Тарихы
«Маникюр» сөзі француз тілінде «қолға күтім жасаушы» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда да бұл сөз еш өзгеріске түскен жоқ. Әлі күнге дейін атына заты сай процедура. Яғни, тек тырнақ әсемдігі ғана емес, қол терісінің де күтімі.
Ең алғашқы тырнақ шеберлерінің есімі — б.э.д 2400 жылда өмір сүрген Нианххнум мен Хнумхотеп деген дерек бар. Олардың мазары 1964 жылы Египетте жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған. Онда «фараон тырнағының шеберлері мен күтушілері» деп жазылған /Ерёмин В, О Марусе Климовой и другие истории из мира интриг и интриганов/.
Ежелгі кезде фараондар тырнақтарын қынамен бояған. Одан бері тырнақ күтімінің технологиясы дами түсті: 1925 жылы лак пен оның кетіретін сұйықтық шықты. Ал бірінші сұйық лакты Max Factor компаниясы шығарды. Ол 1934 жыл болатын. 80-жылдары тырнақты жасанды жолмен өсіру әдісі пайда болды.
Маникюр түрлері
Күн өткен сайын әрбір тырнақ шебері өз технологиясын енгізіп, жаңа үлгілер шығарып жатыр. Қазіргі таңда маникюрдің танымал әрі сұранысқа ие деген бірнеше түрі бар.
Классикалық маникюр. Тырнақ айналасындағы артық тері арнайы қайшымен кесіп алынады.
Еуропалық маникюр. Маникюрдің бұл түрінде шебер теріңізді қиып алмайды, тек апельсинді таяшалармен кері итеріп қояды.
Аппаратты маникюр. Тырнақ көбесі арнайы құрылғының көмегімен алынады. Бұнда қолды қанату қаупі аз. Сол себепті ең қауіпсіз маникюр деп есептеледі.
Француз маникюрі (френч) — арулардың арасында сұранысқа иә және бағасы салыстырмалы түре қымбат дизайн. Онда тырнақтың негізгі бөлігі ашық қызғылт және сарғылт түсті лакпен, ал ұшы немесе өскен бөлігі ақ түсті лакпен боялады. Сол себепті де кез келген стильдегі киіммен үйлесе береді. Оны ORLY компаниясының негізін салушы Джеф Пинк 1976 жылы ойлап тапқан.
Америка маникюрі. Бұл — нағыз сәнқойлардың таңдайтын стилі. Себебі лак пен ерін далабының түсі бірдей болуы керек.
Жапон маникюрінде тек табиғи құрылғылар пайдаланылады. Бірінші теріні жұмсартып, тырнақты пайдалы сұйықтыққа салады, кейін егеп, арнайы опа жағады.
Испаниялық маникюр. Ерекшелігі — лакты бірнеше қайтара жағу және түс қанықтығы. Тырнаққа әр түсті лактарды кезектестіріп, бірнеше қабат қылып жағады. Сонда пайда болатын түрлі-түсті жолақтар тырнақ пішінін ұзын етіп көрсетеді.
Ай маникюрі. Тырнақтың түбі негізгі лактан өзгеше түспен боялады. Алғашқы болып бұл дизайнды Dior модельдері 2010 жылы қолданды. Сол себепті кейде «Dior маникюрі», немесе «Голливудтық френч» деп те аталады.
Емдік маникюр. Тырнаққа бірінші ылғалдандырушы сұйықтық, кейін емдік лак жағылады.
Гель лак — маникюрдің ұзақ сақталатын түрі. Онда құрамында гель бар лак қолданылады, арнайы ультракүлгін сәулелі шамы бар құрылғыда кептіріледі. Тырнақтары сынғыш, әлсіз ханымдар маникюрдің осы түрін жиі таңдайды.
SPA-маникюр. Бұнда тек тырнаққа ғана емес, терісіне де мән беріледі. Қолға емдік, ылғалдандыратын, жұмсартатын майлармен массаж жасалады.
Экспресс-маникюр. Уақыты тығыз ханымдар үшін маникюрдің осы түрі тиімді. Бірақ қолды суға салып жібітпейді, артық терілер алынбайды. Тек теріні жібітетін май жағып, маникюр таяқшасымен итереді. Тырнақтың пішінін түзейді. Лакпен боямайды. Сол себепті де көп уақыт алмайды.
Nude. Лак түсі тырнақтың, терінің табиғи түсіне жақын болады.
Nail-art өнерін атап өтпеу мүмкін емес. Ол — қағазға майлы бояумен сурет салғандай, тырнаққа арнайы қылқаламдар арқылы лакпен сурет салу. Қазіргі уақытта қыз-келіншектер көбінесе ортан терек пен шылдыр шүмектеріне сурет салғызғанды ұнатады.
Маникюр дизайндарын қайдан қарауға болады?
Маникюр дизайндарын Instagram желісіндегі бірнеше парақшалардан қарап, өзіңізге ұнағанын таңдап алуға болады. Оның артықшылығы — таңдау көп, кемшілігі — тырнақ шеберіңіз бұл дизайнды жасай алмауы мүмкін. Дегенмен, қарапайым әрі әдемі үлгілерді таба аласыз. Назарларыңызға сондай бірнеше парақшаларды ұсынамыз.
Тырнаққа геометриялық фигураларды салу, ірі тастар жабыстыру, сөздер жазу, «фольга» және «мысықкөз» маникюр — биылғы жылдың сәні.
Маникюр зиян емес пе?
«Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сөздің маникюрге де қатысы бар. Себебі гельді лак жақтырсаңыз, ультракүлгін сәулелі шамда кептіресіз. Нью-Йорк медицина университетінің ғалымы Крис Адиган аталған шамның теріге әсерін зерттеп, оның терінің қатерлі ісігіне шалдықтыруы мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге тырнаққа лак жағарда оның беті тегіс болуы үшін жұмсақ егеуішпен егеледі. Бұл тырнақты жұқартып жібереді. Одан бөлек маникюр құрылғыларынан түрлі жұқпалы ауруларды жұқтырып алу қаупі бар. Сол себепті де сұлулық салонына барғанда шеберіңізден құрылғыларын зарарсыздандыруды талап етіңіз.