Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында кәсіпкерліктің 40 пайызын әйелдер басқарады

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, өңірдегі іскер әйелдердің белсенділігі бизнесте ғана емес, қоғамдық-саяси өмірде де артып келеді.

«Алматы облысында 1 млн-нан астам әйелдер тұрады. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда тіркелген 110 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің 42%-ын әйел азаматтар басқарады. Яғни, 50 мыңнан астам бизнес-жоба іске асырылып келеді. Нәзік жандылар өнеркәсіп, ауыл шарушалығы, банк секторында, қызмет көрсету саласында да табысты қызмет атқарып келеді», — дейді Алмагүл Оңғарбаева.

Спикер аймақтағы әйелдердің іскерлік ортадағы белсенділігін арттыру, экономикалық бастамаларын қолдау мақсатында Кәсіпкерлер палатасының жанынан Іскер әйелдер кеңесінің құрылғанын атап өтті. Кеңестің барлық аудан мен қалаларда филиалдары бар. Бүгінгі таңда ұйым 200-ден астам кәсіпкер, мемлекеттік, қоғамдық, қаржылық ұйымдардың әйел басшыларын біріктіріп отыр. Өткен жылы жұмыс істеп отырған, жұмыссыз, өзін-өзі қамтыған әйел кәсіпкерлерге оқыту семинарлары жүргізілген.

2017 жылы 2,3 мыңнан астам әйелге сервистік қызмет, 5,6 мың әйелге ақпараттық қызмет көрсетілді. Іскер әйелдер тарапынан жалпы сомасы 2,4 млрд.теңгеден астам  123 стартап жоба жүзеге асырылды.

«Биыл Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 700 әйелге тегін сервистік қызмет, ал 1,4 мыңнан астам әйелге кеңес беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 56 әйел азаматы «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізіне оқып шықты», — деп атап өтті Алмагүл Оңғарбаева.

Іскер әйелдер кеңесінің Кербұлақ аудандық филиалының жетекшісі, «Амреева» ЖК басшысы Күлсара Әміреева өткен жылдың қыркүйегінде «Атамекен» ҰКП бастау алған «Атамекенім» республикалық акциясы аясында әлеуметтік жобалар іске асырып келетінін айтты.

«Облысымыздың алты қаласы мен ауылында «Бәрі де рахмет үшін!» атты әлеуметтік дүкендері жұмыс істеуде. Онда мұқтаж азаматтарға киімдер мен заттар тегін беріледі. Жобаның арқасында адамдар қоғамның басқа бір өкіліне мейірімділік танытуда. Сонымен бірге, Кербұлақ ауданында «Шын жүректен» атты автокеруен ұйымдастырып, бінеше апта бойы әкімдік, мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйымдармен бірлесе 15 ауылдық округті аралап шықтық. Ауылда тұрып жатқан 400-ден астам аз қамтылған, мүгедек және қарт азаматтарға қайырымдылық көрсетілді», — деді Күлсара Әміреева.