Басты бетБастыҚазақ балуаны...

Қазақ балуаны Қытай атынан Рио олимпиадасына барады

Биыл наурызда Астанада өткен күрестен Рио олимпиадасына Азия елдері арасындағы іріктеу жарысында Ерланбек Кәтейұлы олимпиада жолдамасын иеленді. Қытай құрамасы балуаны алдымен Содикхожа Исмоиловты (Тәжікстан), Шого Маеданы (Жапония) жеңді. Ал шешуші кездесуде бұрын Ресей құрамасы сапында Еуропа чемпионы болған, қазір Бахрейн азаматтығын алған Адам Батыровты ұтты.

– Азия және әлем чемпионаттарына қатыстым. Олимпиадаға алғаш бара жатырмын. Енді тек соған дайындаламын. Биыл мен үшін екі ірі жарыс бар. Олимпиададан кейін күзде Қытайдың ішкі спартакиадасы өтеді. Ол жарыс Қытайда олимпиададан кейінгі беделге ие, — дейді балуан.

Ерланбек Кәтейұлы Қытайдың Алтай аймағы Қызылтас ауылында туған. Ол 2010 жылы Қытай біріншілігінде 65 килограмм салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанып, осы елдің ұлттық құрамасына алынған. Ол қойшы шаңырағында дүниеге келгенін, бала кезден қой бағып өскенін айтады.

– Алты ағайындымыз, мен кенжесімін. Күресті кешірек бастадым. Басында ата-анам қарсы болды. Бірақ қой бағудан шаршап, күреске бет бұра бастадым. Ішкі Қытайдағы күрес орталықтарына бардым. Сол жерде күреске түпкілікті бет бұрдым, — дейді балуан.

Ерланбек қазір Қытайдың Лянчжоу кентінде әкесі және ағайындарымен бірге тұрып жатыр. Анасы екі жыл бұрын дүние салған.

Ерланбек Кәтейұлы Қытай чемпионатында еркін күрестен 65 килограмм салмақта бірнеше мәрте чемпион атанған.

2011 жылы Астанада өткен Лондон олимпиадасына іріктеуде Ерланбек ширек финалда Қазақстан құрамасы мүшесі Ақжүрек Таңатаровтан (осы олимпиаданың қола жүлдегері – ред.) жеңіліп, жолдамасыз қалды. Бұл оның олимпиада ойындарына жасаған алғашқы қадамы еді.

– Ақжүрек менің қазақ екенімді соңына дейін білмеді. Тек ол финалға дейін жетіп, жолдама алған сәтте жанына барып, қолын алдым. Ақжүрек қазақша сөйлегеніме таңғалып, «қазақ екенсіз ғой» деп иығымнан қақты, — дейді ол.

Ерланбек Кәтейұлы әлемдік жарыстарда Қазақстан балуандарымен бірнеше рет кездескен. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген.

Осы жарыстың бірінші айналымында ол қазақстандық Дәурен Жұмағазиевті жеңіп, ширек финалда үндістандық, Лондон олимпиадасы қола жүлдегері Йогешвар Дуттан жеңіліп қалған. Ал қолаға таласта солтүстік кореялық Кан Чин Хукты жеңді. Бұл Ерланбек Кәтейұлының халықаралық жарыстағы алғашқы медалі еді.

– Балуан кілемге бірнеше жыл бойы төккен тері мен жаттығу нәтижесін көру үшін шығады. Бұл – спорт. Сондықтан кілемге шыққан кез келген спортшымен спорттық ережеге сай белдесу керек. Дәуренмен Азия ойындарында шықтым және жеңіске жеттім, — дейді Ерланбек.

2014 жылы Азия ойындарында қола алғаннан кейін Қытай бапкерлері оны Лас-Вегастағы әлем чемпионатына жіберді. Ол алғашқы айналымда түркиялық Мұстафа Каяны жеңгенімен, екінші айналымда америкалық Брент Меткалфтан жеңіліп қалды.

Ерланбек Кәтейұлы спорттан алыстағысы келмейтінін айтады. Спортшы ретінде карьерасын аяқтаған соң бапкерлікпен айналысуды жоспарлап жүр. Балуан тарихи отаны Қазақстанға оралу туралы сұраққа «болашақ көрсетеді» деп жауап берді.

ДереккөзАзаттық