Конкурсқа журналист қауымның «жасыл технологиялар» тақырыбындағы жұмыстары қабылданады.
Коалиция баспасөз хатшысы Меруерт Әбдәлиеваның мәліметінше, байқау 4 номинация бойынша өтеді: «Үздік теле-радиосюжет»; «Үздік ТВ және радиобағдарлама»; «Газетте жарияланған үздік мақала»; «Интернет ресурстарда жарияланған үздік материал».
«Конкурсқа 2017 жылғы сәуір — 2018 жылғы маусым аралығында жарияланған жұмыстар қабылданады. Байқауға қазақ және орыстілді журналистер қатыса алады. Материалдарды «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының» баспасөз қызметіне жіберуге болады. Жүлде қоры әлі анықталу үстінде, жүлде бекітілгеннен кейін қосымша хабарлаймыз», — деді Меруерт Әбдәлиева БАҚ өкілдеріне арналған «Жасыл дәмхана» шарасында.
«Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова биылғы конкурстың қорытындысы Астана күніне қарай шығарылатынын айтты.
«Биыл біз Астананың 20 жылдығына орай «жасыл» онкүндік өткіземіз. 28 маусым — 6 шілде аралығындағы онкүндік аясында 20-дан астам шара ұйымдастырамыз. Осы күндері «Жасыл» экономика көшбасшыларының ІІ форумы өтеді. Аталған форумда «Жасыл баспасөз» байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды марапаттаймыз», — деді Салтанат Рақымбекова.
Конкурс жайлы толығырақ www.greenkaz.org сайтынан білуге болады.