Басты бетЖаңалықтар«Тобыл» футбол...

«Тобыл» футбол клубы сатылады

Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, облыс бойынша 9 нысан сатылды, ал 11-і таратылу процесінде. Ал «Іскер Арқалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жекешелендіруге жататын объектілер тізімінен алынып тасталды. Сондай-ақ, «Тобыл» футбол клубы мен Қостанай қаласындағы «Тазалық-2012» ЖШС қайтадан саудаға қойылды. Объектілерді сату биыл қыркүйек айына дейін аяқталмақ.

«Бүгінде өңірдегі 5 нысан тарату кезеңінде тұр. Олар: «Жатақхана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Жастар бастамалары орталығы, «Спорт сарайы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Бассейн» кәсіпорны, «Комсомол құс фабрикасы» акционерлік қоғамы. Кешенді жоспардан тыс сатылған объектілерді есепке алғанда, барлығы 285,8  млн теңге сомасына 12 ұйым сатылды. Олар тендер немесе аукцион арқылы жүзеге асты. Тәжірибе көрсеткендей, объектілер көбіне екінші немесе үшінші сауда-саттықта өткізіледі. Заңнамаға сәйкес, екінші немесе үшінші тендерге шығарған кезде сату бағасы 50%-ға төмендейді», — деді А.Жүсіпова.

Қаржы басқармасы басшысының айтуынша, объектілерді жекешелендіру облыстың экономикасына оң әсерін тигізеді.

«Біріншіден, нысандар бәсекелес ортаға беріледі, екіншіден, объектілерді сатудан бюджеттің кіріс бөлігі толықтырылады. Бұған қоса бюджеттік шығындар төмендейді. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес, үш сауда-саттық нәтижелері бойынша сатылмаған объектілерді тарату  жөнінде шара қабылданады», — деді ол.

Қазіргі уақытта сенімгерлік басқаруға берілген 4 нысан бар. Атап айтқанда, Жангелдин ауданындағы «Біздің Торғай» газетінің 50 % үлесі «Торғай медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілді. Ал «Атамекен Қостанай» микроқаржылық ұйымының 49 % үлесі Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасына қосылды.

Бюджеттік шығындарды оңтайландыру мақсатында 5 кәсіпорын біріктірілді. Мәселен, Рудный қаласының «Әйет», «Атлет» және «Қуат» спорт клубтары «Мұзды сарай» құрамына енді. Арқалық және Әулиекөл ауданаралық жол пайдалану ұйымдары Қостанай жол пайдалану кәсіпорнына қосылды.

Дереккөзinform.kz