Шараның мақсаты – дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жөнінде халықтың, әсіресе мектеп жасындағы балалардың сауаттылығын арттыру, оқу орындарындағы оқушылардың денсаулығын сақтау мен нығайту үшін жағдай жасауға ықпал ету болып табылады.
Онкүндік аясында республиканың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында медициналық қызметкерлер арасында балалардың, оның ішінде мектеп жасындағы балалардың тамақтану режимі туралы, аурудың алдын алудағы дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жайында, тез даярланатын тағамдар азық-түліктерінің кері әсері туралы оқыту семинар-тренингтерін өткізу; диетологтардың, нутрициологтардың, эпидемиолог дәрігерлердің және рационалды тамақтану бойынша медициналық қызметкерлердің қатысуымен балалар консультациясын өткізу; дұрыс тамақтану машықтарын үйрететін жабдықтардың көмегімен интерактивті оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Балалардың тамақтану режимі мәселелері бойынша денсаулық мектептерінің жұмысы жандандырылмақ.
Білім беру ұйымдарында «Мен салауатты өмір салтын таңдаймын», «Ақылмен тамақтан», «Фаст-фуд – мен үшін емес» тақырыптарында диктанттар мен байқаулар өткізу; «Дұрыс тамақтану пирамидасы», «Дәрумендерге бай азық-түліктер туралы не білемін?», «Фаст-фуд – ағзаға пайдалы ма, зиян ба?» тақырыптарында интерактивті оқыту шаралары, дұрыс тамақтану, ыстық тамақтың маңыздылығы, тамақтану режимін сақтау, балалардың бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша ата-аналар жиналысын өткізу; «Дұрыс тамақтану. ДДҰ ұсынатын 12 қағида», «400 грамм көкеніс пен жеміс-жидек – денсаулықтың кепілі» тақырыптарында сынып сағаттарын өткізу; мектеп оқушылары арасында физикалық белсенділікті ұлғайту және денсаулықты нығайту мақсатында спорттық жарыстарды ұйымдастыру жоспарлануда.
Мектеп жасында дұрыс тамақтанбау – жүрек-қантамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, семіздік пен артық салмақ, қант диабеті ауруларының даму қаупін тудырып, ерте жастан мүгедектікке шалыну мен өмір сүру ұзақтығын қысқартуға әкеледі.
Онкүндікті өткізу – халықтың дұрыс және рационалды тамақтануы туралы сауаттылығын арттырып, оқушылардың бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.