Қыш құмыра өндірісі — қыш-саз бен олардың минералды қоспаларымен араласқан қоспаны көзеші ұршығында қалыпқа келтіріп, сосын оны күйдіріп керамикалық қыш құмыраларға айналдырумен айналысатын өндіріс. Осы тәсілмен үй тұрмысында қолданатын әр түрлі ыдыстар, құрылыста қолданатын бұйымдар: кірпіш, қыш, құбыр, тақта, т.б., техникада, темір жол, су және әуе көлігінде, мүсін өнерінде т. б. кеңінен қолданылатын бұйымдар жасалады.
Алматыдағы қолөнер орталығында «Арт Майолика» құмыра жасау шеберханасы бар. Әдетте, бұл саланы айтқанда көз алдымызға мықты білекті ер адамдар елестейді. Алайда, аталған орталықтың шеберхана мүсіншілері — Айдана мен Ақбота есімді арулар.
Айдана Тұрмұхамбетова: Мақсатымыз — көнеден келген көркемдік қыш саласын халыққа насихаттау
Шеберханаға кірген бойда үстелде өңдеуде жатқан кесек саз бен бөлменің оң жағында тұрған сегіз көзеші ұршығы (гончарный круг) көзге бірден түсті. Қабырғадағы суреттер, сөредегі саздан жасалған ыдыс-аяқтар шеберхананың сәнін келтіріп тұрса, бөлмедегі көңілді ән жүрекке жылылық ұялатады.
Мектепті аяқтаған соң, құрбым әрі әріптесім Ақбота екеуміз шығармашылық жолымызды жалғастыру үшін арт-студия ашу ойымызда болды. Колледжге түскеннен кейін, өнердің сан түрлі саласының ішінен қышпен мүсіндеу мамандығын ұнатып, таңдадық. Арманымыз адастырмады! Бүгінде «Арт Майолика» атты құмыра жасау шеберханамыз бар. Басты мақсатымыз — көнеден келген көркемдік қыш саласын халыққа насихаттау.
Еліміздегі ең алғаш қыш құмыра жасау ісі б.з.д мыңжылдықта басталған. Бұл салаға қыздар көнеден келе жатқан өнерді жаңғырту үшін келіпті.
Қышпен жұмыс істеуді таңдаған себебіміз — жұрт арасында оның танымал болмауы. Студенттердің көбі шетелге кетуге асығады. Бірақ олар көбіне қытайлық шыны құмыра өндірісі сияқты түрлерімен ғана айналысады. Бір жағынан көркем қыш мамандарына жұмыстың тапшылығы да шеберхана ашуға әсер етті. Қапшағай фарфор зауытының жабылуы, Алматы керамика зауытының көшуі сынды жайттардан кейін, көптеген шеберлер жеке кәсіппен айналысып кетті.
«Арт Майолика» студиясының ашылғанына жарты жыл болса да, сазбен жұмыс істеуге қызығушылық танытқандар мен айлық курстарға жазылғандар саны көп. Мұнда мүсіндеу мен қыш құмыраларды жасаудан бөлек, шеберханада сурет салу үйірмелері бар. Яғни, акварель, акрил бояуларымен көркем сурет, скетчинг (фломастермен салынатын жылдам сурет ) өнерін үйренуге болады.
Бізге келген әрбір студент маңызды. Шәкірттеріміздің ішінде тамаша көрсеткішке қол жеткізген орта жастағы ер кісі болды. Ол екі айда көзеші ұршығын меңгеріп, шай сервизін жасады. Біздің үш жыл үйренгенімізді аз уақыттың ішінде меңгеріп алды. Жалпы, сөредегі жұмыстардың барлығы — біздің студенттеріміздің жұмысы.
Ақбота Балқыбек: Көпшіліктің санасында «мүсінші еркектер болуы керек» деген стереотип қалыптасып қалған
Ақбота мен Айдана құмыра жасауға арналған арнайы сазды Қапшағайдан тапсырыспен алдыртады екен. Ақботаның айтуынша, қыш-құмыраларды, мүсін мен бұйымды жасау үшін табиғи саз бен судан бөлек, ынта қажет.
Сервиздер мен ыдыс-аяқ жасау үшін гипстік нысандар (формалар) қолданылады. Ол өнімнің тегіс құйылып, бірдей көлемді болуы үшін маңызды. Негізі адам қаласа, түрлі безендіру құралдарын, бояу, қылқаламдарды қолдана отырып, сан түрлі идеяларды іске асыруға болады. Біз көзеші ұршығын (гончарный круг), гипстік формаларды және қолмен мүсіндеу әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, қышпен жұмыс істейміз. Құмыра жасау үшін бірінші, көзеші ұршығы, одан кейін су, қармақ бауы (леска), қыл, т.б құралдар пайдаланылады. Ал ыдыс пен бұйымды безендіру үшін фантазияға байланысты материалдар қолдануға болады. Жұмысқа кіріспес бұрын, сазды жақсылап дайындап алу керек. Мысалы, сазда ауа қалмауы үшін біраз иленеді. Әйтпесе, ауа қалған аймақтары күйдіру кезінде жоғары градустан жарылып кетеді. Келесі қадам — иленген сазды көзе ұршығына қойып, жұмырлап, дәл ортасына қарай бағыттау.
Шыдамдылық пен сабырлықты талап ететін аталмыш жұмыспен айналысу оңай емес. Өйткені, саусақтың сәл ғана қимылдап кетуінен құмыраның пішіні өзгеріп немесе сынып кетуі мүмкін.
Ұршықпен жұмыс істеп отырған кезде асығуға, артық қозғалуға болмайды. Асықпай, байыппен қимылдау керек. Саусақтың сәл ғана қылт етуінен де өнім пішінін жоғалтады. Ыдыстың, не құмыраның пішіні мінсіз болуы – центріне байланысты. Мәселен, құмыраның жасалу технологиясына тоқталсақ. Сазды цилиндр тәріздес етіп созамыз. Оған форма беріп, өнімді айналдыра отырып, жан-жақтарын тегістейміз. Бұл қадамдардан соң, бетін және түбін қылмен кесеміз. Осылайша, өнімді сумен шайып, 10-15 минутқа ұршықтың үстіне кебуге қалдырамыз. Содан кейін құмыра арнайы пеште күйдіріледі. Алғашында, 900 градуста күйдіріліп, өнім глазурмен сырланады. Ол кепкен соң, өнім екінші рет 1200 градуста күйдіріледі. Толық қатуы үшін құмыра кем дегенде үш күн тұруы керек. Аталмыш үрдіс толық аяқталған соң, ыдысты тұрмыста еркін қолдануға болады. Ескеретін жайт, қолдарыңыз жұмыс барысында әрдайым сулы болуы керек. Онсыз пішін келтіру мүмкін емес.
Жиған тәжірибені жоғалтып алмау үшін күнделікті жаттығып отыру керек екен. Әйтпесе, үйренгендеріңіздің барлығын ұмытып қалуыңыз ғажап емес.
Көзе ұршығына отырған кезде жасайтын өнімді мінсіз елестетеміз. Ал іс жүзінде мінсіз формаға қол жеткізу өте қиын. Бірақ қол жаттығып, біраз меңгеріп алғаннан кейін, көзе ұршығының айналғанының өзінен рахаттанып, демалып қаласың. Бұл сезімді бастан кешіру үшін үш жыл бойы жаттықтым.
Қыз баласына жеке кәсіппен айналысу қашан да қиындық туғызған. Ал қыздардың жолында туындаған келеңсіз жайт мүлде бөлек.
Көпшіліктің санасында «мүсінші еркектер болуы керек» деген стереотип қалыптасып қалған. Сондықтан болар, біздің қыш-құмыралар жасап, саз балшықты илеп жүргенімізді көріп таңғалғандар да, сенімсіздік білдіргендер де көп болды. Маман ретінде бағаламаған сәттер де жиі кездесті. Алайда, көпшіліктің пікіріне құлақ аспай, сүйікті ісімізбен айналысып, шеберхана аумағын кеңейтіп, санын көбейтуді мақсат еттік. Одан өзге, шеберханамызды ашатын кезде көптеген қиындықтар туды. Алдандық, сүріндік! Нәтижесінде, бизнеспен айналысу үшін бәсекелестікке дайын болу және қаталдық таныту керектігін түсіндік.
Болашақта жеке көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырған қыш шеберлерінің жұмысына тәнті болмау мүмкін емес. Ендеше, қазақтың көнеден келген өнерін, атамұрасын дәріптеуші қыздардың қолына дерт бермесін.
Автор: Аида Арманқызы
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.