Компанияның мәлімдеуінше, аталған жобаны жүзеге асыру арқылы мектеп тасымалындағы бірыңғай стандарттың болмауы, оқушылардың қоғамдық көлікте келеңсіз оқиғаларға ұшырауы, таңғы уақытта кептелістің туындауы сынды бірқатар мәселені шешуге болады.
«Балаларын мектепке жеткізетін ата-аналардың көпшілігінде жеке автокөлік бар. Бұл орайда, мектеп тасымалын енгізу таңғы уақыттағы көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді. Жобаны пилоттық режімде іске қосу үшін қаладағы көлік көп жүретін көшелерде орналасқан екі мектеп таңдалып алынды. Олар — Қабанбай батыр көшесіндегі №17 және Түркістан көшесіндегі №66 мектептер», — делінген Astana LRT хабарламасында.
Мектеп оқушыларын тасымалдауға қауіпсіздіктің барлық талаптарына сай келетін жаңа ыңғайлы автобустар — 17 жолаушыға арналған Iveco Daily және 58 орындық Iveco Crossway қолданылады.
Жобаға сәйкес, қаланың бірнеше бөлігінде балаларды жинайтын пунктілер белгіленеді. Оқушыны шығарып салушы баланы көлікке әкеліп, қауіпсіздік белбеуін тағуы тиіс. Көлік балаларды мектепке дейін жеткізеді және жиналу пунктіне дейін қайта әкеледі. Ата-аналар автобусты AstraBus мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады.
Компания қаладағы 11 мектептің ата-аналары арасында сауалнама жүргізген және 1 бала үшін 1 айға — 20 000 тг (5 оқу күні үшін), 23 500 тг (6 оқу күні үшін) тарифін енгізген. Төлем жасау мен тексеру баланың көліктік картасы арқылы жүргізіледі.
Көліктік картаны «Гранд Астана» ТК, «Еуразия» СҮ, «Жеңіс» СҮ, төлем жүйелері департаменті (Қажымұқан, 14), «Астана-1» темір жол вокзалындағы және Астаналық цирктегі арнайы кассалар арқылы толтыруға болады.