Өнерде шекара жоқ
Көше биімен таныстығым 10 жасымда басталды. Алғашында футболға қатысып жүрдім. Ағаларым ермек үшін бимен айналысатын. Маған футболдан қарағанда билеген қызық болып көрінді. Кейін футболды тастап, көше биінің брейк-данс деп аталатын түрін өз бетімше үйрене бастадым.
Біздің қоғамда түрлі көзқарастағы адамдар бар. Алғашында ата-анам бимен айналысқаныма қарсы болды. Бірақ, уақыт өте келе келісімдерін берді. «Ер балаға билеген жараспайды, сахнада оғаштау көрінеді» деген не сөз? Түсінбеймін! Өнерде шекара да, ереже де жоқ. Сондықтан, ұл-қыз, жас-кәрі деп бөлгенге қарсымын.
Ақмола облысының Зеренді ауданында туып-өстім. Мектепті де сол жерде аяқтадым. Қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде мейрамхана және мейрамхана ісі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Биыл бірінші курста оқып жатырмын. Қазір ата-анам менің өнеріме үнемі қолдау көрсетіп отырады. Түрлі байқаулар мен чемпионаттарға қатысып, өнер көрсетемін. Оқуымды да оқып, бос уақытымда бимен де айналысып жүрмін.
Алматыда көше биін үйрететін 48 мектеп бар
Кейбіреулер брейк-дансты спорттың бір түрі, кейбіреулер көше бұзақыларының биі деп есептейді. Мен үшін бұл — өнер. Өнердің шыңы. Көп адамдар Қазақстанда көше мәдениеті дамымаған деп қатты қателеседі. Бізде брейк-данс мектептері өте көп. Бірақ, адамдар ол туралы біле бермейді. Алматы қаласының өзінде көше биін үйрететін 48 мектеп бар. Жалпы, Қазақстандағы брейк-данстың дамуына 10\10 деген баға беретін едім. Брейк-данспен айналысатындарды BBoy деп атайды. Қазақстандағы танымал BBoy-лар ретінде BBoy Азат пен Николай Черниковтың есімдерін атай аламын.
Нағыз брейкерлер біреудің биін қайталамайды
Билеуді алғаш үйреніп жүрген жастар youtube каналдары мен инстаграм желісіндегі видеоларды көп қарайды. Бұл дұрыс емес. Видеодан үйренушілер плагиатқа түсіп кетеді. Яғни, басқа брейкерлердің биінің көшірмесін жасайды. Брейк-данс — көшірме емес, шығармашылық.
Нағыз брейкерлер біреудің қимылдарын қайталамайды, өздері жаңашылдық жасайды, түрлі кульбиттер (брейк-данстағы трюктер) ойлап табады. Брейкерлер күн сайын 3-4 сағатын дайындыққа арнайды. Күн сайын осынша уақытты тамақ ішуге, ұйқыға, сабақ оқуға арнаймыз. Сондықтан, биші болу үшін күндіз-түні дайындалу керек деп ойлаудың қажеті жоқ.
Шабытты шәкірттерімнен аламын
Брейк-дансты билеп үйрену үшін дұрыс жаттығу керек. Ол үшін арнайы залға баруға болады. Ондай мүмкіндік болмаса, өзің дайындаласың.
Мен жаңа идеяларды, шабытты өзімнің кішкентай шәкірттерімнен аламын. Кішкентай кезімде маған «былай биле» деп үйрететін адам болған жоқ. Брейк-данстың қиын кульбиттерін өз бетімше үйрендім. Талай рет жарақат алған сәттерім де болды. Қазір әлеуметтік желінің құдіреті мықты ғой. Шәкірттерім мені желі арқылы табады. Тіпті, балаларын өздері әкеліп тапсыратын ата-аналар да бар. Осындай қызығушылық бар жерде брейк-данс дамымай жатыр деп айту дұрыс емес.
Команда бишілерін «даладан» жинадым
Өзім сияқты биге құмар балалардан команда құрдым. Шынымды айтсам, команда мүшелерін «даладан» жинадым. Командаға «ZerenBrotherCrew» деген ат қойдық. Екі жыл бойы ешқандай жарыстарға қатыспай, дайындық үстінде болдық.
Ең алғаш рет командамыз «Битва за Олимп» байқауында өнер көрсетті. Бұл байқауда Поляк Томаш әділқазы болды. Біздің команда жүлделі II орын алды. Ақтау қаласындағы өзіміз сияқты бишілермен бірігіп, бір команда болып өнер көрсеткен жерлеріміз де болды.
Біздің ең басты мақсатымыз — көше мәдениетіне деген қате түсінікті теріске шығару. Брейк-данс билеп жүргенде мені мазақтап, күлгендер көп болды. Ондай адамдар қазір де бар. Олардың пікіріне назар аудармауға тырысамын. Бірақ, биші екенімді ешкімнен жасырған емеспін. Бұл ұялатын нәрсе емес, мақтанатын дүние. Қазір команда болып өнер көрсетпейміз. Команда мүшелері әр жерге оқуға түсіп, тарап кеттік. Әрқайсысы өз бетінше дайындалып, көше биін дамытуға атсалысып жүр.
Туризм саласында еңбек еткім келеді. Оқуымды, кейін жұмысымды да би өнерімен қатар алып жүруге тырысамын.
Брейк-данс жас талғамайды
Брейк-данс көп физикалық салмақ салады. Алайда, бидің бұл түрі жас та, жыныс та, нәсіл де талғамайды. Адамдарды түсінбеймін, жігіттер билесе жараспайды дейді, ал қыздар брейк-дансқа келсе, тағы да оғаш көрінеді дейді. Сонда бұл би кімге арналған? Брейк-данс — қолынан келетін барлық адамға арналған би. Осы салада жүрген көптеген қыз балаларды танимын.
Брейк-данс жас та талғамайды. Кішкентай шәкірттерім бар, өзім қатарлас достарым да көп. Орта жастағы, тіпті әлі күнге дейін билейтін кәрі кісілерді де білемін. Шымкент қаласындағы алғашқы қазақстандық брейк-дансер қазір 72 жаста. Оның осы жаста орындап жатқан кульбиттерін көргенде еріксіз таңғаласың.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.