Аталмыш жобаны талғарлықтар қайырымдылық мәдениетін дамыту мен әлеуметтік жауапкершілікті жоғарылатуға бағытталған «Атамекенім» республикалық акциясы аясында іске асырып отыр.
«Талғар Асар» жобасының бастамашыларының бірі танымал кәсіпкер, «Ароматный мир» супермаркет желілерінің директоры Сергей Майборода. Ол бизнес өкілдерін әлеуметтік басталамаларды іске асыруға белсенді қатысуы керектігін айтады.
«Біздің қаламыз бен ауданымызда әлеуметтік көмекке зәру азаматтар өте көп. Дүкенде жиналған барлық азық-түлік пен тауарларды аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға, басқа да мұқтаж адамдарға тікелей жеткізуді қарастырып отырмыз. Әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бастамамызды Талғардың өзге де қайырымды кәсіпкерлері қолдайды деп сенеміз», — деп атап өтті кәсіпкер.
«Дана» жекеменшік мектебі мен «Еркем-ай» балабақша желісінің директоры, Қазақстан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының Алматы қаласы және Алматы аймағы бойынша филиалының жетекшісі Күләнда Батырбекованың сөзінше, игі істер жақсы әдетке айналып қана қоймай, қоғамның трендіне айналуы тиіс.
«Халқымызда «Асар» сөзі маңызды ұғымды білдіреді. Жобамызды «Талғар Асар» деп атау арқылы бір-бірімізге қол ұшын созуды ұмытпауды еске салғымыз келді. Сөрелерге «Жақсылық жасауға асығайық!» деп жазып қойдық. Өйткені қайырымдылық пен мейірімділік істерінің үлкен-кішісі жоқ», — дейді Күләнда Батырбекова.
«Талғар Асар» жобасы аясындағы сөрелерді қаладағы және Талғар ауданындағы сауда нүктелерінде де ашу жоспарланып отыр.
«Ай сайын кәсіпкерлер сөрелерді қажетті азық-түліктер мен тауарларға толтырып отырады. Қазір осындай сөрелерді басқа да сауда орындарында ашу жоспарланып отыр. Жалпы талғарлық кәсіпкерлер ауданымыздың қоғамдық, әлеуметтік өміріне белсене ат салысып келеді. Қайырымдылық бизнес өкілдері қызметінің ажырамас бөлігіне айналған. Мысалы, Тұяқ Есқожина басқаратын «Нұр» балалар үйі кәсіпкерлердің қамқорлығына алынған. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедектер ұйымдары да кәсіпкерлердің аса маңызды назарында», — дейді Кәсіпкерлер палатасының Талғар аудандық филиалының басшысы Ержан Тұралықов.
Айта кетейік, «қайырымдылық сөрелері» осыған дейін Текелі қаласында ашылған болатын. Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен Алматы облысының бірнеше қалалары мен ауылдарында «Бәрі де рақмет үшін!» әлеуметтік дүкендері жұмыс істейді.