Турнир 2-6 наурыз аралығында 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер және одан жоғары жастағы ересектер арасында өтпек.
Биыл он бірінші рет ұйымдастырылатын шара мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналады.
Жарысқа Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Түркия, Тәжікстан және Қазақстаннан 200-ден аса тоғызқұмалақшылар қатысады. Осы жылғы бәсекеге Қытай және Ауғанстанның ойыншылары тұңғыш рет қатысайын деп отыр.
Жарыс классика бойынша 9 турда, жас ерекшелігіне сәйкес 4 топта өткізіледі.
Зияткерлік сайыста еліміздің құрама команда сапында Әлем чемпиондары, ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері Хәкімжан Елеусінов, Әсел Дәлиева, Әлем чемпиондары Ғалымжан Темірбаев, Нұрбек Кабиев, Диана Кенина, Лина Каримова өнер көрсетсе, Қырғызстаннан Азия чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері Анарбек Жамакеев қатысады.