Фитнесті бүгіннен бастау керек
Денсаулыққа мән беріп, финтеске келу адамның өзіне, алға қойған мақсаттарына байланысты. Егер өзімді өзгерту арқылы өмірімді өзгертемін деп шешсе, ол адамға фитнеспен айналысуға ештеңе кедергі бола алмайды. Жалпы, кез келген адам жылдың басында алдағы өмірін жоспарлап, мақсат қойып отырғандығы дұрыс. «Осы жылы қандай жетістіктерге жетуім керек?», «Қандай тілдерді үйренуім керек?», «Дене-бітімімнің қандай болғанын қалаймын?», «Айнадан кімді көргім келеді?» деген бірқатар сауалдарға жауап бергені жөн. Менің ондай таныстарым өте көп. Бір досым әр күніне үш кішігірім мақсат қойып отырады. Соны орындау үшін алға ұмтылады. Жаттығу залына барады, тіл меңгереді, одан бөлек екі бизнесі бар. Мінекей, осындай бір нәрсеге жетсем деген ниет болса ғана адам орнынан қозғалады. Әйтпесе, жаттығуды «әне бастаймын, міне бастаймын» деп, күнде ертеңге қалдырамыз, қала берді алдағы «дүйсенбіден бастаймын» деп өзімізді алдаймыз. Осылайша, «еріншектің ертеңі бітпестің» күйін кешеміз. Сондықтан дәл қазір бастау керек.
Фитнеспен айналысуды неден бастау керек?
Ең бірінші мақсат — жаттығу залына жетіп алу. Көп адамдар «менің спорттық костюмім жоқ», «кроссовкиім жоқ», деп залға бармаудың сылтауын іздейді. Оны алған соң, «ой, менің басқа шаруаларым шығып қалды. Фитнеске әзір уақытым жоқ» деп тағы бастайды. Сол себепті денсаулығыңызға, дене бітіміңізге көңіл бөлу туралы ниет пайда бола салысымен, ештеңеге қарамастан, жаттығу залына жетіп алу керек. Жетіп алса, ары қарай бастап кетеді. Әйтпесе, күн сайын, тіпті секунд сайын сылтау табыла береді.
Кейде омыртқа жараларына немесе басқа да бір себептерге байланысты ағзаға қатты күш түсіруге болмайды. Сол себепті фитнеске келер алдында дәрігерге қаралып алған жөн. Бұл — кеңес. Егер өзіңізді жақсы сезініп тұрсаңыз, ол — басқа әңгіме.
Міндетті түрде жаттықтырушы керек
Көп адамдар жаттығу залына өздері келіп, білген жаттығуларын жасап жатады. Әрине, бұл — бір жеңіс. Дегенмен жаттықтырушының көмегіне жүгінген жөн. Өйткені әр саланың, мейлі ол бокс, фитнес, теннис болсын өз техникалары бар. Оны меңгеру үшін міндетті түрде жаттықтырушының көмегі керек. Мысалы, менің теннис ойнағым келеді. Кортқа барып, өзім ойнасам, онымнан ештеңе шықпайды. Өйткені, техникасын білмеймін. Ал жаттықтырушы дұрыс жолын, қалай ойнау керек екенін көрсетеді. Екі-үш ай болса да, жаттықтырушымен дайындалу керек.
Жаттықтырушы сізге арнайы бағдарлама әзірлейді. Ол оңай жаттығулардан басталады және әр апта, ай сайын өзгеріп тұрады. Өйткені денеміздің бұлшық еттері бір салмаққа үйреніп кетеді. Сондықтан салмақтарды көбейтіп, жаттығуларды өзгертіп тұру керек.
Фитнес жаттықтырушыны қалай таңдаймыз?
Жаттықтырушының бодибилдинг саласында тәжірибесі мол, білімді болуы керек. Елімізде оған оқытатын арнайы мектептер бар. Дене шынықтыру саласында білімі болғаны дұрыс. Сонымен бірге, жарыстарға қатысқан болса, тіпті керемет.
Шыны керек, қазіргі кезде елімізде аталған талаптарға сай келетін фитнес жаттықтырушылары жетіспейді. Сол себепті, фитнес залдар келген адамды жаттықтырушылыққа қабылдай береді.
Фитнеспен айналысудың ең тиімді уақыты
Таңғы 06.00-дан түнгі 23.00-ге дейін жаттыға беруге болады. Әрине, таңғы уақыт өте тиімді. Денеміз демалып, ұйқымыз қанып тұрғанда жаттықсақ, күні бойы сергек жүреміз. Оған мүмкіндік болмаса, кешкі 21.00-22.00 аралығында да жаттыға беріңіз. Ал сағат 00.00-ден кейін жаттығудың қажеті жоқ. Ол ағзаға өте зиян. Бұл уақытта денеміз демалып, ұйықтауымыз керек.
Бір күнде 45 минуттан 2 сағатқа дейін жаттығуға болады. Бірақ кейде адамдар бұл нормаларға қарамастан, күніне 4 сағат, 6 сағаттан та дайындалады. Көбінесе бір жарыстарға дайындалу кезінде солай істеуге болады. Бірақ жаттығуды жаңа бастағандар үшін тез арықтаймын деп, 3 — 4 сағат дайындалу — зиян. Мысалы, мен күніне 2 — 2,5 сағатымды ғана жаттығуға арнаймын.
Жалпы, жаттығуды бір күн сайын жасап отырған дұрыс. Себебі, ағза демалуы керек. Бір айдан кейін ғана көбейтуге болады. Арықтағысы келген адамдарға аптасына 5 — 6 рет дайындалса, көбірек жүгіріп, кардио жасаса, нәтижесі жақсы болады. Керісінше, толамын дегендерге аптасына 3 — 4 рет жаттығу жетікілікті.
Жаттығу кезінде өте көп энергия кетеді. Кейбіреулердің басы айналып, құлап қалуы мүмкін. Оның алдын алу үшін фитнестен 1-1,5 сағат бұрын алма, банан сынды энергия беретін тәтті тағамдар жеп алған дұрыс.
Мен бәрін күрестен бастадым
Кішкентай кезімнен бастап спортқа әуеспін. Күрестен бастап, дзюдо, еркін күрес, бокспен айналыстым. Өзімді әр салада көрдім. Соңында бодибилдингке тоқтадым. Өйткені өз денеңмен жұмыс істейсің, салмақтарды өзің қоясың. Сонымен бірге жетістігіңді айнадан көруге болады (жымиды). Сондықтан ол — әр адамға пайдалы спорт.
Көп жұлдыздарды жаттықтырдым
Әншілер, актерлер, журналистер өте көп келеді. Өйткені актерлерге кино түсіріліміне дейін салмақ қосу керек болады. Жақында актер Еркебұлан Дайыровты «Қазақ хандығы» фильміне дайындадым. Ол кісіге салмағын 100 келіге жеткізу керек болды. Екі айдың ішінде 20 келі қостық. Кәдімгідей қиналдық (күліп). Берік Айтжанов та қазір бір фильмге дайындалып жатыр. Бір жарым ай уақыты бар екен. 7-8 келі бұлшық ет жинауы керек. Ал әншілер көп жағдайда бейнебаян түсіру үшін арықтауға келеді.
Жалпы, менімен бірге жаттығудың бағасы 100 доллардан басталады.
Әкем фитнес арқылы сауығып келеді
Көп адамдарға фитнеспен айналысуға мотивация бердім. Туысқадарым спортпен айналыса бастады. Әкем қант диабетімен ауырған. Қазір спортпен айналысып, өзін жақсы сезініп жүр. Жарты жыл айналысып, тексерілгенде, анализдері өте жақсы нәтиже көрсетті. Анам да күн сайын жүгіреді.
Фитнес туралы миф көп
«Ішінің майын кетірмек болып, өздігінен жаттыққан адам арықтамайды, керісінше сол майы қатайып, бұлшық етке айналып кетеді» деген миф бар. Оған сенбеңіздер. Ол адамның табиғатына байланысты. Біреулерде май ішке, екіншісінде бетіне, аяғына жиналады. Ал бас салып, ішке арналған жаттығуларды жасап, арықтаймын деу — бекер. Себебі іште май болса, демек басқа мүшелерде де май бар деген сөз. Жалпы, майдың екі түрі болады. Бірі — тері астындағы, екіншісі — ішкі май. Сол себепті салмақ тастап, арықтау үшін жаттығумен бірге дұрыс тамақтану керек. Жетістіктің 70%-ы соған байланысты. Қалған 30%-ы — дұрыс жаттығулар.
«Жаттығу алдында қарбыз шырынын ішсе, бұлшық ет ауырмайды» деген миф бар. Бұл — 100% шындық емес. Арықтағысы келгендер кардио-жаттығулар жасағандықтан, оларда қатты ауырмауы мүмкін. Ал, салмақ қосқысы келетіндер бодибилдингпен айналысқандықтан, бұлшық еттері міндетті түрде ауырады. Себебі, ауыр салмақтармен жұмыс істегенде бұлшық еттер микрожарақаттар алады. Олар қалпына келуі үшін тағамдарымызда ақуыздар, көмірсулар болуы керек.
«Жақсы жаттықтырушыға барсам, тез арықтаймын» деген ұғым бар. Ол да қате. Жаттықтырушының сізге берген бағдарламасын орындап, дұрыс тамақтансаңыз, залға денеңізді қыздырып келсеңіз ғана нәтиже болады.
«Фитнеспен айналысып, тастап кетсе, тез семіріп кетеді» деген де — миф. Бәрі дұрыс тамақтануға байланысты. Сіз жаттығып жүргенде қанша тамақтансаңыз, ағзаңыз соған үйреніп алады. Жаттығуды тастағанда да сол уақытта, сол мөлшерде ғана тамақтану керек. Ал бейберекет уақытта, мөлшерінен асырып тамақтансаңыз, әрине, толып кетесіз.
Негізі, фитнесті бір бастағаннан кейін оны тастамаған дұрыс. Өйткені тастап кетсеңіз, бұрынғы энергияңыз болмайды. Жаттығу жасап жүрген кезде энергияңыз тасып, көңіл-күйіңіз көтеріліп, ұйқыңыз жақсы болады. Ал тастап кетсе, бәрі керісінше болып кетеді.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.