Астанада эпилептология орталығы ашылады

Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында эпилепсия дертіне шалдыққан науқастарды емдейтін болады. Алдағы уақытта медициналық мекеме базасында Эпилептология орталығы ашылады. Емхана дәрігерлері пилоттық режимде кеңес беріп, диагностикалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Эпилепсия дертіне шалдыққан бес адамға ота жасалды.

43 жастағы Көкшетау тұрғыны Еркебұлан Мырзатаев отыз жасында эпилепсия дертіне шалдыққан.

«Соңғы жылдары ұстамам жиілеп кетті. Ота жасалғанға дейін күніне алты рет ұстамам ұстап қалса, ота жасалғаннан кейін бәрі ойдағыдай болды», — дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кез келген ел тұрғындарының бір пайызы осы дертке шалдыққанын мәлімдейді. Ол адамның қоршаған ортасы мен өмір сүру деңгейіне байланысты емес. Қазақстанда алдын ала болжам бойынша 170 мың адам осы дертке шалдыққан. Президенттік емхана дәрігерлері эпилепсия дертінен толыққанды емдеу мүмкін емес екенін, дегенмен ұстама жиілігін азайтып, науқастың өмір сүру сапасын жақсартуға болатынын айтады.

«Бұл – мидың созылмалы дерті. Бұл әлеуметтік ортада өмір сүретін науқас үшін қиындық тудырады. Егер бұл дерттің жазылмайтын түріне келер болсақ, ол тұрғындардың 8 пайызын құрайды», — дейді невролог-дәрігер (эпилептолог) Жасұлан Өтебеков.

Астанада ашылатын эпилептология орталығының дайындық жұмысына шақырылған радиолог-дәрігер Кристос Балтогианис қазақстандық әріптестеріне алғыс білдірді.

«Біз отаны қажет ететін адамдарды іріктеп аламыз. Бұл медициналық орталықта диагностика жасауға қажетті медициналық құралдардың бәрі бар. Сондай-ақ, өз ісінің шеберлері – мықты мамандар да осында», — дейді ол.

Президенттік емхана базасында диагностика жасату және тексерілу ақылы түрде болады. Ал ота жасау квота негізінде тегін түрде жүзеге асады. Эпилептология орталығын күзде ашу жоспарланған.

«Біздің пилоттық жоба мамырда аяқталады. Орталық жұмысы ресми түрде қыркүйек айында басталмақ. Біз қазір әр маманның науқастармен қалай жұмыс істеу керектігін білеміз», — дейді ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасының невролог-дәрігері Жасұлан Өтебеков.

Дереккөзkaz.tengrinews.kz