Кірпік ламинациясы
Түсі қанық емес, сирек, тік кірпікті, көз бояуларына аллергиясы бар, линза киетін арулар үшін ламинаттау процедурасы — таптырмас процедура.
Пайдасы: Ол әлсіз кірпіктерді қалыңдатып, оның иілгіштігін арттырады, ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Сүрме қолданбай-ақ жүре беруге болады.
Қалай жасалады?
Ол үш қадамнан тұрады. Алдымен силиконды валикті қабаққа жабыстырып, кірпіктерді оның үстіне көтеріп тарайды. Содан соң арнайы қоспа жағылып, 10-15 минутқа көз ауа өткізбейтін пленкамен жабылады. Бұл үрдіс үш рет қайтара жасалады.
Кірпік ботоксы
Пайдасы: Ботокс кірпікті қалпына келтіру, нәрлендіру үшін жасалады. Қоспаның құрамында төмендегі пайдалы заттар бар:
- коллаген мен пантенол кірпіктерді жұмсартады;
- гиалурон қышқылы кірпіктерді жылтыратып, нәрлендіреді;
- Е дәрумені қартаюдың алдын алады;
- гидролизді кератин кірпік талшықтарының пішінін жақсартады;
- арган майы нәрлендіреді;
Қалай жасалады?
Шебер кірпіктерге бигуди салып, бекітетін сұйықтық жағады. Кейін талшықтар қара немесе қою қоңыр түске боялады. Артынан пайдалы арнайы құрамды қоспаны жағады.
Айырмашылығы
Сырт көзге ботокс пен ламинацияның нәтижесі бірдей болып көрінуі мүмкін, бірақ олардың жасалу техникасы мен жағатын қоспалары әртүрлі.
Ботокс процедурасы кірпікті ішкі жағынан нәрлендіреді, бірақ көлем бермейді. Ламинация кірпікке көлем бергенімен, айтарлықтай нәрлендірмейді. Қалыңдауы — кірпіктің сыртына қапталатын жұқа пленканың әсеріне байланысты.
Ботокс процедурасынан кейін жуына беруге болады. Кірпікті бояп, кез келген бояу сүртуге арналған сұйықтықпен өшіре аласыз. Ламинациядан кейін бір тәулік бойы көзге су тигізуге болмайды. Көз бояуларын жиі пайдалана алмайсыз. Ол кірпіктегі ламинат әсерін жояды. Бірақ ламинациядан кейін кірпіктер салыстырмалы түрде қалың әрі әдемі көрінеді.
Ботоксты процедура әсері біткен бойда, қайта жасатуға болады. Ламинацияны жарты жылда бір рет қана жасаған дұрыс, дейді шеберлер.
Процедура уақыты да әртүрлі. Ламинация 45 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт алса, ботокс жасатуға 2-3 сағат қажет.
Баға жағына келетін болсақ, ботокс, әрине, қымбаттау. Орташа бағасы — 8-15 мың теңге. Ал ламинация жасату 6-12 мың теңге тұрады.
Қарсы көрсеткіштері
- Қоспа мен оның құрамындағы заттарға аллергиясы бар;
- Көзге жақында ота жасатқан, жарақаты бар;
- Конъюнктивит, дакриоцистит, кератитпен ауыратындарға,
- Теріскен шыққанда;
- Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге;
- Гормоналды дәрі қабылдап жүргенде;
- Климакс кезеңінде аталған процедураларды жасатуға болмайды.
Ламинацияны немесе әлде ботоксты таңдау өз еркіңізде. Егер кірпіктеріңізді емдеп, қалпына келтіруді қаласаңыз — ботокс; әдемі әрі қайырылған қалың кірпіктерді армандасаңыз — ламинация. Бастысы, косметологты дұрыс таңдаңыз. Бір қаптамада 2-3 сеансқа жететін қоспа болады. Оның жарамдылық мерзімі өте қысқа. Сол себепті клиенті үзілмейтін шеберге барған дұрыс.