«Жас Медиа» форумында үздік журналистер кездесті

«Жас Медиа» жобасы қатысушыларды іріктеу туры, өңірлердегі төрткүндік журналистика мектебі және жас журналистердің республикалық «Жас Медиа» форумы атты үш кезеңнен тұрды.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының атқарушы директоры Лима Диастың айтуынша, Қазақстан журналистикасындағы Сәнді Сұлтан, Гүлназ Ауданбаева секілді үздік мамандар алты облысқа барып, өз жолын жаңадан бастаған журналистерге дәріс өткізді. Әр өңірдегі медиа мектепте көзге түскен жоба қатысушылары Астанада «Жас Медиа» форумында бас қосып, тағы да тренерлерден сабақ алды. Сондай-ақ, форум соңында жастардың үздік сюжеттері мен мақалалары анықталып, «Жас Медиа» жүлдесі табысталады. Бұл жүлденің лауреаттары дипломмен, 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталады.

Қазақстан аймақтарындағы жас журналистерді қолдауға арналған «Жас Медиа» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Менің Елім» аймақтық әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Қазақстан жастарының конгресі» ұйымдастырды.

Жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, өңірдегі жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне көмек көрсету, жастардың әлеуметтік белсенділігі арқылы жергілікті жердегі азаматтық қоғамды дамыту, жас журналистердің өз жобаларын жүзеге асыру қабілеттерін қалыптастыру — «Жас Медиа» жобасының мақсаты.

Жоба дарынды жас журналистердің өз армандарына қол жеткізуіне жол ашып, журналистика саласында қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр.

Дереккөзbaq.kz