол кәсіпкер жанына таныстарын, жолдастарын қосқан. Сөйтіп, субсидия алып отыр», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Вице-министрдің айтуынша, жергілікті жерде кооперацияның негізгі мақсатын дұрыс түсінбейді. Көбісі мемлекеттің субсидиясын xалыққа таратып берумен ғана шектеледі. Бірақ субсидияны кооперациясыз да таратуға болады.

«Мысалы, сүт зауытының көлігі келіп, әр үйден сүт жинаса, соның өзі субсидияны тарату болып саналады. Өйткені көлікте арнайы есептеуші адам отырады. Оның есеп-қисабы бойынша xалыққа сүттің ақшасы беріледі. Сол себепті бізге субсидияны тарататын кооперация емес, нақты өнім шығаратын кооперация қажет. Ауыл тұрғындарының барлығын емес, ішінде кәсіпкерлікпен айналысуға дайын адамдарды ғана кооперативке қосуымыз қажет. «Балық бергенше балық аулайтын қармақ бер» деген нақыл сөз бар емес пе? Дәл қазір біз қармақ берудің орнына балықты таратып беріп отырмыз», — деп атап көрсетті А.Евниев.

Оның айтуынша, қазіргі кооперация жалғаса берсе, мемлекеттің субсидиясы құмға сіңген сумен бірдей болып кетеді. Себебі нақты өнім өндіру көрсеткіші төмен.

«Біз әрбір кооперативтің жұмысын жан-жақты зертеуіміз керек. Соның аясында мықты адамдар бірігіп, болашағы бар бастамалар қолға алынса, оны қолдауға болады, субсидияны да беруге болады. Ал формалды түрде жасалған кооперативтер болса, ондайларды қолдаудың еш қажеті жоқ», — дейді А.Евниев.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ауыл шаруашылығы министрлігі «саны бар, сапасы жоқ» кооперативтердің көбейіп кеткенін мәлімдеді.

«Бүгінде 851 кооперативтің ішінде тек 491 кооператив қана қажетті теxникамен жабдықталып, ағымдағы жылда өнім өндіруге дайын. Ал 360 кооперативте тиісті құрал-жабдықтар болмай шықты. Өкінішке қарай, жағдайды «саны бар, сапасы жоқ» деп айтуға тура келеді», — деді вице-министр Арман Евниев.

Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметов аталған пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Жаңа министрліктің баяндамасында «саны бар, сапасы жоқ» деген пікір айтылды. Меніңше, бұл жерде ондай пікірді ойланып барып айтқан дұрыс сияқты. Өйткені кооперативтерді құру ол дүкеннен сатып алатын бір зат емес. Алдымен оның бәрін қағаз жүзінде рәсімдеу керек. Рәсімдегеннен кейін өтінім беріледі. Өтінім берілгеннен кейін ол қондырғыларды дайындау үшін кемінде үш-төрт ай керек», — деді А.Мырзаxметов.

Дереккөзkazinform.kz